Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!
- Толығырақ
- Жарияланды 17.06.2020 03:34
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1087
17.06.2020ж
Құрметті Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері! Бүгінгі күнгі заманауи қоғамның өмір сүру деңгейі мемлекеттік басқару жүйесінің басты элементі - мемлекеттік қызметке байланысты.
Елімізде тәуелсіздік алған күннен бастап халық пен мемлекетке қызмет етуді бәрінен биік қоятын, кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға баса назар аударылып келеді.
Осы жылдар ішінде мемлекеттік қызмет жүйесінде үш реформа жүргізілді. Олардың барлығы мемлекеттің өзгеруі мен мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасуына тікелей байланысты.
Мемлекеттік қызметті институционалдау - Тұңғыш Президенттіміздің 1995 жылғы 26 желтоқсандағы заңдық күші бар «Мемлекеттік қызмет туралы» №2730 Жарлығынан бастау алды.
Аталған құжатқа сәйкес, мемлекеттік қызметтің қағидаттары, лауазымдар иерархиясы, қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері белгіленді, құқықтық мәртебесі анықталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізілді.
Дамудың келесі кезеңі 1997 жылғы 1-ші қазандағы «Қазақстан – 2030» Стратегиясын бекіту болды, оның барысында кәсіби үкіметті қалыптастыру ұзақ мерзімді басымдылық болып анықталды. Бұл міндет Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңды қабылдауымен іске асырылды. Яғни, бұдан былай мемлекеттік қызметшілердің іс-қимылын реттейтін дербес Заң пайда болды.
Бұған қоса, мемлекеттік қызметтің абыройын асқақтатып, қызметшілердің мотивациясын арттыру және оларға ерекше мәртебе беру үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің 2013 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығымен 23 маусым күні «Мемлекеттік қызметші күні» болып жарияланды. Сол жылы Елбасының актісімен «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі енгізілді. Төсбелгі кемінде 15 жылдық мінсіз еңбек өтілі бар, және мемлекеттік қызметтің дамуына үлкен үлес қосқан мемлекеттік қызметшілерге беріліп келеді. Бүгінгі күнге дейін облысымызда 26 мемлекеттік қызметші осы белгімен марапатталды.
Дамудың үшінші кезеңі «Қазақстан – 2050» Стратегиясын қабылдаудан бастау алды. Стратегияның мақсаттарына қол жеткізу барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданды. Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде 2015 жылдың соңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңы қабылданды.
Оның негізгі жаңашылдығы мемлекеттік қызмет жүйесінің аралас «позициялық мансаптық» моделінен «мансаптық» модельге өтуі болды. Сондай-ақ, кадрларды даярлау және ілгерілету жүйесі жетілдірілді, персоналды басқарудың қазіргі заманғы құралдары енгізіліп, мемлекеттік қызметшілердің сапалы құрамы арттырылды.
Осындай жүйелі реформалардың нәтижесінде бүгінде мемлекеттік қызметте меритократия, тиімділік пен қоғамға есеп берушілік қағидаттарына негізделген, бірегей модель құрылды.
Тарихқа көз жүгіртсек, дана халқымыздың «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөзі бар. Сондықтан, ұлт мәртебесін көтеріп, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет.
Осы орайда, өркениеттің өріне қадам басқан мемлекетіміздің ең басты тірегі, оның саясатын алға ілгерілетуші – Сіздерді, кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай келе, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс, отбасылық амандық, береке-бірлік және зор денсаулық тілеймін! Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын!
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы - Бейсеқұлова Ляззат Мұқатайқызы