Еңбегімен ер атанған
- Толығырақ
- Жарияланды 31.10.2019 10:33
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1324
01.11.2019ж
Жазиралы Жаркент өңірі қандай қазыналы аймақ болса, сондай жаны жомарт, жақсы мен жайсаңдардың мерейлі мекені де. Тоғыз Социалистік Еңбек Ері мен көптеген ауыл шаруашылығының майталмандары шыққан суы нәрлі, жері құнарлы алтын аймақтың Кеңестер Одағы кезінде даңқын шығарғандардың бірі де бірегейі Күләш Айтжанова.
Қазанның 25 жұлдызында аудандық Мәдениет үйінде Алматы облысы және Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанованың 80 жасқа толуына арналған салтанатты мерейтойы өтті.
Салтантатты жиналыста аудан әкімі Талғат Өмірәлиев Күләш Айтжанқызын мерейтойымен құттықтап, облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтау хатын тапсырды.
Мұнан соң Алматы облысы және Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанованың өмір жолы мен өткен белестері жайында баяндалатын, «Өмір өткелдері» атты кітаптың тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартты.
Мерекелі шара барысында «Өмір өткелдері» кітабының авторлары мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы және Қостанай облыстарының «Құрметті азаматы» Рамазан Сәрпеков пен «Жаркент өңірі» газетінің директор-бас редакторы Бағдат Айтмұқаеваға аудан әкімі Т.Өмірәлиев құрмет көрсетті.
Жиналыста К.Айтжанованың еңбек жолы туралы «Қамқорлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» Әлен Жолдасов баяндама жасаса, Д.Рақышев атындағы халық театры көрініс көрсетіп, өнерпаздар ән-биден шашу шашты.
Мемлекет және қоғам қайраткері Р.Сәрпеков, ғалым, ақын, жазушы С.Дәуіт, Панфилов, Кербұлақ, Ақсу аудандарының «Құрметті азаматы» Ғ.Тұрғанбаев, ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы, ауданның «Құрметті азаматы» Р.Айсаев, Көктал ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Солтанқұлов, туыстары атынан Қ.Мұстапаев сөз сөйлеп, мерейтой иесіне деген ізгі тілектерін білдірді.