Ұрпақтар ұмытпайтын ұлы жеңіс

2024-05-10


Менің нағашы атам Қуатбек ДОСАЕВ, 1897 жылы Үшарал ауылында дүниеге келген. Мал шаруашылығы саласында еңбек еткен. Майданға 45 жасында, яғни 1942 жылы ҚаЗССР, Алматы облысы Октябрь ауданының (қазіргі - Жетісу облысы, Панфилов ауданы) әскери комиссариатынан аттанған. Мұрағаттық құжаттарда майданға аттанған елді мекеннің аты, отбасылық жағдайы, яғни жұбайы Әлтай Досаева деп көрсетілген.


Атамыз Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан майдан даласынан аман-саулығы жөнінде 2-3 мәрте хат жолдаған. Дегенмен, отбасына 1943 жылы «хабарсыз кетті» деген қағаз келген. Артында қалған жұбайы Әлтай апамыз бен жалғыз ұрпағы - қызы Айтжамал көңілдерінде үміт отын өшірмей бір жақсылық хабар алармыз деген арманмен елеңдеумен өмір сүрген. Соғыс аяқталып, аман қалғандар елге оралып, туыстарымен қауышады, біздің атамыздан еш хабар болмайды. Нағашы апам Әлтай 1971 жылы өмірден озды.
Менің анам Айтжамал Қуатбекқызы әкесі майданға аттанғанда небәрі 9-10 шамасында болған. Анамыз соғыс кезінде көрген қиындықтарын «Бізде балалық болмады, бұғанамыз қатаймай, ересектермен бірге жұмыс істедік. Күніне 2-3 сағат мектепке оқуға барсақ, қалған уақытта ересектерге көмектесеміз. Ол кезде жұмыс түгел дерлік қол күшімен істеледі. Күш көлігі және жеткіліксіз, өгізді соқаға жегіп жер жыртқанда, ересектер егін ексе, балалар өгізді жүргізетінбіз. Шөп орылса шөп жинаймыз, астық піскенде орылған астықты басу, тазалау, өгіз арбаға тиеп заготзерноға тасуға көмектесеміз, масақ тереміз. Түнде пілте шамның жарығымен жүн түтеміз, ұршық иіреміз, анам майдандағы жауынгерлерге арнап шұлық, қолғап тоқиды. Шаршадық, қиналдық деген сөз ешкімнің аузынан шықпайтын. Өйткені соғыс деген зұламаттың дәмін тартпаған отбасы жоқ еді. Тезірек жауды жеңіп әкелеріміз, аға-бауырларымыз елге аман оралса, бейбіт күн орнаса деген арман тылдағы біздердің босаңсуымызға жол бермеді. Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деп еңбек еттік» бізге (балаларына) үнемі айтып отыратын. Анамыз өмірге 5 баланы әкеп, тәрбиелеген Ардақты Ана, 1955 жылдан Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының мүшесі, «Тыл ардагері» төсбелгісінің иесі болды, өмірден өткенше ұрпақтарын еліне, халқына адал қызмет етуге, жақсы азамат болуға тәрбиледі. Анамыз наурыз айының 16-сы күні 2000 жылы өмірден озды.
«Атамның Аманаты» еріктілер ұйымына жіберген сұранысыма жақында мұрағаттық құжаттар бойынша нағашы атамыздың майданда 1942 жылы аттанғаны, №136 атқыштар полкы, №97 атқыштар дивизиясы құрамында ефрейтор дәрежесінде қызмет еткені, 1943 Орел қаласы (Орловская область) Китаево деревнясының түбінде болған қанды майданға қаза тапқаны, 1943 «Бауырластар зиратында» жерленгені жөнінде жауап алдым. «Бауырластар зиратының» мекен-жайы Орловская область, Болховский район, пос. Щербовский Михневского с/п. Осы зиратта жерленген жауынгерлердің тізіме қарап отырып, қандай дәрежеде алпауыт қанды қырғын болғанын көзге елестетуге болады. Атамыздың артында қалған немере, шөберелері атамыздың ерлігіне, рухына тағзым етеміз.
Сәуле СЛАМЖАНОВА, немересі.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4841915