Жазиралы Жаркентте қала күні өтті

Керім күздің керемет күнінде жасампаз қала –Жаркенттің 135 жылдық мерейтойы аталып өтті. 13 қазан күні орталық алаңда өткен салтанатты шара кешке дейін жалғасын тауып, мерекелік отшашумен аяқталды. Осыған дейін қала күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралардың жоспары бекітіліп, жүзеге асқан  болатын.

  Орталық алаңда сән- салтанатымен аталып өткен қала күні мерекесін Жаркент өңірінің жұртшылығы қуанышпен қарсы алды. Таңертеңнен басталған шарада «Жаркент – кеше, бүгін, ертең» тарихи-экспозициялық көрмесі, әр саланың жетістіктерін паш еткен «Әлеуметті, қуатты қала – Жаркент», «Бау-бақшалы Жаркентім!» көкөністер көрмесі, қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің көрмелері мен дәмдері көпшілік назарына ұсынылды. Ең алдымен аудан, қала әкімдігінің қызметкерлері, еңбек ардагерлері бастаған азаматтар орталық саябақтағы Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

            Салтанатты шараның ресми бөлімі Жаркент қаласының әкімі Е.Нұрахметовтің құттықтау сөзімен басталды. Е.Еркінұлы қаланың ғасырдан астам тарихына шолу жасады. Жаркент қаласының дамуы жолында аянбай еңбек еткен тұлғалардың есімдерін атады,тұрғындар мен қала қонақтарын мерейлі мерекемен құттықтап, алғысын білдірді. Сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Ш.Құрбанов ескі мен жаңаны үндестірген Жаркент шаһарының әлеуеті, мұндағы әлеуметтік- экокномикалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы жайында ой  өрбітіп, барша жұртшылыққа аудан әкімдігінің жылы лебізін жеткізді.

Осындай ақжарма тілектерін Социалистік Еңбек Ері К.Айтжанова, славян этномәдени орталығының мүшесі А.Колиде, ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Р.Тохтахунов, дүнген этномәдени орталығының мүшесі З.Юсуров та білдірді.

            Мерекелік жиын  қалада орналасқан мектептер мен колледждердің (Ы.Алтынсарин,Б.Назым, Жамбыл, Еңбекші, Н.Крпуская, Ш.Уәлиханов, Х.Хамраев, Луначарский атындағы орта мектептері, №6 орта мектеп-интернаты, Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжі, «Диана» медициналық колледжі, Жаркент көпсалалы колледжі) салтанатты шеруімен жалғасты. 1200-ден аса ұстаздар мен оқушылар, еңбек ардагерлері, студенттер сап түзеген шеруді қала және өңіріміздің тұрғындары тамашалады. Айта кету керек, мерекелік шеру әралуан тақырыпты қамтыды. Шеру барысында еліміздің, Жаркент қаласының басынан өткен тарихи оқиғалардан сыр шертетеін театрландырылған көріністер көрсетілді. 1916 жылғы 25 маусымдағы бұратана халықтардың өкілдерін тылдағы жұмысқа алу жөніндегі жарлықтың орындалуы, Ұлт-азаттық қозғалыс, ашаршылық нәубеті, ұйғырлар мен дүнгендердің Қазақ жеріне қоныс аударылуы, Ұлы Отан соғысы, тәулесіздікке жол ашқан Желтоқсан оқиғасы сияқты ел басына күн туған кезеңдерді бейнелеген көріністер  жұртшылықтың көзіне жас үйірді. Сонымен қатар Жаркент мешітінің салынуы, саудагерлер керуені, ауыл шаруашылығы мектебінің ашылуы,пионерлердің шеруі, жұмысшы жасақтарының құрылуы, «Жасыл ел» жасқатарының көріністері көрсетіліп, әуелеген ән, әдемі би мен күмбірлеген күй төгілген шеруді тәуелсіз елдің ұрпақтары, келешектің тұтқасын ұстар азаматтар - Жамбыл орта мектебінің балдырғандары аяқтады. Осыдан кейін ауданның, Жаркент қаласының гүлденіп өркендеуіне елеулі үлес қосып, қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін бір топ азаматтар «Алғыс хаттармен» марапатталып, естелік сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік шараның

бірінші бөлімі ауданымыздың өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды. Қала күні мерекесі кешкілік гала-концертпен жалғасын тапты. 13 қазанға дейін қала күніне орай арнайы ұйымдастырылған іс-шаралардың, байқаулардың жеңімпаздарды марапатталып, соңы тұрғындар мен қонақтарға ерекеше әсер қалдырған мерекелік отшашумен аяқталды.

Ж.Кенжебек.

 

 

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4839953