Қуантсаң баланы қуант
- Толығырақ
- Жарияланды 03.09.2019 09:49
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1505
28.08.2019ж
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, бас муфти Серікбай қажы Ораз Хазреттің тапсырмасына сай, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аудандық орталық мешіттің ұйымдастыруымен қайырымдылық акциясы болып өтті. Бұл акция ауданымыздағы тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға көмектесу мақсатында ұйымдастырылды.
Шараға ауданның бас имамы Серік Шәріп, ауыл мешіттері мен аудандық «Зекет» қорының өкілдері, имамдары қатысты. Аталған шарада қырықтан астам жанұядағы оқушы ұл- қыздарға мектеп формасы, спорттық киімдер мен оқуға қажетті оқулықтар, сөмке, қаламсап, дәптер сынды қажетті оқу-құрал жабдықтарын табыс етті.
«Мектепке жол» акциясы елімізде бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Басты мақсат – ел болашағы болған бүлдіршіндердің білім алуына, көп балалы жанұяның жаңа оқу жылына дайындалуына көмектесу. Ұлт болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін ескерсек, теңізге қосылған тамшыдай болған бұл әрекеттердің егеменді еліміздің ертеңгі болашағы үшін жасалып отырғанын естен шығармауымыз қажет. Мектепке өзіне қажетті киімдері мен оқу құралдарын түгендеген ұл-қыздардың жүздеріне қуаныш ұялап, көздерінен болашаққа деген үміт оты жанғаны көрініп тұрды.
Шара соңынан Ақжазық ауылының тұрғыны Тарас Оспанбеков, Жаскент ауылының тұрғыны Бабай Айнабековтер мектепке жол республикалық акциясы мен ҚМДБ-ның төрағасы бас мүфтиге алғыстарын айтып, өз лебіздерін білдірді.
Мәулен КЕРІМБЕКОВ.