Жұлдызы жанған жан

06.09.2019ж

Жазиралы Жаркент  өңірі  қандай  қазыналы аймақ болса,  сондай  жаны жомарт, жақсы мен жайсаңдардың мерейлі  мекені  де.   Тоғыз   Социалистік  Еңбек  Ері   мен  көптеген  ауыл  шаруашылығының  майталмандары шыққан суы   нәрлі, жері құнарлы алтын аймақтың  Кеңестер  Одағы кезінде  даңқын шығарғандардың бірі де бірегейі  -  Күләш   Айтжанова.

 

                Социалистік Еңбек Ері  Күләш  Айтжанова  Жаркент өңірінің даңқын асқақтатып, еңбек жолы мен өмір жолын қатар алып жүру тек ер азаматтардың ғана емес, нәзік жанды әйел азаматтары үшін де мүмкін екендігін еңбегімен дәлелдеген қайсар жан. Күләш анамыздың балалық шағы қиын-қыстау кезеңде өтті. Ұлы Отан соғысының зұлматты жалыны сол   дәуірдің                    жастарын еңбекке ерте баулып, жігері биік, қайсар, жомарт жан етіп тәрбиеледі. Солардың ішінде Күләштай абзал анамыз бар. Жастайынан еңбекке ерте араласып, қиын кезеңді өткізді. Ол тұста еңбек адамдары ерекше дәріптелетін. Абырой биігіне шығу - отырған орнымен емес,  атқарылған жұмыс нәтижесімен бағаланған еді. Өз ісінің нағыз шеберлері болса, ел алдында мерейі өсіп, абырой биігін бағындыратын. Лайықты орден тағып, одан әрі қанаттанып, самғап, биік белесті бағындыруға деген құлшыныс артатын. Әрине, ол кездегі жарқыраған орденді екінің бірі алмаған. Орден жүзден озған жүйріктерге ғана бұйыратын. Сондай  бағы  жанған  асыл  жанның  бірі  біздің  Күләш ана.

Біздер  әдетте   көңіл  көкжиегі  кең, көргені мен білгенін   сарабдал  сана    сүзгісінен   сұрыптап  өткізе  білетін  қазыналы   қарттарымыздың   кеудесін  жүрегі  жырға  толы  екен  деп әспеттеп  жатамыз.   Ол   орынды  да.  Сондай  жандардың  бірі – Социалистік   Еңбек   Ері   Күләш  Айтжанова.

                Қамшының сабындай келте ғана ғұмырда бір қолымен әлемді, енді бір қолымен сәби бесігін тербеген ана есімі қашанда ардақты әрі Ұлы есім. Ана отбасының ұйытқысы ғана емес, Отанның қорғаны, елдің тірегі. Мәселен, ұлтымыздың басына қасірет қонған замандардың өзінде әйел ана атойлап атқа қонып, елін, жерін қорғауды ердің ісі демей қайтпас қайсарлықтарымен қарсы тұра білген. Қазақ қыздарына тән қайтпас қайсарлық жан-жаһанға мәлім. Тарих беттерін қайта парақтап осы сөзімді  дәлелді етуге  мысалдар көп.

                Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде «Біздің батыр аналарымыз ел басына күн туғанда қолына қару алып жауға шапқан, ерлермен бірге     Отанын қорғаған. Өшпес ерліктерімен елдің санасында қалғанын бәріміз білеміз.Үлкен құрметке бөленген үлкен аналарымыз Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным, Зере әжелер парасаттың символы болып саналады. Бүгінгі Қазақстанның әйелдері сол парасатты жалғастыратын, жолын жалғайтын ізбасарлары. «Әйел – үйдің қазығы» деп әйелін, «Қыз өссе елдің көркі» деп қыздарын құрметтеген халықпыз. Осындай ықылым заманнан келе жатқан игі дәстүр қазірде жалғасуда» деп атап айтқан болатын. Шындығында қазақ тарихында өмірі ұрпаққа өнеге болатын, жаны жайсаң жақсы жандар, аяулы аналар көп. Олар ел құрметіне, ел ықыласына өзінің адал еңбегімен бөленген.

                Осындай абзал аналарымыздың бірі деп ауданымыздың мақтанышы, өңірдің дамуына өзінің айшықты үлесін қосқан жан ретінде Күләш апамызды айта аламыз. Жүгері өндіруде көшбасшыға айналған анамыз көпке үлгі-өнегесімен тәлімді тәжірибесімен үлгі болған. Мұнымен қоса ақылман ананың бойына біткен қарапайымдылық дейтін қасиеті қайран қалдырады. Болдым, толдым деп емес, аузынан шүкіршілгі үзілмей, жақсылықтың үнемі басы қасында жүреді.

                Алматы  облысы   мен  Панфилов   ауданының  «Құрметті  азаматы», даңқты  жүгері  өсіруші  Күләш  Айтжанова  апайымыздың  есімін  білмейтіндер  кемде-кем. Кеңестер  Одағы  кезінде-ақ  есімі  елге  танылған ардақты да аяулы жанның өмірі  мен  еңбегі  -  бүгінгі  жас  ұрпақтың  зердесінде.

                Бұл кісінің есімін бұрыннан естіп, біліп өстік. Дегенменде жақсы жанмен танысу осы ауданға басшылыққа келгенде бастау алды. Сол кезден бастап анамыздың өмір жолымен, еңбек жолымен толықтай танысып, ақылын тыңдап, ақ батасын алу бұйырды. Осының өзі мен үшін үлкен мәртебе болды.

               Сексен   жастың   биігіне  көтеріліп  отырған  абзал  анаға  осы  мерейлі   қуанышы  үстінде  ұзақ  ғұмыр, мықты   денсаулық, отбасына амандық  тілеймін. Ортамызды  толтырып, жастарымызға  жасампаз   үлгі  болып  жүре  беріңіз жүрегі жырға  толы  жан, - дегіміз  келеді.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4840463