Өңір басшысы спортшыларды қабылдады
- Толығырақ
- Жарияланды 19.08.2019 09:59
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1296
16.08.2019ж
Жуырда спорт күні мерекесіне орай аудан әкімі Темірлан Бектасов спорт ардагерлері мен үздік спортшыларды қабылдап, жүздесу өткізді.
Кездесуге келгендерді жылы шыраймен қарсы алып, ізгі тілегін білдірген аудан әкімі Т.Бектасов спорт - елдің мерейін өсіріп, рухын асқақтататын қуатты күш. Ол әлемдік аренада кез келген мемлекеттің мәртебесін көтеріп, даңқын арттырады. Сонымен қатар спорт - денсаулықтың кепілі екенін айтты.
Бүгінде елімізде әлемдік жарыстарда бақ сынап, мемлекетімізді бүкіл дүниежүзіне танытып жүрген спортшыларымыз аз емес. Солардың қатарында ауданымыздан шыққан Нұрбақыт Теңізбаев, Демеу Жадраев, Қабунасыр Ғалым, Өсім Ақпейіл тағы басқа спортшыларымыздың есімдерін ерекше атауға болады.
Жаркент жерінде спорт саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, көптеген шәкірттерді баптап, халықаралық жарыстарда жеңімпаз атануына үлес қосқан спорт ардагерлеріне әрқашан құрмет көрсететіндігін және де спорт күнімен құттықтайтынын баяндай келе зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.Сондай-ақ аудан әкімі Т.Бектасов спортшыларға «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттарын» салтанатты түрде табыс етіп, ескерткіш сыйлықтар тарту етті.
Шара барысында жеке кәсіпкер, демеуші Серік Ақсубаев сөз алып, осы кездесуді ұйымдастырып отырған аудан әкімі аппаратына алғысын білдірді. Сондай-ақ спорт ардагерлері Н.Андреев, Ю.Ибрагимов, Ж.Жанболатов, жаттықтырушы І.Барманбековтер сөз алып ізгі тілектерін жеткізді. Дәл осы күні Головацкий ауылында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Қонашевтың ұйымдастыруымен бұқаралық спорттың алты түрінен жарыс өтті.
Ж.Бейсебек.