Ауған соғысының ардагері
- Толығырақ
- Жарияланды 14.02.2020 10:21
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1159
14.02.2020ж
Жазылмас қайғы-қасірет әкелген Ауғанстандағы соғыстың саяси және тарихи бағасы әлі күнге берілген жоқ. Зұлмат соғыстың зардабы, жарақаты жазылды деуге де ертерек.
Соғысқа қатысқан 104 мыңның үстіндегі Кеңес әскерінің құрамында 22000 қазақстандық соғыс қимылдарына қатысты. Олардың 924-і жат жерде бақилық болып, 1015 жауынгер еліне мүгедек болып оралды. 21 адам мүлдем хабар-ошарсыз жоғалып кетті. 2265 қазақ жауынгері ерлігі үшін орден, медальдармен марапатталды. Солардың бірі Ауған соғысының ардагері - Айдар Нұрбеков.
1985 жылдың мамыр айында аудандық әскери комиссариатына әскер қатарына шақырылды да, Тәжікстанның таулы Бадахшан облысындағы Мургаб шекара отрядына түседі, ол жерде карантиннен өткеннен кейін, Алматы облысы Жамбыл ауданы Отар стансасында орналасқан №25717 әскери бөлімінде ЖӘҰМ-ның механик-жүргізушісі болып қайта даярлықтан өтті. 1986 жылдың басында Тәжікстанның Хорог ауданы Ишкашим елді мекені арқылы Ауған демократиялық республикасының шекарасынан өтеді. Ауғанстандағы шекарашылар тапсырмасы - Ауған-Пәкістан шекарасын қорғау барысында өзінің интернационалдық борышын адал орындап, 1987 жылдың мамыр айында аман-есен туған елге оралады.
Он сегізінде от кешіп, соғыстың алғашқы күнінен бастап ұрыс қимылдарына қатысқан Айдар Нұрбеков жоғары білім алып, жүрек қалауымен көп жылдар бойы Жаркент шекара отрядында қызмет жасады. Әскери бөлімде әртүрлі лауазымдарда әскери қызмет атқарып, 2012 жылы зейнеткерлікке шығады. Айдар Исраилұлы соғысқа қатысып ерен еңбек көрсеткені үшін «Жауынгер-интернационалист», «СССР қарулы күштеріне 70 жыл», «От благодарного Афганского народа», «10 жыл мінсіз қызметі үшін», «15 жыл мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерінің иегері.
-«Ауған соғысы ардагерлері ұйымының ұйымдастыруымен жыл сайын осы соғыс басталған 25 желтоқсан мен аяқталған 15 ақпан күндері «мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, тағзым етеміз»,-дейді Айдар бізбен әңгімесінде.
1979 жылғы 25 желтоқсан Ауған соғысының басталған күні ретінде тарихи датаға айналды. Ауғанстандағы соғысқа кеңес әскерлерінің қатысуы жөнінде қазір көзқарастар қаншалықты қарама-қайшылықты болып жатса да, Ауған соғысына қатысушылар өз борыштарын адал атқарған, антын бұзбаған жауынгерлер. Олар үшін сол соғыста қаза тапқан мыңдаған азаматтардың жауынгерлік борышы бәрінен де жоғары болғаны анық. Сондықтан біз Ауған соғысында бастарын өлімге байлап, ар-намысын жоғары ұстап, жат жердегі қайтпас күресте қаза тапқан боздақтар алдында бас июге міндеттіміз.
Ауған соғысының ардагері Айдар Нұрбеков бүгінде әріптестері мен достары арасында үлкен беделге ие. Өзінің қарапайымдылығымен, іскерлігімен ерекшеленеді. Кейінгі толқын іні-қарындастарына білгенін, өмірлік тәжірибесін үйретуден жалыққан емес. Ол сонымен бірге аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады. Сондай-ақ өткен жылы А.Исрайлұлының бастамасымен «Жат жерде от кешкендер» атты кітап жарық көрді. Бұл кітапқа ауған соғысына қатысушы жауынгерлер туралы ғұмыр-деректер енгізіліп, оқырман қауымға жол тартқан болатын. Ауған соғысында әскери борышын абыроймен атқарған, бүгінде еңбегімен ауданымыздың өркендеуіне үлес қосып жүрген, сол соғыста қаза тапқан және бейбіт күнде өмірден өткен жауынгер-ардагерлер туралы естелікке толы жинақ өскелең ұрпаққа отаншылдық рухты қалыптастыруға қызмет ететіндігіне сеніміміз зор.
Бағдат Бейсенқызы.