Сауабы үзілмейтін сауапты іс
- Толығырақ
- Жарияланды 06.05.2021 10:44
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1007
06.05.2021ж
Адам өмірінде сауабы үзілмейтін сауапты істердің ретін Алла тағала адамзат баласына асыл діні арқылы көрсетіп қойған. Дүние тіршілігінде пенде өзінің артынан ізгі іс қалдыруды қалайды. Бізге бұл дүниеде сауапты амал жасауға мүмкіндік мол.
Сондай шексіз сауаптың бірі - халыққа, қоғамға пайдалы болатын мешіт ғимаратын салу.
Қоңырөлең ауылдық округіне қарасты Бөрібай би ауылында орналасқан Бөрібай би ауылдық мешітіне жөндеу жұмысын жүргізуде сауапты іс жасап, ауыл азаматтары қолдау білдіруде. Мешіттің қайта жөндеу жұмыстарына ауыл тұрғындары, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан, осы ауылдан шыққан азаматтар демеушілік көрсетіп, көмек қолын созуда. «Туған жерге туыңды тік» демекші, ауылымыздағы мешіттің құрылыс жұмыстарын жөндеуде Жасұлан Дүйсенғалиев, Сырым Әкімбеков, Жігер Байтенов, Ерболат Тоқтасын, Азамат Садыков, Бекен Мағжан, Жанат Мұхаметжанов, Ерболған Батырбеков, Нұрбосын Күздікбаев, Руслан Баекеев сынды азаматтарымыз тегін жұмыс істеп, өздерінің қолынан келгенше жақсы айда жақсылық жасауда. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мешіт жанынан 50 орынды шағын хатымхана, қойма, дәретхана сияқты қосымша үй-жайлар салынып, айналасына тазалық жұмыстары жүргізілді. Мешіт - мұсылман қауымының Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш табатын, арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінәжат үйі. Мешітке келген қауым - Алланың қонағы. Алла Тағаланың пендесіне дұғада тілегенін беріп, құр қол қайтармайтыны тағы бар. Міне, осындай екі дүние бақытына жол көрсететін ғибадат үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Жалпы, мешіт салудың сауабы қаншалықты үлкен екені жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді (Тәубә сүресі, 18-аят).
Ең бастысы сауапты іс жасаймын деген азамат қайырлы істі атақ пен абырой алу үшін емес, Жаратушының разылығын алуды мақсат етеді. Елдің көркеюіне, халқымыздың діни және рухани дамуына, жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына үлес қосамын деген ниетпен қарқынды жүріп жатқан мешіт құрылысына мүмкіндігінше қол ұшын берген азаматтарымызға және Қоңырөлең ауылдық округінің әкімі Н.Әлімов мырзаға алғысымыз шексіз!
Т.Ыбыраймолдаев,
А.Қалиев,
Жаркент қаласы.