Өндірістегі өзгеше тәсіл
- Толығырақ
- Жарияланды 19.07.2019 05:51
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1453
19.07.2019ж
Ауданымыздағы «Қамқорлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестік - қызылша тұқымын өсіретін республикадағы бірден-бір элиталы шаруашылық. Серіктестікте 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Олар жыл сайын қант қызылшасының тұқымын өсірумен айналысып жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Өткен жылы 7 тонна тұқым әзірлеп, Жамбыл, Алматы облыстарындағы тәтті түбір өсіретін өңірлерді сапалы тұқыммен қамтыған болатын.
Бүгінгі таңда тұқымның сапасын одан әрі арттыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып дамыған елдердің озық тәжірибелерін үйренуде.
Әлемдік деңгейде сапасы жоғары бағаланып жүрген шетелдік қызылша тұқымын өсірушілердің әдіс-тәсілін интернет желісі арқылы үйреніп өз шаруашылығын биік деңгейге көтеруді мақсат еткен «Қамқорлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Әлен Жолдасов мырза жаңалыққа жаны құмар азамат.
Ол жуырда аудандық –Аумақтық инспекциясы қызметкерлерімен бірлесе отырып қант қызылшасы тұқымының сапасын арттыру тәсілдерін қолға алды.
Атап айтқанда «Түйіршік тұқымының технологиясы» тақырыбында арнайы семинар өткізіліп, озық тәжірибені ғылыми жолмен жүзеге асыруда.
Тәжірбие көрсеткендей қызылша тұқымының сырты гербицит, тағы басқа тыңайтқыш сияқты микроэлементтермен байытылған. Заманауи тәсілдермен әзірленген қызылша тұқымы шетелдік тұқымдардан кем болмайтыны анық.
Бұл жұмысты осы саланың мамандары қадағалап іске қосуда. Микроэлементтермен байытылған қызылша тұқымының сырты маржан тәрізді болып өзгереді. Тұқымның сеялкадан себілуі, өніп шығуы есеп бойынша дәлме-дәл болатыны белгілі.
Биылғы жылы «Қамқорлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестік Алматы және Жамбыл облыстарының біраз аймақтарын қызылша тұқымымен қамтыса, алдағы жылдарда бұл ұжымда өндірілген тұқымға сұраныс көбейеді деп күтілуде.
Жұмағазы Нұрақынұлы.