Отан үшін от кешкен соғыс ардагері Сембек Қожахметовтің өмірі өнеге

08.05.2020ж

Бүгінгі жарқын болашағымыздың-бейбіт өмірі ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен келген еңбегінің жемісі. Дүниені  дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына міне, бүгінде 75 жыл толып отыр. Қаншама қиындықпен келген ел егемендігін, біздің болашақ жастарымыз біледі, ұғынады және еліміз көркейіп әлі талай белестерді бағындыруына өз үлесін қосады. Елі үшін күрескен майдан ардагерлерінің есімі біз үшін ешқашанда ұмытылмайды.

 

         Осыдан 75 жыл бұрын соғыс Жеңіспен аяқталды, бейбітшілік  орнады. Соғысқа көптеген қазақстандықтар қатысты. Солардың ішінде біздің әкеміз Сембек Қожахметов те болды. Атамыз 1941 жылдың күз айында Ленинград майданында болды. Неміс командованиесі Ленинградты оңтүстік және  оңтүстік шығыстан және солтүстік батыстан фин әскерлерімен, біріккен күші арқылы қала маңындағы Кеңестік теңіз базаларын талқандап, КСРО-ны аса ірі өндіріс орталықтарынан айыруды көздеген еді. Осы қанды майдан 1944 жылдың 10 тамызына дейін созылғанын кейінгі ұрпақ жақсы біледі.

            Жамбылдың атақты «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі де сол жылдары  дүниеге келген еді.

            -Ленинградты қорғауға шақырған жалынды өлең майдан жауынгерлерінің, әсіресе қазақстандық жастардың жүрегіне жігер құйғанын ұмыта алмаймын,-дейді атамыз Сембек. Бүгінде атамыз  95-ке аяқ            басты.

            Мыңдаған қазақстандықтар Ленинград түбінде ерлікпен шайқасты. Фашистердің Шығыс майдандағы әскерлерінің жартысынан көбі осы Ленинград бағытына шоғырланған еді. Сол елеулі күшті талқандауға Сембек Қожахметов те қаны мен терін, қажыр-қайратын аямай үлес қосты.

            Ленинград майданы  аяқталып, Жеңіске деген сенім күшейген сәтте 1945 жылы 9 тамызда одақтастық міндеттемелерге сәйкес, соғыстың соңғы ошағы Жапонияға қарсы соғыс басталып, біздің атамыз-әкеміз Сембек Қожахметов те сол майданның бел ортасынан табылды. Қиыр Шығыста Жапонияға, қарсы соғысқан әскери бөлімдердің ішінде айрықша жанкештілікпен көзге түскен қазақстандық құрамалар еді. Шығыстағы қанды шайқас 24 күнге созылды. 1945 жылы 2 қыркүйекте Жапония жеңілгендігі туралы шартқа қол қойды.

            «Қызыл Жұлдыз», «I, II дәрежелі» Отан соғысы» ордендері мен «Жапонияны жеңгені үшін» медалі кеудесінде  жарқырап, туған жеріне аман-есен оралған Сембек Қожахметов бейбіт еңбек майданына да білек сыбана араласып кетті.

            Отан үшін от кешкен ардагер әкеміз өзінің өскен жерінде «Үздік милиция қызметкері», Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» деген абыройлы атақтарға да ие болды.

            Бүгінде Көктал ауылының тұрғыны Сембек Қожахметов жары Күмісқанмен шаңырақ көтеріп төрт ұл, бес қыз тәрбиелеп, қатарға қосты. Сол ұл-қыздарынан 30 немере, 11 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр. Біз әкемізді мақтан тұтамыз. Әкеміз бізді бала кезден адалдыққа, шыншылдыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке, патриоттық сезімге баулып өсірді. Соның нәтижесінде біздер әркез еңбек етуге құштарланып, жігерлі болып өстік. Осынау өнегелі ісімен әкемізге бұдан кейін де қажырлы  қайрат, денінің сау, шаңырағының шаттықта толуын тілей отырып, төмендегі жыр-шумақтарын арнаймыз:

Өрт алғанда аралығын   жер-көктің,

Отан қорғап, елің үшін   тер төктің.

Ленинград майданына    қатысып,

Жапония  жеріне де   кеп   жеттің,

Ерлік жасап өміріңнің   көшінде,

Ордень,    медаль   жарқырайды  төсінде.

Асыл  әке,  әрбір  ісің   ұлағат,

Ұрпақтарың мақтан етіп өсуде!,-деп ұл-қыздары мен немере-шөберелері аталарына мақтанышпен қарайды.

Бибігүл  Қожахметова,

аудандық емхана медбикесі.

Бұл ізгі тілекке ұлдары Қайрат-Алижаппар, қыздары

Бейбіткүл, Бақытгүл, Ақерке, келіндері-Гүлназ, Жанар,

немерелері-Қымбат, Абзал, Нұрбек те қосылады.

 

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4841864