ЖОМАРТ ЖҮРЕКТІ КӨПБАЛАЛЫ АНА

27.07.2020ж
Адамның адамдығын оның ісіне қарап тануға болады. Бүгінде қолында барын жасырып қалмай, қолынан келгенше мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап жүрген жандар қатары аз емес. Көмекке зәру адамға қол ұшын созып, жәрдем бергеннен ешкім жаман болмайды. Керісінше ғұмырындағы оң істер қатары артып, жақсы адамдар санатына қосылуға бір елі болсын жақындай түспек. Сондай жомарт жүректі жан ретінде көпбалалы ана Мейрамгүл Мұқаеваның есімін ерекше атап өтсек орынды болмақ.
Мейрамгүл Мұқаева ел басына күн туып, әлем елдері індет салдарынан әбігерге түсіп жатқан қиын кезеңде қолында барын қымтып қалмады. Ол аудандық аурухананың провизорлық бөлімінде ауырып жатқан науқастарға тегін саумал әкеп таратуда. Індет жұқтырғандар саны күрт артқан шақта оның емін іздеп түрлі әдістерді қолданып көрдік. Оның ішінде ата-бабаларымыздың көнеден келе жатқан халық емдері көмегін беріп, қастерлі ақ сусындарымыздың қадірін түсініп жатқанымыз баршаға белгілі. Қымыз бен саумалға деген сұраныс артқанда оған қол жетімділік қиындай түсті. Бірден бағасы шарықтап, оны тұтынушылар қатары көбейді. Тіпті ауылды елді-мекендерде халық кезекке тұрып жатқанын құлағымыз шалып, көзіміз көріп жүр. Осындай шақта Шолақай ауылының тұрғыны Мейрамгүл Мұқаева күнде таңертең ауруханаға 10-15 литр саумал жеткізіп жүр. Бұдан бөлек сауыншы апаның үйінен саумал ішетіндердің де қарасы көп. Көпбалалы ананың бұл ісі - нағыз ерлікпен пара пар десек артық айтқандық болмас.
Бүгінде бес бала тәрбиелеп өсіріп, немерелеріне жылқы малының пайдасын үйретіп жүрген сауыншы апамыз 1964 жылдан бері бие байлайды. «Қазір еліміз қиын кезді бастан өткізіп жатыр. Жерлестерім, жақындарым ауырып жатқанда менің қолымнан келетін көмегім осы. Саумал барлық ауруға шипа. Сондықтан ауруханаға көмек көрсетейін деп шештім»,-деген көпбалалы ана өз ісін осылайша түсіндірді. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері Төлеу Сарпеков болса, саумалдың науқастарға пайдасын беріп жатқанын айтады. «Қазір саумал келген бойда емделушілерге нормамен беріп жатырмыз. Осы орайда Мейрамгүл апамызға аурухана ұжымы атынан алғыс білдіремін»,-деді ол.
Айта кетейік, саумалдың адам ағзасына тигізетін шипасы зор. Ол ағзаға тез сіңіп, түрлі асқазан, ісік ауруларына ем. Сондай-ақ қан құрамын реттейді. Тіпті белсіздікті жояда дейді мамандар. Саумалдың құрамында белок, амин қышқылы, тез еритін май, оттегі және организмге керек кальций, натрий, фосфор, калий, темір, магний, бром сияқты минералдар, С, А, В1,В2, В6, В12, Е, РР дәрумендері бар. Жалпы саумалдың құрамында 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспалар бар екендігі анықталған.
«Кең болсаң, кем болмайсың» демекші, қиын кезеңде жақсылық жасауға асыққан жандардың көптеп табылып, көңілге жылу ұялатқаны жасырын емес. Ақ жаулықты анамыздың елім, халқым деп соққан жүрегі мен әппақ адал пейілі кім кімге болса да үлгі. Ауырған жандардың тілеуін тілеп, олардың тезірек сауығып, қатарға қосылулары үшін қолынан келген көмегін көрсеткен абзал ананың «науқастар емделіп шықса екен» деген тілеуі қабыл болып, індетпен арпалысқан осы бір кезең тезірек ұтымылғанын тіледік. Жақындарымызға жанашыр болуды ұмытпайық ағайын!
Ақмарал ХАМЕТЖАНОВА.
 
 
 
 
 
 

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4842166