Кербұлақ ауданында шөп шабу науқаны басталды
- Толығырақ
- Жарияланды 29.05.2020 10:37
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1076
29.05.2020ж
Кербұлақ ауданынының Матай тауының күңгей жағында орналасқан Басши ауылдық округінде көктем ерте шығатындықтан көп жылдық шөп шабу науқаны басталып кетті, деп хабарлайды «JETISÝ MEDIA» Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы ауданда, көп жылдық шөп алқабы 9741 гектарды құрайды. Оның ішінде, 1815 гектар алқап Басши ауылдық округінің үлесінде.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жалғас Мәлікұлы Қатжанов пен аудандық БАҚ өкілдері ауылдағы «Ұзынбұлақ» шаруа қожалығының жұмыс барысын бақылап қайтты. Жаздың бір күні, қыстың бір жылдық азығы демекші, олар малдарын жайлауға шығарысымен, суармалы жерлерге егілген көп жылдық шөптерінің алғашқы шабындығын жинауда.
Уақытысында суармалы жерді тиімді пайдаланып, шөпті құрғатпай «Біз біргеміз» деп ауыл жастарын асарға шақырып, білек сыбана қысқы мал азығын даярлауға кірісті.
Шаруашылық басшысы Тұранбек Алиевтің айтуынша, суармалы жерден күзге дейін төрт қайтара шөп шабылып алынады. Сонда аудан бойынша, жыл соңына дейін көп жылдық екпеден 48 000 тонна өнім жинап алу күтілуде.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8000 тоннаға артық, себебі мал санының өсімі жылдан жылға ұлғаюда.
«Мал азығын дайындау - үлкен ұйымдастырушылықты қажет ететін жұмыс. Науқанды бастамай тұрып, ауа райына көңіл бөлу керек. Себебі, шабылған шөп жауын-шашынның астында қалса, шөптің сапасы нашарлайды. Сол себепті, шөп шабу ауа райының қолайлылығын талап етеді»,-дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жалғас Қатжанов.