Алматы облысында еріктілер жылының салтанатты ашылуы өтті
- Толығырақ
- Жарияланды 15.01.2020 03:56
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1108
15.01.2020ж
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай, Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында «Біз бергеміз» атты еріктілер жылы салтанатты ашылды.
Шараның шымылдығы қазақ елінің тарихынан сыр шертетін және жалынды жастардың қарым-қабілетін танытатын бейнеүзіктер көрсетілімінен және заманауи бимен ашылды.
Ашылу салтанатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Зағипа Балиева, Омархан Өксібаев, Ерсұлтан Бектұрғанов, Марат Бопазовтар сөз алып, салтанатты шараның ашылуын құттықтап, қазақ елінің жастарына деген сенімдерін білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін айтты.Бүгін, міне, жер жаннаты Жетісуда көңілден шыққан істің басында жиналып отырмыз. Мен әрқашанда еріктілердің жұмысына ризашылығымды білдіріп келемін. Бүгінде облысымызда 1043 ерікті, 19 еріктілер ұйымы бар. Мен солардың бәріне облыс басшысы ретінде 2 миллионнан астам жергілікті халықтың атынан алғысымды айтқым келеді, – деген облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы еріктілер жылының ашылуымен көпшілікті құттықтап, алдағы уақытта олармен игілікті істі ортақтаса атқаратындығын айрықша атап өтті.
Сонымен қатар өңір басшысы өткен жылдың соңында Алматы қаласы маңында болған ұшақ апатына да еріктілер ең алдымен жетіп, өз қолдарынан келгенше көмегін аямағандығын, сол секілді елдің қуанышына да ортақтасып келе жатқан еріктілер жетерлік екенін тілге тиек етті. Кеш барысында облыстың түкпір -түкпірінен жиналған жастардың тың жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Оның ішінде, «Қолөнер оқыту курсы», «Ауылшаруашылық өндірістік кооперативі», «Автоеріктілер», «Еріктілер қозғалысы», «Ұлт аспаптар шеберханасы», «Еріктілер шыңы», «Етік өндірісі», «Қайта өңдеу «Шуақты қала», «Ешкі шаруашылығы», «Экология», «Жер телімдері. Жылыжай», «75 игі іс-шара», «BAQYT», «SELFiE PARK», «Future-IT», «Экопакет», этноауыл сынды бірнеше жобалар іске асқан болатын.
«Теd-talks» форматында өткен жиынға паралимпиадалық ойындардың қатысушысы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Серік Есматов, айтыскер ақын, тележүргізуші Жандарбек Бұлғақов, «Еріктілер лигасы» Қайырымдылық қоры төрайымының орынбасары Камила Зейналова, облыс әкімінің «Көшбасшы – 2018» Жастар сыйлығының «Үздік ерікті» аталымының жеңімпазы Ержан Дәулетбаев, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, ақын, «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі Мақпал Мыса, облыс әкімінің «Көшбасшы – 2019» Жастар сыйлығының «Үздік ерікті» аталымының жеңімпазы Жазель Дакубаевалар арнайы шақырылған.
Салтанатты шараның соңы эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
Гүлжанат Нұрасыл