Жетісу облысында 6 жасырын казиноның қызметі тоқтатылды
- Толығырақ
- Жарияланды 30.04.2024 12:12
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 228
2024-04-30
Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті құқық қорғау органдарымен бірлесіп облыс аумағынан 6 жасырын заңсыз жерасты ойын мекемесін анықтады. Одан бөлек, «Қорғас» ХШЫО аумағында жезөкшелікпен айналысқан бір притонның жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел әкілі Ербол Құрманбаев бөлісті.
«Жерасты ойын мекемелері түнгі уақытта шектеулі адамдар үшін, атап айтқанда ҚХР азаматтары үшін жұмыс істегені анықталды. Жүргізілген тінту іс-шараларының нәтижесінде 76 ойын автоматы, 43 ойын үстелі, құмар ойындарды ұйымдастыруға қажетті көптеген техникалық жабдықтар, сондай-ақ, 60 мыңнан астам қытай юань сомасындағы ақша табылды және тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», - деді спикер.
Бүгінде IT құралдар арқылы интернет-кеңістікте заңсыз жұмыс жасау жүзеге асырылуда. Заңсыз контент белгілері бар анықталған сайттарды (аккаунттар) бұғаттау үшін Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігіне жіберіледі. Жыл басынан бері Жетісу облысы бойынша 1200-ге жуық заңсыз контент анықталып, барлығы бұғатталды.
Сондай-ақ, тұлғалардың әлеуметтік желілерде, атап айтқанда Instagram платформасында заңсыз лотереялық ұтыс ойындарын ұйымдастыру жағдайлары жиілеп кетті. Instagram парақшасында заңсыз лотерея ұйымдастырған Жетісу облысының екі тұрғынына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыптыларды кінәлі деп тауып, 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.
Спикердің айтуынша, Департамент министрлікпен бірлесіп әлеуметтік желілердегі жағдайды мұқият қадағалайды және заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды. Осыған байланысты азаматтарды заңсыз лотереяны, оның ішінде әлеуметтік желілерде ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік туралы ескертеді.