БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ МЕКЕНІ
- Толығырақ
- Жарияланды 11.06.2021 04:40
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 859
11.06.2021ж
Ауданымыздың белді кәсіпкерлері сауапты бастамаға ұйытқы болды. Қалталы азаматтар 1-маусым балалар күніне орай қаладағы «Bro-B» дәмханасында «Rakhym» қайырымдылық қоры жанындағы «Rakhym» мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қолдау орталығында тәрбиеленетін балаларға арналған мерекелік шара ұйымдастырды.
Осы шараның ұйымдастырылуына өзіндік үлес қосып, мерекелік кештің өз дәрежесінде өтуіне ұйытқы болған «Nur Otan» партиясынан Алматы облыстық мәслихатындағы VІІ-ші шақырылым депутаты, ауданымыздың көркеюіне өзіндік үлесін қосып жүрген Серік Ақсубаев жоғарыда аталған орталыққа қаржылай көмек көрсетсе, әрдайым қайырымдылық көмектер мен түрлі шараларға демеушілік жасап жүретін Закир Исмазов теледидар тарту етті. Бұдан бөлек өңірдің дамуына қол ұшын көрсетіп жүретін өзге де кәсіпкер азаматтар мен азаматшалардың еңбектері орасан.
Айта кету керек аталмыш орталық 3 жастан 18 жасқа дейінгі церебалды сал ауруы, даун синдромы, аутизм, орталық жүйке жүйесі бұзылған балаларға 4,5 сағаттан аспайтын күндізгі болу қызметін көрсетеді. Бүгінгі таңда орталықта мүмкіндігі шектелген 30 балаға оңалту қызметін көрсету үстінде. Орталықтағы балалар тамақпен қамтамасыз етіледі. Орталық қызметінің мәні – балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық, коррекциялық қолдайтын күндізгі негізі жартылай стационар.
Орталық координаторы Гүлнұр Акимова мен мәдени ұйымдастырушы Жәмиля Танекеевна себепші болған мерекелік кеште аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері әсем әнді әуелете шырқап кеш көркін қыздырса, орталық тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салып, қуаныштары еселенді.
Мерекелік шараға жеке кәсіпкер Серік Ақсубаев ағамыздың жары Гүлнар Ақсубаева мен білім бөлімінің қызметкері Ұлбала Жұмағұлова, «Nur Otan» партиясы Панфилов аудандық партия филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі Жалғас Әділжан қатысты. Кеш қонақтары балаларды мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Белгілі кәсіпкер-меценаты Гүлнар Ақсубаева балаларды қуанту әркімнің ең басты міндеттерінің бірі екендігін атап өтіп, болашағымыз саналатын балалардың барлығы бақытты болуға лайықты екендігін айтты.
Шара соңында «Bro-B» дәмханасының ұжымы тарту еткен мерекелік дастархан балаларға ұсынылды.
А.ҚУАНТАЙҚЫЗЫ.