Әкім бол, халқыңа жақын бол
- Толығырақ
- Жарияланды 15.07.2021 12:52
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 875
15.07.2021ж
ТҰМАБАЕВА ӘЙГЕРІМ АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ
1991 жылы 20 маусымда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылында дүниеге келген.
Қазақстан Республикасының азаматы.
Ұлты - қазақ.
2012 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, 2020 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген.
«Шолақай ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі, бас маман.
Өзін-өзін ұсыну.
Шолақай ауылдық округінің әкімдігіне кандидат ТҰмабаева Әйгерім Амангелдіқызының сайлауалды БАҒДАРЛАМАСЫ
Жастық шақ! Бұл - адам баласының ересек өмірге көшу кезеңі, экономикалық-қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу мен әлеуметтік-саяси мәселелерге қатысуға барынша ынталы дәуірі. Мұндай ынтамен Қазақстанның даму жолында шешуші рөл атқарып, прогрестің қозғаушы күші болуға ниеттендім. Мен округ әкімі лауазымына өз кандидатурамды ұсынып, өзім арқалайын деп отырған елімнің алдындағы үлкен міндетті толықтай сезінемін.
Президент Жолдауында жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, ондағы айтылған әрбір сөздің астарына үңіліп, мағынасына мән беріп «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болуға, халқыма барынша жақын болуға бар күш-жігерімді саламын. Кез келген адамға теңдік танытып, кеңдік көрсетемін. Жүректерге жол табу, кісінің көңілінен шығу – қазаққа тән қасиет десек, біздің халық осынау қасиетімен көп нәрсені оңтайлы шешіп отырған. «Жанымды алсаң да, пейілімді алма» деген халық осынау кеңпейіл көңілінің арқасында небір аумалы-төкпелі, қиын-қыстау кезеңдерден аман өтті.
Қоршаған ортаға құрметпен қарап, бір-бірінің жан-жүрегін айтқызбай-ақ түсінетін елде ғана береке болады.
Менің кандидатурама сенім білдірген жағдайда: Мен,
•Ең алдымен ауылдағы барлық иесіз нысандар мен жерлердің құжаттарын заңдастырып, оларды ретке келтіріп, халық игілігіне пайдалануға беремін;
•Ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамамасыз ету мәселесін шешіп, ауыз су жүйесі тартылмаған көшелерге құбыр жүйесін тартуға ықпал етемін;
•Ауыл халқына спорт алаңдары мен мәдени нысандарының құрылысына жағдай жасап, денсаулық - салауатты өмірдің басты кепілі ретінде оларға жаппай дене шынықтыру, спорт, мәдени мұра мен шығармашылық белсенділіктерін насихаттау және дамыту үшін балалар мен жастардың бос уақытын өткізуге қолайлы жағдай жасаймын;
•Қоғамдық тәртіпті нығайтып, ұлтаралық қатынастарды жақсарту жолында қоғамдық кеңестермен бірлесіп жұмыстар атқарамын;
•Тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан қорғауға мұқтаж азаматтарға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық шараларын тұрақты түрде өткізуге ықпал етемін.
Округ тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, олардың өтініштерінің, сұраныстарының, талап тілектерінің орындалуына бар күш-жігерімді жұмсаймын.