Белжайлаудың беткейін шаттық толқыны кернеді

02.08.2019ж

Шілде  айының  27-і күні  Белжайлау төрінде аудан малшыларының тойы өтті. Аудан көлемін қамтыған бұл шараға барлық округтердің малшылары қатысты. Сондай-ақ жеке шаруа қожалықтардың басшылары, мал мамандары, округ әкімдері, сала басшылары мен ардагерлер  басқосқан  малшылар тойында өнерпаздар да болды.

     Кеңес заманында кеңшарлар мен ұжымшар малшылары жайлау  төсінде ірі көлемді  той жасап екінші тың еңбеккерлерінің мерейін өсіретіні баршаға аян. Соңғы он шақты жылдан бері мал шаруашылығындағы  еңбеккерлердің «шопандар тойы» деп аталатын мерекелік шарасына көңіл бөлінбей кетті.

   Міне, биыл барша қиындықты    артқа     тастап аудан көлемін қамтыған малшылар тойы Белжайлау төрінде өтті.

   Қатар-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер алыстан мен мұндалап көрінеді. Тайлы-тұяғымен жиналған малшылар қауымының қарасы көп.

   Ашық аспан астына жиналған көңілді көпшіліктің алдында аудан әкімі  Темірлан Бектасов баяндама жасады. Онда қазақтың кең байтақ далаға ежелден мал өсіруге қолайлы болғаны, сондықтан да ата-бабамыз осы кәсіп түріне ерекше мән бергені, бүгінгі таңда елімізде мал шаруашылығын заман талабына сай дамытуға ерекше қолдау көрсетіліп келетіндігі айтылды.

   Мал шаруашылығындағы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар берілуде.

   Сондай-ақ мал тұқымын асылдандыру жұмыстары атқарылуда. Аудан  бойынша жылдың 1 шілдесіне дейін 90 мың бас  сиыр, 402 мың бас қой мен ешкі, 22 мың бас жылқы, 316 бас түйе, 94 мың  бас құс бар екені тіркелген.

   Үкімет  тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар аясында несие жолымен мал сатып алып игілігін көріп жүрген азаматтар баршылық.

   Биылғы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 105 миллион теңгеге 191 бас ірі қара және 42 миллион теңгеге 1565 бас ұсақ мал сатып алуға шаруа  қожалықтары несие рәсімдеді.

   Мал  шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын   арттыруды    субсидиялау бойынша 41 шаруа қожалығы  37 миллион 767 мың теңге  субсидия алды. Сонымен қатар ауданда жайылымдық жерлерді  игеру, мал бордақылау алаңдарын ашу, жем-шөп базасын жасау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

   Биылғы өтіп жатқан малшылар  тойының мақсаты-төрт түлік өсіріп, ел байлығын еселеуге үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарына құрмет  көрсету, осы кәсіпті кеңейтіп, оны дамытудың жолдары туралы пікір алысу екендігін айтқан аудан әкімі Т.Бектасов  алдағы жылдарда да биік межеден көріну үшін мал өнімдерінің сапасын арттыру керектігін  түсіндірді.

   Сондай-ақ  барша  азаматтарға мықты денсаулық, отбасыларына бақыт пен береке, еңбектеріне табыс тіледі.

   Баяндамадан кейін аудан әкімі Т.Бектасов екінші тың еңбеккерлеріне бағалы сыйлықтар мен аудан әкімінің «Алғыс хаттарын» салтанатты  түрде табыс етті. Ұзақ жылдар бойы мал  шаруашылығында еңбек етіп, жаз жайлауда, қыс-қыстауда қажырлы еңбек етіп жүрген үшаралдық  Д.Белесбаев пен Б.Ахметжан қариялардың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

   Белжайлауда өткен малшылар  тойына «Ернар»  шаруа қожалығының басшысы Тасқын Жапарқұл, Әзкен Кәріпжанов  сияқты шаруа қожалықтарының  басшылары қатысып, малшыларына   сыйлықтарын  ұсынды.

   Малшылар тойында ұлттық ойындар: қыз қуу, аударыспақ сияқты жарыстар  өткізілді.

   Ауданымызға  белгілі «Жаркент әуендері» халықтық үлгілі ансамблінің өнерлері тамашаланды. Ансамбль әншілерінің салған әндеріне малшы қауым  шынайы ризашылығын білдіріп, қол соқты.  Ерік  Несіпбековтың орындауындағы Б.Жақыбаевтың  «Белжайлау сазы» әнінің өзі тыңдармандарын бір сілікінтіп тастағандай болды.

   Белжайлауда өткен малшылар тойына қатысушылар қатар-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлердегі кең дастарқаннан дәм татып аттанды.

Жұмағазы  Бейсебек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Панфилов ауданының «Құрметті азаматы».

 

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4840443