ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ЖҮГЕРІ ӨСІРУШІЛЕРДІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛУДЕ?
- Толығырақ
- Жарияланды 11.01.2024 05:08
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 293
2024-01-11
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Қожасбаев пен Болат Керімбек Панфилов ауданында шаруалармен кездесті.
Өткен жылы Жетісу облысы бойынша дәндік жүгері алқабы 57 мың гектарды құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 12,5 мың гектарды құраған.
Бүгінде жиналмаған дәндік жүгері алқаптары бақылауға алынып, мәселелерін шешу жолдары табылды. Бұған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тиісті компаниялармен жүгеріні сату-сатып алу жөніндегі келіссөздері ықпал етті.
Панфилов ауданы бойынша жоспарланған 26 620 гектардың орнына 88 гектарға артық жүгері себілген.
Қазіргі уақытта 47 131 тонна жүгері өтпей тұр, оның ішінде 21 154 тонна қырманда, 25 977 тоннасы қоймаларда.
Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде «Жаркенткрахмал-сірне зауыты» ЖШС-і 80 мың, «Азия Агрофуд» ЖШС-і 25 мың тонна жүгері қабылдады.
Сонымен қатар, Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, Жүгері өңдеуші компаниялармен жедел түрде жүргізілген келіссөздер алғашқы нәтижелерін беруде. 2024 жылдың 8-қаңтары (дүйсенбіден) бастап "Іргетас трейд" компаниясы жүгері қабылдауды бастады. Дала аруының ылғалдылығы 14% болғандағы бағасы - тоннасына 55 000 теңгені, ал 14-20% ылғалдылықта - 41 500 теңгені құрайды.
Естеріңізге сала кетсек, биылғы маусымда жүгері өсірушілердің ең өзекті мәселесі - өз өнімдерін сақтау және өткізу, сондай-ақ жүгеріні сатып алу құнының төмендігі болған еді. Мұның бәрі өз кезегінде көптеген шаруа қожалықтарының егістік алқаптарында өнімнің жиналмай қалуына себеп болды. Өйткені оны өткізетін және сақтайтын жер болмады.
Жергілікті шаруалар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына өзекті мәселені көтеріп отыр. Өз кезегінде депутат Болат Бақбергенұлы мәселені министрлікке жеткізіп, республикалық деңгейде көтеретінін атап өтті.