Зұлмат жылдар жаңғырығы мәңгі ұмытылмайды

27.05.2021ж

XX ғасырдың алғашқы 50 жылы әлемде соғыс, революциялық төңкерістер және саяси қуғын-сүргінге толы болды. И.Сталиннің қанды қол жендеттері ашық күнде өз халқының ішінен жау іздеп, азаматтарды жазықсыздан жаппай тұтқынға алып, заңсыз жауапқа тартып соттап, жер аударды, лагерлерге тоғытты, ату жазасына кесті.


Тек Кеңестер Одағында өткен ғасырдың 20-50-жылдары аралығында 40 миллионнан астам адам саяси құғын-сүргінге ұшырады. Солардың бәрі бірдей ажал құшпағанымен ешқайсысы да азап лагерлерінің тозағынан құтылған жоқ. Репрессияның шарықтау кезеңі болып табылатын 1937-1938 жылдардың өзінде ғана тұтқындалған 7 миллионға тарта адамның 1 миллионға жуығы ажал құшты. Ал, қазақ жерінде 103 000 адам саяси себептер бойынша тұтқындалып, оның 25 000 адамы атылып, қалғандары азап лагерлерінің адам төзгісіз тауқыметін тартты. Бүкіл түркі жұртына қорған болар көзі ашық, көкірегі ояу Алаш арыстарының бәрі жендеттердің оғынан ажал құшып, көбі ұрпақсыз қалуы себепті әлі күнге дейін тарихтың ақтаңдақтары ашылмай, жазықсыз жапа шеккендер ақталмай қалып отырғаны шындық.
Қолдан жасалған ашаршылық, жазықсыз жандарды жазалау шаралары белең алған кезеңде халқымыздың небір асылдарынан айырылып, ұлы дала төсі адам сүйегіне толып, абақты мен ату орындары қанға боялды. И.Сталин: «Біз тап жауларының көзін жоюмен шектелмейміз, олардың үрім-бұтақ, түп-тұяғына дейін құртамыз» дегенін Л.Берия мен И.Голощекин тағы басқалары еселеп жүзеге асырды. (Л. Млечин «КГБ-органы госбезопастности. Рассекреченные судьбы» , Москва, 2005, 152). Сонда олар айтқан тап жаулары кімдер деген сұраққа әлеуметтанушы Г.Батутиннің айтқаны бойынша «Олар өз халқының тарихын, тілін, дәстүрін сақтау үшін күрескер атанған ұлт тұлғалары» еді.
Дүниежүзілік социалистік жүйені құру мақсатында 1919 жылы Коминтерн атты ұйым дүниеге келеді. Келесі жылы аталмыш ұйымның Шығыс және Қиыр Шығыс халықтарына революциялық жұмыс жүргізетін бөлімі-секциясы ашылады. Ұлт қайраткері Т.Рысқұлов 1924 жылдың желтоқсан айынан бастап, 1925 жылдың шілдесіне дейін Шығыс секциясының арнайы тапсырмасын орындап, Монғолия мемлекетінде елдің жаңа конституциясын жазып беріп, оны қабылдатты және астанасының атауын Уланбатор деп өзгертуге ықпал етті. Мешеу қалған елдің өз ұлттық мемлекетін құрып, дамуына үлес қосып, қайраткерлік танытқан сондай санаттағы азаматтың бірі Абай Қасымов еді. Ол 1896 жылы Қорғас өңіріндегі Ластай бұлағының басында туылған болатын. Әкесі Қасым өңірге есімі әйгілі бай Сүйін Мұсаевпен 1887 жылы қажылыққа барған сауатты, бір басына дәулеті жетерлік ауқатты әрі ұрпағы өсіп-өнген, елге сыйлы, беделді адамдардың бірі болған екен.
Абай Қасымұлы Мәскеудегі Шығыс еңбеккерлеріне арналған Коммунистік Университетінде терең білім алған соң Мәскеудің тікелей тапсырмасымен 1930-1938 жылдары Коминтерннің сенімді өкілі ретінде алдымен қиырдағы Моңғолияның Қобда аймағына, кейіннен Қытай мемлекетінің Шыңжаң өлкесінде саяси және ағартушылық қызметтерді абыроймен атқарып, тап жауларымен күресте өзін социалистік құрылысты нығайтудағы және коммунизм идеясын өмірге енгізуде аса белсенді тұлға ретінде елге таныта білді. Кезінде Алматы қаласына да келіп қалалық құрылыс басқармасы кадр бөлімінің басшысы лауазымында қызмет атқарғаны туралы да дерек кездеседі. Абай Қасымұлының Монғолияда қызмет атқарған кезінде 1931 жылдың көктемінде елдің батыс өлкесінде қоныстанған қазақ, ұранқай, дөрбіт халықтарының арасындағы жайылымдық жерге таласты ретке келтіріп, жер шекараларын өзі комиссия төрағасы бола отырып нақтылап өлшеп, мемлекеттік актімен бекітіп бергені жайлы да дерек жетерлік. Бұл істе де жергілікті қазақтардың жер пайдалану құқықтары сақталуына ерекше үлес қосқан еңбегін атап айтқан орынды болады деп есептеймін. Бұл да оның жаны мен малын өсіріп отырған шалғайдағы қалың қазағына жасаған перзенттік жақсылығы деуге әбден болады.
Ол жақта есімі елге белгілі тұлғалар Ш.Өтепов, Ж.Түзелбайұлы, Ақытқажы Үлімжақұлы сияқты азаматтармен қызмет барысында араласып жергілікті жастардың Мәскеуде тағы басқа қалаларда білім алып, еліне маман ретінде оралып қызмет етуіне өз көмегін көрсетіп отырады. Көсемнің алқауымен Кеңес елінде басталған репрессия Шыңжаң өлкесі мен Моңғолияда да қатар жүргізілді. Сөйтіп, тап жауларымен күресті тиянақты жүргізу үшін Кеңестік саяси және әскери мамандар «Шыңжаңға көмек», «Монғолияға көмек» деген желеумен алдын ала жан-жақты дайындалып, оларға барлық мүмкіндіктер жасалды.
А.Қасымовтай Монғолия мен Қытай елдерінде Мәскеудің ерекше сеніміне ие болып, ол елдердегі тап жауларының көзінің жойылуына, социалистік құрылыс орнатуға белсене қатысып ол мемлекеттердің тәуелсіз ел болып еңсесін көтеруіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған айтулы ұлт тұлғасының басына да замананың қара бұлты үйіріледі. Өлке басшысы Зымиян Шың Ши Сай Кеңестік қызметкерлердің кейбіреуіне «троцкишіл» деген жаламен Мәскеуге хат жолдайды. Жазықсыз А.Қасымовқа да осындай қара таңба басылғаны сол-ақ екен ол 1938 жылдың шілде айында дереу «қызмет бабымен» Мәскеуге шақыртылады. 24 шілдеде тұтқындалған оған қылмыстық кодекстің әйгілі 58-бабымен жалған жала жабылып, бір жыл бойы абақтының камерасында азапты тергеуді бастан кешеді. Шығарылған ату үкімі 1939 жылдың 10 наурызы күні орындалады. Марқұмның денесі қазақтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алаш ардақтылары Ә.Бөкейханов, Н.Нұрмақовтардың күлдері көмілген Мәскеудегі «Донская кладбище» зиратына жерленеді. Сөйтіп А.Қасымовтай ұлт тұлғасы да қанды репрессияның қанды тырнағына ілініп жазықсыз көп құрбандыққа шалынып кете барады.
Тек 1959 жылғы 19 қарашада өткен әділет генерел-майоры А.Костроминнің төрағалығымен өткен КСРО Жоғарғы Сотының коллегиясында Абай Қасымұлы Қасымовтың жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты 1939 жылғы 10 наурыздағы оған қатысты шығарылған үкімнің күші жойылғандығы және ақталғандығы туралы 1959 жылғы 25 қарашадағы № 2/4 Н-2330/59 нөмерлі ресми құжат алынды.
Тұңғыш Президентіміз -Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Сонымен бірге 1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Қазақстан Республикасының Заңымен сталиндік зұлмат құрбандарын ақтауға деген игі қадамдар жасалды.
Тарихтан сабақ алып, ондай қайғылы жағдайлардың жер бетінде енді қайталанбауы үшін миллиондарды құрбандыққа шалған зұлмат жылдар жаңғырығы есімізде мәңгілік сақталуы керек. Көк туымыз желбіреп, тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл толайын деп отыр. Тұтастай ұлттарды сеңдей соғыстырған қанды қырғын енді қайталанбаса екен, тәуелсіздігіміз мәңгілік байқуатты ел болса екен деп тілейміз!
Бар саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған абзал азамат А.Қасымовтың туған ағасы Әбдіқадыр Қасымов та Түркия елінде ағартушы білімін алып эфенди атанған, 8 жыл көшке ілесе отырып Меккеге барып, қажы атанып қана қоймай өз еліне келісімен Ластай ауылында мектеп ашып, ұстаздық етеді. Ол мектеп қазіргі күні де «Әбдіқадыр қажы эфенди мектебі» деп аталады.
Осындай есімі өз елінен жырақта да халқына шамшырақ бола білген тұлғалардың ұрпағы Әмит Абаев та Қытай елінде 1960 жылдары Жоғары Әскери Академияда дәріс берген ұлағатты ұстаз болған адам. Бар саналы өмірін халқына қызмет етуге арнаған Ә.Абаев 1961 жылы Отанына оралып, мемлекеттік қауіпсіздік саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарады.
Абай және Әмит Қасымовтай текті, білімді азаматтардың даңқты өмір мен еңбек жолын сенімді жалғастырушы ұрпақтары Қайрат Абаев бүгінде «Панфилов ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің білікті басшысы, өнегелі әке. Сайра Абаева - жоғары санатты дәрігер, Сәуле Абаева 17 жылдан бері Американың Қазақстандағы білім беру мекемесінің басшысы, ал тағы бір ұлы Қайыржан 1994 жылы жол-көлік апатынан қайтыс болды.
Есімін Алаш ардақтыларының қатарында атауға болатын ұлтымыздың заңғар тұлғасы Абай Қасымовтай бүкіл саналы ғұмырын халқына адал қызмет етуге арнаған тумысынан текті, зиялы атамыздың шөберелері Азамат, Салтанат, Әлия, Әсел, Мейіржан Әлихан, Қасым-Жомарт Керей , Абаев Қайраттан Азамат есімді шөберелері желкілдеп өсіп келе жатқаны көз қуантады.
Тек Жаратқан Алламыз оларды тіл-көзден сақтасын дейміз !
Бекмұхамет СӘЛІМҰЛЫ,
Қазақстанның Заңгерлер және
Журналистер Одақтарының мүшесі.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4846900