ЖАҢА ЖОЛДАУ зор міндеттер жүктейді
- Толығырақ
- Жарияланды 07.09.2020 08:37
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 883
07.09.2020ж
Қыркүйектің 2-і күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активімен жиын өтті. Басқосуға ұйтқы болған басты себеп - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауындағы негізгі бағыттар мен бастамаларды талдап, талқылау және Жолдауда белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы ауданның атқарушы органдарының жұмыс бағыты болды.
Мемлекет басшысының ел экономикасын жақсартуға бағытталған барлық бастамаларының орындалуына атсалысу – өңір тұрғындарының негізгі міндеті болуы тиіс деген мақсатты көздеген жиын қатысушылары басқосуда айтылған ақпараттарды ұйып тыңдады. Алғашқы сөз кезегін аудан әкімі Т.Өмірәлиев алып, жиынға қатысушыларға Жолдаудың негізгі бағыттары мен Мемлекет басшысының Үкімет пен мемлекеттік органдардың алдына қойған тапсырмалары туралы кеңінен баяндап өтті. Өз сөзінде биылғы Жолдаудың маңызды бөлімдерден тұратындығын және белгіленген бағыттардың әрқайсысы нақты тапсырма түрінде берілгендігін атап, жиын қатысушыларын Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындауға бірге атсалысуға шақырды.
Депутат М.Тұрлыбеков Президент атап өткен негізгі тапсырмаларды, зардап шеккен шағын және орта бизнес секторларының барлық несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, бизнес ахуалды жақсарту және тағы басқа оңтайландыруға бағытталған бастамаларға қолдау білдірді. Сондай-ақ Талды ауылдық округінің әкімі, ауданның «Құрметті азаматы» М.Сейсенбеков және аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің аға әдіскері Б.Алексеева, шаруашылық жүргізу құқығындағы «Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны директорының орынбасары А.Күдерова, кітапхана ісінің үздігі, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Г.Ибраимова сөз алып, Жолдауда туындайтын тың істерді тілге тиек ете келіп, өз ой-пікірлерін білдірді.
Ендігі басты міндет – жұмысты жалғастырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру. Еліміздің өмір сүру сапасын арттыруға ықпалын тигізетін Жолдауды Жаркент жұртшылығы зор ықыласпен қабылдап, жүйелі істерді жұмылған жұдырақтай бірге атқаруға атсалысады деген сеніммен актив жиналысын тәмамдады.
Аудандық актив жиналысына қала, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме және бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ақмарал ХАМЕТЖАНОВА.