ҰЛТТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ ҰЯСЫ
- Толығырақ
- Жарияланды 29.06.2021 08:11
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 854
23.06.2021ж
Өткен аптада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов өңірімізге іс-сапармен келіп, ұйғыр, славян және дүнген этномәдени бірлестігінің өкілдерімен кездесіп қайтты.
Ел ағасы ұйғыр халқының тағамдары, қолөнері және ұлттық аспаптары қойылған көрмені тамашалау үшін алдымен ауданымыздағы «Ормандағы жұмақ» саяжай кешеніне ат басын бұрды. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Зәкіржан Кузиев бастаған бір топ қонақтарды аудандық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Азат Гайитов ерекше құрметпен қарсы алып, ұйғыр халқына тән ұлттық дәм-тұз ұсынды. Ерекше дайындалған ақ дастархан түрлі тағамдарға толып, келген қонақтардың көз жауын алды.
Ұлттық тағамдардан дәм татқаннан кейін қонақтар көрмені тамашалады. Мұндағы көрмеге қойылған әр заттың тарихын жіті баяндап, өзіндік ерекшеліктері, құндылығы, маңыздылығы жөнінде облыстық және аудандық ұйғыр этномәдени орталығының қызметкерлері кең көлемде мағлұматтар берді.
Жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, ұйғыр этномәдени орталығының облыстық филиалының төрағасы Зәкіржан Кузиев, Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА Кеңесінің мүшесі Шаймардан Нұрымов, облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қатысты.
- Көпұлтты Қазақстан халқын ортақ тарих, тағдыр мен ұлы мақсат біріктіреді. Барлығымыз бір әкенің баласындай болып кеттік, - деп атап өтті өз сөзінде Марат Әзілханов. –Татулықты ту еткен мемлекеттің басты құндылығының бірі – ұлт татулығы мен бірлігі. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды ерекше институттың құрылуы дәлел бола алады. Егеменді мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуінде, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуда және ұлтаралық келісімді сақтауда Ассамблеяның рөлі туралы шексіз айтуға болады. Құрметті ақсақалдардың өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесін атап өткен жөн. Тәуелсіздік жылдарында олар жас елдің лайықты азаматтарын өсірді. Олар бүгінде өз халқына, тәуелсіз мемлекетке белсене қызмет етуде. Олардың әрқайсының ана тілін, мәдениетін, өнерін дамытуға мүмкіндігі бар.
Марат Алмасұлының айтуынша, жастарға дұрыс тәрбие беру - елдің жарқын болашағының кепілі. Өйткені, халық бірлігіне іріткі салып, кез келген жанжалға ұлттық сипат бергісі келетіндер де бар. Сондықтан жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен туған жерге, өз халқына деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту қажет. Бұл тұрғыда ол Қазақстан ұйғырларының ортақ іске қосқан үлесін айтып, белгілі меценат Зәкіржан Кузиевке алғысын білдірді.
Диалог алаңының модераторы З.Кузиев қазақ халқына мықты мемлекет құру жолында бірлесе еңбек етуге мүмкіндік бергеніне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, бір шаңырақ астында елді нығайтып, экономиканы дамытып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Демократиялық даму бағытын қолдай отырып, славян, ұйғыр және дүнген этномәдени бірлестіктері Панфилов ауданының және жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосуда. Аға буынның бай мәдени мұрасын сақтап, арттыра отырып, өз халықтарының мәдениеті мен дәстүрлерін жаңғыртып, жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу басты бағдар болып отыр.
– Қазақстан - сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзара сыйластық үндескен ортақ үйіміз. Біз бір елдің баласымыз. Қазақ халқымен бірге аянбай еңбек етіп, елдің гүлденуі, тыныштығы мен татулығының шайқалмауы бағытында жұмыс істейміз, – деді қорытынды сөзінде Көктал ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлау Сұлтанқұлов. Ұйғыр этномәдени орталағының төрағасы Азат Гаитов, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Рехимжан Тохтахуновтар да осы тұжырымға тоқтады.
Өз кезегінде құрметті құрылысшы Тұрсын Семятов қадірменді қонақтың қарапайымдығымен адамгершілігін айтып, Еңбекші орта мектебіне Социалистік Еңбек Ері Мариям Ниязованың есімін беру жөніндегі ұсынысын жеткізді. М.Әзілханов сұраққа тез арада жауап беріп, аудан тұрғындары мен қарияның өтінішін облыс басшылығына жеткізетінін айтты.