МАЙДАНГЕРДІҢ ЕРЛІК ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ
- Толығырақ
- Жарияланды 01.07.2020 10:01
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1131
08.05.2020ж
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, қазақ елінің мыңдаған азаматы қолына қару алып майданға аттанды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін», – деген үндер сарбаздардың жауынгерлік ұранына айналды. Тарихи деректер бойынша 601 мыңға жуық қазақстандықтар соғыстан оралмаған болса, соның ішінде 350 мыңнан астамы қазақ ұлтының азаматтары екені мәлім.
Осындай майданнан оралмаған азаматтың бірі - Алматы облысы, Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылынан соғысқа аттанған Стамшал Жетенов. Ол 1923 жылы дүниеге келген. 1942 жылы жастайынан ұрысқа аттанғандықтан, отбасын да құрып үлгермеген. Стамшалдың ағасы Белғожа Асқарбеков те майданға барып, 1943 жылы бір аяғынан жарақат алып елге оралады. Қоңырөлең ауылында Белғожа ата партия комитетінің ұйымдастырушысы (порторг), жұмысшылар комитетінің басшысы (рабочком), аудандық тұтынушылар одағының (райпотребсоюз) басшысы қызметтерін атқарады. 1945 жылы жеңіс туы желбіреп, азаматтар туған жерлеріне оралғанда, Стамшал атамыз қаза тапқаны туралы қаралы хат та келмей, хабарсыз кетеді. Інісін күте-күте оралмасын сезген Белғожа ата оның аты өшпесін деп өзінің қызы Клараның тегін «Клара Стамшалова», – деп інісінің атына жаздырып қояды. Клара апай 1967 жылы Шымкент қаласына тұрмысқа шығады. Сол жылы Белғожа әкесі өмірден өтеді. Клара апайымыз із-түссіз кеткен әкесі Стамшал туралы жылдар бойы іздеумен болады. Тек биыл ғана немересі Мейіржан арқылы әкесі туралы Мәскеудің орталық архивінде сақталған мәліметтерді табады. Табылған құжаттарда Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылы 7 ақпандағы №017/н бұйрығында Джетенов Стамшал (құжат бойынша жазылып отыр) 263 Кеңестік атқыштар Дивизиясы неміс басқыншыларымен күрес майданында жауынгерлік тапсырмаларын мінсіз орындағаны және бұл ретте көрсеткен ерлігі үшін үшінші дәрежелі Даңқ Орденімен марапатталғаны туралы жазылған. Сонымен бірге, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 13 қыркүйектегі Орталық майдан әскері 81 атқыштар дивизиясының 467 атқыштар полкінің №24/и бұйрығы бойынша 3 миномет ротасының минаметалық бөлімінің командирі, сержант Джетенов Стамшалды неміс басқыншыларына қарсы ұрыстарда өзінің минометінің оғымен бірден жаудың 30-дан астам сарбаздары мен офицерлерін жойып, 2 атыс нүктесін жойған ерлігі үшін медалімен марапатталғаны жайлы деректер бар. Тіптен, 1945 жылы 20 ақпандағы құжатта оның қайтыс болғаны туралы да жазылған.
Стамшал атамыз туралы білетін туыстар, ауылдастардың барлығы өмірден өтіп кеткендіктен, ауыл тұрғындары арасында ешбір дереккөз қалмаған. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен, майданнан оралмаған майдангерлерге орнатылған Қоңырөлең ауылының орталық көшесінде орналасқан ескерткіш тақтасында Стамшал атамыздың аты жазылмай да қалыпты. Осындай көрсеткен ерліктері ескерусіз, аттары аталусыз қалған батырларымыз қаншама десеңізші. Майдангерлердің өзі өлсе де, олардың ерлігін өшпестей халық жадында мәңгілік сақтап қалуға атсалысу, оларды әркез ұлықтау парызымыз екенін естен шығармайық.
Ш. Уәлиханов атындағы
тарих және этнология
институтының
ғылыми қызметкері
БАЙЖҰМАНОВА Зәмзагүл Бекежанқызы.