Өңірімізге жаңа әкім тағайындалды
- Толығырақ
- Жарияланды 20.09.2019 03:43
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1303
20.09.2019ж
Панфилов ауданы активінің 2019 жылғы 12 қыркүйектегі жиналысына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов төрағалық етті.
Өңір басшысы актив жиналысы Панфилов ауданының жаңа әкімін тағайындау үшін жиналып отырғандығын айтып, бұрынғы аудан әкімі Т.Бектасовтың облыс әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалуына байланысты қызметінен босатылғандығын хабарлады. А.Баталов ауданды екі жылға жуық басқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқаны үшін Темірлан Амангелдіұлына алғыс білдірді.
Облыс әкімі сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және аудандық мәслихаттың депутаттары Панфилов ауданы әкімі қызметіне Талғат Әбенұлы Өмірәлиевті тағайындауға келісімдерін бергенін айта келіп көпшілікті оның өмірбаянымен таныстырды.
Талғат Әбенұлы Өмірәлиев 1961 жылы туған. Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Алматы облысы, Қаскелең ауданы, «Ақсай» ауылында «Ақсай» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауыты химпунктінің шебер-реттеушісі болып бастаған.
Әр жылдарда «Жетісу» кеңшарының бас инженер-механигі, аға инженер-бақылаушысы, «Шамалған» кеңшарының бас инженері, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары, «Дружба» кеңшарының директоры, «Достық» ассоциациясы басқармасының төрағасы, Қаскелең ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Сарқан, Талғар аудандарының әкімі, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі қызметтерінде болды.
2017 жылдың шілдесінен бастап 2019 жылдың 13 қыркүйегіне дейін Алматы облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі болып қызмет атқарған.
Актив жиналысында Т.Бектасов сөз алып аудан тұрғындарына шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ актив жиналысында сөз алған жаңа әкім Талғат Әбенұлы Өмірәлиев халық үшін қызмет етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру үшін көп жылдық іс-тәжірибесін пайдалана отырып, қызмет ететіндігін айтты.
Жиналыста Социалистік Еңбек Ері К.Айтжанова, «Ернар» шаруа қожалығының басшысы, ауданның «Құрметті азаматы» Т.Жапарқұл, ұйғыр этномәдени орталығының мүшесі Р.Тохтахунов, тағы басқалары сөз алып ізгі тілектерін білдірді.
Актив жиналысын облыс әкімі А.Баталов қорытындылады.