Сезімі - гүл, жүрегі - жыр
- Толығырақ
- Жарияланды 20.12.2019 11:00
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1275
20.12.2019ж
Жуырда қаламыздағы Еңбекші орта мектебінің акт залында осындай тақырып аясында аудандық «Жаркент өңірі» газетінің директор-бас редакторы, ақын-журналист, Желтоқсан оқиғасына қатысушы, сыншы С.Әшімбаев атындағы сыйлықтың иегері Бағдат Бейсенқызы Айтмұқаевамен мектеп оқушыларының жүздесуі өтті.
«Желтоқсанның мұзда жанған алауы» атты сахналық көрініс көрсетілген соң, жүздесу кешін Ұланбек пен Аружан жүргізіп отырды. Олар алдымен кештің құрметті қонақтары: аудандық білім бөлімінің әдіскері Ұлбала Жұмағұлқызы, ақын, «Жаркент айнасы» газетінің бас редакторы Молот Мұсаұлы, аудандық «Жаркент өңірі» газетінің тілшілері, ақын Құдайберді Құсайын мен журналист, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» Жұмағазы Бейсебек, Д.Рақышев атындағы «Өнер» мектебінің директоры Гүлнәр Дәнешқызы, Б.Назым атындағы орта мектебінің директоры Ширинай Шакирқызы, Бағдат Бейсенқызының інісі Бауыржан көпшілікке таныстырды.
Әдемі безендіріліп, кеш иесінің әдеби туындылары мен фотосуреттерінің көрмесі қойылған акт залындағы кездесудің алғашқы бөлімін осы кешті ұйымдастырушы, бастауыш сынып мұғалімі Анархан Асанова жүргізді.
Кеш иесіне Желтоқсан оқиғасы мен ақын-журналист шығармашылығы жөнінде сұрақтарын қойған Анархан Асановамен болған сырлы сұхбатта Бағдат Бейсенқызы әсерлі түрде әңгімелеп берді. Кеш иесі көпшілікке жүрегінен шыққан әдемі жыр шумақтарын ұсынды. Өз кезегінде 4 сынып оқушысы Диана, Бағдат Бейсенқызының «Туған үй» атты өлеңін мәнерлі түрде жатқа оқып беріп, кеш иесінің кітабына ие болды.
Кештің алғашқы «Сыр-сұхбат» бөлімін мектеп директоры Ғалымжан Рысбаев қорытындылады. Ол мектеп жанындағы ата-аналар тарапынан құрылған қамқоршылар тобының бүгінгі таңдағы жұмысы жайлы айтып, ата-аналарға шынайы ризашылығын жеткізді. Бұдан соң ата-аналар атынан Қарлығаш Зипарова, Д.Рақышев атындағы «Өнер» мектебінің директоры Гүлнәр Дәнешқызы, Б.Назым атындағы орта мектебінің директоры Ширинай Шакирқызы сөз сөйлеп, кеш иесіне баянды бақыт, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тілектерін жеткізді.
Бұдан соң көпшілік мектеп оқушыларының күшімен қойылған гала концертті тамашалады.Бұл ретте қыздар тобы орындаған «Қара жорға», «Испан биі», Салтанат» билері мен Әліби Сейітқожа, Диляр Әділжанов, Ерболат Бақбер, Ерке Марфуға, Інжу Тоқтарбай, Тұрғынбай Қайсар, Көркем Смағұл, Ербол Мерей орындаған әндер кештің көркіне көрік қосты.
Кеш иесі Бағдат Бейсенқызы өзінің өлеңдерін жатқа оқыған оқушылардың бір тобына кітаптарын сыйлады. Кешті қорытындылаған мектеп директоры Ғалымжан Рысбаев «Өнер» мектебінің директоры Гүлнәр Дәнешқызына, домбыра үйірмесін ұйымдастыруға үлкен үлесін қосқан Дариға Рамазанқызына, хореограф Меруерт Айтмолдақызына, вокалист Ақмарал Сапарқызы мен Раушангүл Әбдімомыноваға «Алғыс хаттарын» табыстады.
Өз кезегінде Б.Назым атындағы орта мектебінің директоры Ширинай Шакирқызы Еңбекші орта мектебінің директоры Ғалымжан Рысбаевқа естелік сыйлық табыстап, қызметіне толағай табыс тіледі. Бұдан соң кеш иесі-Бағдат Бейсенқызы сөз алып, мектептің ұстаздары мен оқушыларына шынайы алғыс сезімін білдірді.
Қ.Оспанұлы.