Тұғыры биік тұлға
- Толығырақ
- Жарияланды 22.02.2021 08:03
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1107
19.02.2021ж
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды.
Туған жер әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын мекені. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмның көріністерінің бірі.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Солардың бірі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері - Николай Никитич Головацкий.
Біздің ауыл – ерен еңбек иесі Н.Головацкийдің есімімен аталады.
Халқымыздың перзенті, екі мәрте Еңбек Ері, дала академигі, есімі Одақ көлеміне танымал болған Н.Головацкий 1912 жылы Украинаның Житомир қаласында дүниеге келген. Ұлты - поляк. Кеңес өкіметін орнату кезеңінде Қызыл армияның құрамында қызмет етіп, тағдыр-тәлейінің жазуымен Қазақстанның оңтүстік-шығыс шебіндегі жазиралы Жаркент өңіріне келіп, мәңгілік тұрақтапты. Соңына жарқын із қалдырған Н.Головацкий Жаркент қаласының солтүстігіндегі жергілікті халық «Шатырақ» деп атайтын қып-қызыл тасқа «Жастар» қалашығын салды. Алғаш ауылдың іргетасы 1974 жылы қаланыпты. Бас жоспары ерекше үлгіде жасалған ауылдың бір бөлігінде әкімшілік, әлеуметтік- мәдени нысандар тұрса, оған қарама-қарсы екінші бөлігі сәнді тұрғын үйлер еді.
Ауыл шаруашылығының шебер ұйымдастырушысы Н.Головацкий басқаратын «Октябрьдің 40-жылдығы» агрофирмасының шаруашылығы шалқып, берекесі тасыған сол тұста, жасыл желекке оранған осы «Жастар» қалашығы салынды.
Николай Никитич ұрпақтарына Жаскенттей қалашықты, ондағы іргетасы қаланған 1200 орынды мектеп, 40 орынды 2 қабатты қонақ үй, 3 орынды тойхана, 450 орынды сәулеті ерекше Мәдениет үйі мен жасыл желекті аманат еткен. Ауылдың білім ордасы Н.Головацкий есімімен аталады. Бүгінгі күнде мектепте шәкірттеріміз өз заманымыздың талап-дәрежесіне сай білім алуда. Мектепте 69 мұғалім білім беруде. Педагог-зерттеуші саны – 9, педагог-сарапшы саны – 7, педагог-модератор саны - 22. Білікті ұстаздардан білім алған ұл-қыздардың көпшілігі жоғарғы оқу орындарын тәмамдап, еліміздің сан салалы өміріне еркін араласуда. Мектеп оқушылары мен түлектері ауылымыз бен мектебіміздің абыройын асқақтатуда. Былтырғы оқу жылында 5 түлегіміз «Алтын белгіге» ие болса, биылғы жылы 3 оқушы үміткер.Облыстық «Дарын» ғылыми жобасында 9-сынып оқушысы Аяулым Шаяхмет «Ошаған өсімдігінің емдік қасиеттері» тақырыбында зерттеу жұмысын қорғап, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Гүлдене бер, Қазақстан!» ІV Республикалық туристік өлкетану-экологиялық зерттеу жұмыстарының конкурсына 11-сынып оқушысы Ұлбосын Бақытқызы қатысып, «Туризм - бұл біз. Экологиялық өлкетану» номинациясы бойынша III орын және «Қазақ спорт және туризм» академиясына 50% грантқа ие болды. Мектебіміздің география пәні мұғалімі Назым Шаяхмет облыстық «Әр географ - өлкетанушы» тақырыбы аясында «Менің ауылым» атты бейне-көрініс ұсынып, II-орынды иеленді. Осындай өскелең ұрпақ барда ер есімі мәңгі асқақтай бермек.
Тұлғасы тұғырлы, атағы аспан таудай ардагердің бірі, ауыл шаруашылық өндірісінің шебер ұйымдастырушысы, тіршілігінде даланың данагөйі атанған Николай Никитич Головацкийдің туғанына биыл – 109 жыл.
Артына айта жүрер аңызға бергісіз із қалдырған Н.Головацкийдің есімін біз қай кезде де зор мақтанышпен айтамыз. Оның өндіріс пен ғылымды ұштастыра отырып, озық тәжірибе қалыптастыруы, ғибратты ғұмыры – кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық жарқын жол.
Сәнді саябақ ішіне орнатылған даңқты шаруашылық басшысы Н.Головацкийдің қола мүсініне келіп, тағзым етушілер легі бүгінде сиреген жоқ. Ол даланың данагөйі болып, мәңгі ел есінде қалмақ.
Ж.Тезекбаева,
Головацкий атындағы
орта мектептің қазақ
тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі.