Балалармен бірге бар әлем қуанады
- Толығырақ
- Жарияланды 20.05.2021 12:57
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 850
20.05.2021ж
Бала - әрбір үйдің сәні мен мәні. Оның әр қылығы шаршағаныңды басып, көңіліңе жылылық ұялатады. Жаныңа қуаныш сыйлап, тәтті қылықтарымен көңіліңді бір марқайтып тастайтын да осы сүйкімді бүлдіршіндер.
Баланың өнер, білімге ұмтылуы - жарқын болашағымыздың кепілі. Білімді ұрпақ - ұлт болашағы. Ал бұл ретте баланы елін, жерін сүюге, ата-баба ерлігін ұмытпай, намысты ұрпақ болуға, патриотизмге баулу - әр азаматтың міндеті.
Жуырда осы мақсатта ұрпақ әсте ұмытпауы тиіс Ұлы Жеңіс күніне орай өңірде ҰОС арналған ескерткішінің алдында "Rakhym" мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын оңалту орталығының талабы таудай балалары мерекелік кеш қойды. Мерекелік бағдарлама ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Одан кейін балалар бірінен кейін бірі өз өнерлерін паш етіп, ортаға салды. Сүйкімді де нәзік Аяулым Жанат "Тәуелсіз қазақтың қызымын" деп әуелете ән шырқаса, талантты, өнерлі Сағи Мұхамер "Әке" әнін жан жүрегімен орындады. Дарынды бала Диас Каримов "Қызбала гүл" әнімен мерекелік кешті тамашалауға келген көрермендердің көңілін бір көтеріп тастаса, бойында еліне деген шынайы сүйіспеншілік пен патриотизмі асқақ Абылай Бекбатыр "Отан" туралы өлең оқып, көрерменді жігерлендірді. Өзі сүйкімді, нәзік қыз Гухарбанум Алымжанова "Ассаламуалейкум" әніне мың бұрала би биледі. Жүздерінен мейірім шуағы мен жылылық лебі есіп тұрған талантты, өнерлі, таудай талабы бар, арманы асқақ балаларға "Rakhym" мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын оңалту орталығында әлеуметтік, психологиялық, медициналық және түзету көмектері ұсынылады. Осындай әлеуметтік қолдау көрсетіп келе жатқан орталықта ем алып жүрген балалардың мерекелік кеште көрсеткен өнерлері әрқашан өрге жүзе берсе екен деген ізгі ниетіміз бар.
Б.Кеңесбай.