ДЕПУТАТТАР ПАНФИЛОВ АУДАНЫНДАҒЫ «АЛТЫНКӨЛ» СТАНЦИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫС БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
- Толығырақ
- Жарияланды 11.01.2024 05:55
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 291
2024-01-11
Келесі кезекте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Қожасбаев пен Болат Керімбек Жаркент қаласындағы «Алтынкөл» станциясына барды. Бұл нысан еліміздің оңтүстік шыңысындағы Еуропа мен Азияның арасын жалғастырып тұрған ең үлкен темір жол өткелі. Себебі, «Алтынкөл» станциясы құрылған он жылдан астам уақыт ішінде екі ел арасындағы көлік қатынасы мен тауар айналымы бірнеше есеге артып отыр. Бұған қоса аталмыш теміржол өткелі арқылы тауар тасымалдауға мүдделі елдердің саны қырықтан асқан.
Алтынкөл станциясының басшысы депутаттарға бекеттің заманауи инфрақұрылымы, жүк және контейнерлік пойыздарды қабылдау-жөнелту бойынша технологиялық процесі туралы баяндап берді.
- 2023 жылдың көрсеткіші бойынша Қытайдан 5319 пойыз қабылданды, Қытайға 2541 поезд өткізілді. Жалпы жүк айналымы - 369 460 вагон, -дейді станция басшысы Қуаныш Жақсыбек.
Жетіген мемлекеттік шекара теліміндегі 293-шақырымда орналасқан Алтынкөл станциясы кластан тыс жүк станциясы екені мәлім. Станция пойыздар мен вагондарды бақылаудың автоматтандырылған жүйесімен, «Инспекциялық тексерме кешенімен» және «Янтарь» жүйелерімен жарақтандырылған.
Бұл жүйелер кедендік қызметтердің өкілдерімен жүктерге бақылауды және радиацияның ұйғарынды деңгейінің болуын шұғыл тексеруге мүмкіндік береді.
Алтынкөл станциясы – «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақты құру жобасымен технологиялық байланыстағы стратегиялық нысандардың бірі.
Бұл жобаның басты мақсаттары тиімді көліктік-логистикалық және индустриалдық хабты құру, өндіріс және өткізудің жалпы әлемдік жүйесіне қазақстандық өнімдерді интеграциялауды жүзеге асыру.
Станцияда кірме-қайта тиеу терминалдарының инфрақұрылымдық қуаттылығын дамыту, сондай-ақ, Еуропа және Орталық Азия елдеріне, Қазақстанға Қытайдан жол тартқан пойыздардың кідіріп қалуын болдырмау бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді.
Жұмыс сапары кезінде халық қалаулылары терминалдық пункттерді, шекаралық посттарды аралап көрді. Уақытша сақтау қоймаларында жүктерді орналастыру және шоғырландыру, кедендік декларациялау мәселелеріне де айрықша назар аударылды.