Арғымақ атқа мінсе де, арттағы жұрттан алыстамаған

13.03.2020ж

«Әншейінде әркім жомарт, ал қан базардың қақ ортасында тұрып бір сом берген жан нағыз жомарт» деген сөз бар халықта. Рас-ау! Жәй кезде жанқалтаңдағыны қағып беруге болады.

Ал, базардың аты – базар. Оған қу жаныңа керектіні іздеп барасың. Яғни, әр қара бақырың – қымбат, өзіңе           ауадай қажет. Сөйте тұра, сусап  тұрған сұрағанға әмияныңнан бір сомыңды суырып бере салу дегеніңіз... Бұл - енді шын мәніндегі жомарттық. Нағыз адами асыл қасиет. Тіптен тереңірек түйсініп, зерделей зейінге салсақ - ересен ерлік.

                Адамдар арасындағы қарапайым қарым-қатынастардағы осындай құйттай ғана қағиданы қоғамдық көзқарас тұрғысынан қарастырып көрейікші: «Ел тізгінін ұстап жүрміз» деп екпіндетіп жүргендер жыртылып-айырылады. Олар кешегі кеңестік кезеңде де көп болатын. Қазір де аз емес. Байқұс бұқараның табыс салығынан құралған бюджеттен жалақысын кертіп жеп, кекірік атып жүр. Мамыражай мезетте қалың елдің қамын жегенсіп, тілінің майын тамызады. Өтірік өбектеп, жалған жалбаңдайды. Ал ақиқатына жүгінсек, олардың көксегені – қу құлқынының қамы.

                Ондайлардың нағыз кейпі жоғарыда айтқанымыздай «қан базардың қақ ортасында», яғни, елдік мәселе сын тезіне түскен сындарлы сәтте айқындалады. Бет пердесі сыпырылып түсіп, шын сиқы белгілі болып қалады.

                Міне, дәл осы тұрғыдан таразылағанда біздің Нәкеңнің азаматтық тұлғасы өзгелерден оқ бойы озық көрініп, жарқын бейнесі жарқырай көзге түседі. Жалпы, онда бәрі болды. Мансап та, байлық та. Бірақ, ол мансабына мастанып, байлықтың буына бусанбады. Басқа деңгейлестері тәрізді «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп, әліптің артын бағып жүре тұруына да болар еді. Онысы үшін ешкім сөкпейтін де. Әйтсе де, санасындағы елдік сезім, бойындағы буырқанған күш маза бермеді, білем.

                Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңындағы өліара кезеңде ана тіліміздің абыройын арттыру жолында жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамдары құрыла бастады. Сол шақта ол да саясат сахнасына атойлап шықты. Әдетте, естелік жазушылардың дені «Ол атақты дала академиктерінің жанында жүріп үйренді, тәжірибе жинақтады» деп жатады ғой. Негізі, онысы рас. Алайда, ол басқалар сияқты дөй бастықтың ығында жүріп, ыңғайына қарай жығыла қойған жоқ. Жел жағына шығып, жақпай қалам-ау деп те ықпады. Атағы бүкіл одаққа әйгілі «Қазанның 40 жылдығы» агрофирмасының партком хатшысы бола жүріп Жаркент жеріндегі тұңғыш рет құрылған аудандық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болды. Қоғамның қорына алғашқы болып 100 мың сом аудартты. Бұл – сол кездегі өлшем бойынша өте ауқымды ақша. Осылайша қаржылай қолдау көрсетумен қатар халықтық қалпымыз бен жұрттық жөнімізді қалпына келтіру бойынша да көптеген істерді ілгерілетті. Қоғамның сөзжариясы – «Ұлағат» газетінің жарыққа шығып, онда әлеуметтік мәселелерді батыл көтерген жарияланымдардың басылуына дем берді. Жергілікті ақын-жазушы, өнерпаз өрендердің өрісін кеңейтуге қамқорлық жасады. Солардың арасында әсіресе, айтыс көгінде жасындай жарқ етіп, аққан жұлдыздай ерте сөнген Жандарбек бауырыма жасаған ағалық жақсылығы есімде ерекше қалыпты. Агрофирманың құрылыс саласына инженер болып қызметке орналасқан оның негізгі жұмысына қоса айтыскерлік қабілетін шыңдауына, өнер айдынында еркін көсілуіне барынша жағдай жасауға тырысты. Кейін де бойынан талант ұшқынын байқаған талай-талай талапты жастардың жігерін жанығанына баршамыз куә болғанбыз. Қысылтаяң кезде оларды шолақ белсенділердің талауына түсірмей қорған бола білгенін  де көргенбіз.

                Шер-ағаң, атақты Шерхан Мұртаза туралы аузы дуалы бір ағамыздың елдік, тілдік, ділдік мәселе талқыланған тұста «Ақырып теңдік сұраған» деген теңеуін оқыған едім. Осындай биік бағаға Нәкең де әбден лайық. Оның қарапайым халыққа деген шексіз сүйіспеншілігі, шынайы жанашырлығы тоқсан екінші  жылғы ақпан айында ауданда әлеуметтік әділетсіздікке қарсы қозғалыс қанат жайғанда қатты байқалды.  Күллі ауданның «қаймағы»  жиналған үлкен басқосуда мінбеде қасқайып тұрып: «Сіз ел мүддесін көздеп, батыл пікір айтқан азаматтардың басқан ізін тіміскілеп аңдығанды доғарыңыз. Одан да анау күннен-күнге күшейіп, өршіп бара жатқан қылмыскерлермен күресіңіз...» деп ішкі істер бөлімі бастығының өңменінен өткізе өткір сөйлеген. «Баяғыда бабаларымыз біреудің бүркіті жалп етіп қанатын қаққанда үріккен атынан ауып түсіп мертігіп қалған азаматтың құнын төлеткізген екен. Дәл солай жасамасақ та, осындай әділетсіздікке қарсы шыққан халықтың талап-тілегін талқылап отырған жиналыста айтуға тиіспіз. Ел білсін: «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы атқарушы болған Айтақын Срайылов бауырымыз тура сіздердің өктемдікке салып, тізеге басып өткізген жиналыс шешімінің құрбаны болды. Есіл азамат еріксіз күйіктен кетті...» деді күйіне сол кездегі аудан басшысының біріне саусағын безеп тұрып.

                Кейінірек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы болып  тағайындалған тұста сол кездегі облыс әкімі Заманбек Нұрқаділовтың арнайы қабылдауында болып келді. Екеуара елдік тұрғыдағы көп әңгімені қозғапты. Пікір алмасып, қадау-қадау  мәселелерді тереңірек талқылапты. Нақ сол кезде мен де қызмет ауыстырып, республикалық «Заң» газетінің меншікті тілшісі болып жаңадан жұмысқа кіріскен едім. Қызметтік куәлігімді көріп болғасын арасына ағайынгершілік қалпымен әмиянынан бір көк құлақты  суырып алып «көрімдік» деп салды да: «Тілші – елдің көзі, халықтың тілі.  Олардың көкейіндегісін тап басып танып, мұң-мұқтажын жарқыратып жазуларың керек» деп келелі кеңес айтқан еді сол кезде.

                Осы естелікті жазарда мен Нәби ағамыздың атқарған лауазымды қызметтерін санамалаудан саналы түрде бас тартып, кесек сөйлеп, кесіп айтқан пікірлерін арқау етіп отырмын. Әншейіндегі әспеттеуден гөрі осындай ірілік реңі, батырлық бейнесі емес пе – асыл азаматты өзге пенделерден өзгешелеп тұратын.

                «Ірілік» дегеннен шығады. Баршаның есінде болар, дүниенің астын үстіне шығарып, КСРО-дай алып елді быт-шыт қылып ыдыратқан орыстың  Борис Ельцин деген батыры. Ресейдің тұңғыш президенті болған сол тұлғаның атағы жер жарып тұрған шақта Жаркентке ауданымыздан шыққан тағы бір талант, есімі күллі республикаға мәшһүр қаламгер, белгілі қоғам қайраткері Армиял Тасымбеков келе қалған болатын. Сол тұста туған жеріндегі түрлі өзгерістер туралы толғана келіп «Біздің Нәби – «Жаркенттің Ельцині ғой» деген тосын да тапқыр теңеу айтып, бәрімізді тәнті еткен.

                Иә, Нәкең бірқатар шаруашылықта, фермерлік ұйымдарда, сонымен қатар аудандық деңгейде, партиялық органда басшылық қызмет атқару арқылы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына зор үлес қосты. Бұл бағыттағы еңбегі ұшан-теңіз. Ал халықшылдық қасиеті арқылы тындырғаны одан да зор. «Арғымақ атқа міндім деп арттағы жұрттан адаспа» демекші, ол мәнсаптың қаншама мәртебелісіне иек артса да артындағы қара орманы – халықтан қарыс қадам қашықтаған жоқ. Қажет кезінде лауазымдық қызметін тәрк ете отырып, қарапайым жұрттың сөзін сөйледі, мұңын мұңдады, әлеуметтік әділеттілікті орнықтырды. Сөйте тұра, буырқанған бұқараның беталбаты әрекет етпеуіне әсер етіп, лықсыған ашу-ызасын сабасына түсірді. Билік пен халықтың арасында алтын көпір болып, жағдайдың бақылаудан шығып кетпеуін қатты қадағалады. Сол бір толқымалы да шалқымалы тоқсаныншы жылдардың басында ауданда әлеуметтік әділеттіліктің орнығуында орасан зор рөл атқарды. Соның нәтижесінде туған елінің тілеуі қабыл болып, ауданның тұңғыш әкімдігіне өз перзенті тағайындалды. Жігері жасып, тауы шағылып жүрген талай азамат атқа қонды. Ең бастысы, туған еліміздің еңсесі тіктеліп,  ортақ мұратымыз – Тәуелсіздігімізді нығайту жолында  құлшына  еңбек  етуге  кірісті.

Біртуар Бауыржан  Момышұлының бір естелігінде бар еді: Қиыр Шығыста ғасырлар бойы өсіп тұрған қарағайлар қатты аяз қысқан кезде сол тіп-тік күйі көкке қарай ракеташа атылып, содан соң күл-паршасы шығып, шашылып түседі екен. Нәкеңнің де тосыннан тап келген қазасы осынау қасиетті ағаштың қастерлі жан кешуін есіме еріксіз түсіреді әркез. Елінің тілеуін тілеп, туған жердің төсінде тіп-тік жүрген ағамыз аяқасты ажал құшады деп кім ойлаған?! Жайшылықта одан жайдары жан болмайтын. Ал халықтық мүдде үшін қайшылық бола қалса, тағы да одан асқан айбарлы азамат жоқ еді. Қайран Нәкең - есіл ағамыз-ай! Елің мен жеріңнің қамы үшін жүрегіңе көп күш түсті-ау, сірә! Тура Сібірдің қарағайды қарсы айырған қатты аязы сияқты...

Нұр ӘДІЛ,

аудандық мәдениет

және  тілдерді дамыту       

бөлімінің  бас  маманы,

 Қазақстан  Журналистер

                                                                                                                                                                                                                                       одағының   мүшесі.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4841529