Келешекке кемел біліммен
- Толығырақ
- Жарияланды 03.09.2019 04:36
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1310
29.08.2019ж
Дәл осы тақырыппен тамыздың 27-сі күні аудандық мәдениет үйінде білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті. Шараға аудандық білім беру мекемелерінің басшылары мен оқытушылары, мекеме және сала басшылары, ардагер ұстаздар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жылдағы дәстүр бойынша өткен тамыз кеңесінде өңіріміздің білім, ғылым саласы сараланып, өткен оқу жылы толыққанды қорытындыланды. Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Роза Мағрупова ашып, күн тәртібінде қаралатын негізгі тақырыптармен қатысушыларды таныстырып өтті. Сондай-ақ, жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткен бірқатар мәселелерді мысалға алып, өзектілігіне назар аударды. Сапалы білім қарқынды дамудың басты кепілі екендігін тілге тиек етті.
Бірінші болып сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Бақышұлы жиынның маңыздылығын атап өтіп, ауданымыздағы білім саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді баяндады. Өңіріміздегі әрбір мектептер мен балабақшаларға жеке-жеке тоқталып, өткен оқу жылында орын алған олқылықтардың биылғы жылы қайталанбауы тиіс екендігін және берілетін білім сапасына, тәрбиеге айрықша көңіл бөлуге шақырды. Өткен оқу жылында аудан мұғалімдерін жаңартылған білім беру беру жүйесіне оқыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа жүйе бағдарламасы негізінде 1187 педагог кәсіби біліктіліктерін арттырғандығын айтты. Мектептердегі интернет жылдамдығының төмендігі, компьютерлердің жарамсыздығы сынды мәселелер биылғы жылдан бастап шешімін табатынын жеткізді.
Мұнан соң Крупская атындағы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Наталья Рыжкова мен Пенжім орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Анесь Ақжарқын жарыссөзге шығып, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Айшықты басқосу тамыз кеңесіне қатысқан білім саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімімен жалғасты. Марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хаты», Алматы облысы әкімінің «Құрмет грамотасы», «Білім-Өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының төсбелгісі, Алматы облыстық сайлау комиссиясының «Алғыс хаты», аудан әкімінің «Алғыс хаты», Білім басқармасының «Құрмет грамоталарымен» 51 мұғалім марапат алды.
Шара соңы мерекелік бағдарламамен жалғасын тауып, жиын қатысушыларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
А.ХАМЕТЖАНОВА