РЕЙХСТАГҚА ТУ ТІККЕН Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына – 100 жыл

2024-05-10


Бүгінгі күні тарихтағы Екінші дүниежүзілік соғыс туралы айтқанда, қай қазақ та Рақымжан Қошқарбаев десе елең ете қалады. Сосын дереу «Рейхстагқа ту тіккен батыр» дер еді. Қазақ батырының ерлігі кешеге дейін мойындалмай, соғыстың соңғы сәтіндегі жеңістің куәлігіндей оқшау оқиға бұрмаланумен келді. Рақаң көңілі құлазыған шағында мұның шет жағасын айтып қалып жүрді деседі. Біздің мұрағат деректерінен білетініміз, барлаушылар взводының командирі, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылдың 30 сәуірінде қатардағы жауынгер Григорий Булатовпен бірге Гитлердің ставкасы – Рейхстагкқа ту тіккені. Ал кейінгі нақты деректерге көз жүгіртсек, 9 мамырдағы Жеңіс туының ілінуі арнайы мақсатпен жасалған.

Тарихи жеңіс
Шын мәнінде, орыс М.Егоров пен грузин ұлтының өкілі М.Кантарияның Рейхстагта ту тіккен кезі Рейхстагті толық бағындырған шақпен тұспа-тұс келеді. Тіпті, кешеге дейін II дүниежүзілік соғыстың тарихында осылай жазылып келді. «Салтанатты» сәтті оқ қарша борап тұрған кезде арнайы бейнекамерамен түсіру әсте мүмкін емес. Оның үстіне, Рейхстагқа тудың «екі рет тігілгені» кешегі күнге дейін айтылмады.
Рақымжан Ақмола аймағының Тайтөбе ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан әке-шешеден айырылды. 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерінде болды. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) жіберілді. Өзінің өмірі мен ФЗУ жөнінде Рақаңның өзі «Штурм» кітабында жан-жақты баяндады. Оның балалық шағы туысқансыз, жанашыр жандарсыз өтті. Ананың мейірімі мен аялы алақаны, әкенің қамқорлығын сезіну бала Рақымжанға бұйырмады. Жатақханада тұрды, асханадан тамақтанды, бір үлгіде тігілген арнаулы киіммен жүрді.
Рақымжан 1942 жылы 18 жасында әскер қатарына алынып, Көкшетауда құрылған полкте дайындықтан өтті. Бұл әскери бөлімшеден іріктелген сержанттық топпен бірге Рақымжан да Фрунзе (Бішкек) қаласына жіберілді. Қошқарбаев осы жаққа эвакуацияланған Тамбов жаяу әскер училищесін 1944 жылдың қазанында кіші лейтенант шенімен бітіріп, майданға аттанды.
Осы ретте көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бижамал Рамазанова апайдың 9 мамырда 28-гвардиялық панфиловшылар паркіндегі «Мәңгілік алау» маңында айтқан бір сөзі ойға оралады. Ол кісінің күйеуі де Рақымжан Қошқарбаевпен Фрунзе қаласында әскери училищеде бірге оқыпты. Екеуі сол қаладан майданға бет алар шақта батыл да бірбеткей офицер Рақымжан командирінен рұқсат алып, жолда туған мекені Ақмолаға соғып, бірнеше күннен кейін қызметтестері орналасқан әскери бөлімге жеткен. «Училищеден соң 1944 жылғы қарашаның ортасында біз І Беларусь майданының 3-пәрменді армиясына келіп жеттік. Армия штабы Брест маңындағы Седле стансасына о р н а л а с ы п т ы » , – д е г е н б о л а т ы н Р.Қошқарбаев.
Расында да, елуінші жылдың соңына таман Рақымжанның майдандағы соғысқа қатысуы мерзімді баспасөз бен көркем әдебиетте жан-жақты жазылды. Әсіресе, Батыр Баукеңнің айтуымен сол кездегі «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетіне журналист Кәкімжан Қазыбаев көлемді мақала жазды. Кейін К.Қазыбаев республика ОК-інің идеология бөлімін басқарды.
Р.Қошқарбаев Берлин үшін болған соғыста өз взводымен ең алдыңғы шепте шайқасты. Ерлікпен айқасқан оның взводы Шпрееге соңғы сулы бөгеті мен Король алаңы – «Гимлердің үйіне» бірінші болып жетті. Осы ж о л ы лейтенант Қошқарбаев І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен наградталды. Одер өзенінен өту жолындағы қанды қырғыннан соң оны партия мүшелігіне қабылдаған. Ал партия билеті аса маңызды бекініс әрі саяси маңызды мақсатқа жетуге көтермелеу ретінде «Гимлердің үйінде» табыс етілді. Осы тұста барлау взводының командирі, лейтенант Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық берілді .
Дегенмен, Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігін дәлелдейтін құжат Кеңестік саясаттың салдарынан құпия сақталды. 1958 жылы 21 ақпанда «Лениншіл жас» газетіне Кәкімжан Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» очеркі жарық көргеннен бастап қазақ халқы Р.Қошқарбаевты батыр деп қабылдады. Бұл тапсырманы баласындай болған Кәкімжанға мұқият тапсырған адам Батыр Баукең, Бауыржан Момышұлы болатын. Тарихи ерлік жайындағы ақжолтай хабар қазақ сахарасын шарлады, әскери бөлімдерді дүр сілкінтіп, баспасөзде кеңінен хабарланды.
Ширақ, келбетті майдангер жігіт Рақаң соғыстан соң өзі туған өлкеде мемлекеттік қызметте істеді. Оның өр кеудесіне «Жауынгерлік қызыл ту», І дәрежелі Отан соғысы ордендері, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдары тағылған. Айтпақшы, «Жауынгерлік қызыл ту» ордені Рейхстагқа ту тіккені үшін беріліпті.
Ол 1985 жылы ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. 1999 жылғы 7 мамырдағы Президент Жарлығымен оған қайтыс болғаннан кейін, еліміздің ең жоғары ерекшелік дәрежесі – «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Батырдың жұлдызын тапсыру сәтіне Қошқарбаевтың жары Рахила, қызы Әлия және майдандас досы Ж.Жанасов шақырылған. Қошқарбаевтың батырлық ерлігіне барынша жоғары баға берілді, оның тәрбиелік және патриоттық мәні атап айтылды.

Ескерілмеген ерлік
«Рақаңа көзі тірісінде батыр атағы берілген жоқ. Кеңестік тоталитаризм тұсында одан үміт күтудің қажеті жоқ-тын. Сонда да болса, ара-тұра Рақаң Гриша Булатовпен бірге бірінші болып Рейхстагқа ту тіккенін айтып жүрді» дейді майдандастары. Р.Қошқарбаев Алматы қаласындағы Совет аудандық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып үш рет сайланды. Қошқарбаев соғыс ардагерлері комитетінің қазақ бөлімшесінің президиумының мүшесі, кеңес-герман достығы қоғамының мүшесі болды. Целиноград, Балқаш, Арқалық қалаларының «Құрметті азаматы» атанды.
Рақымжан Қошқарбаев Ақмоладағы мемлекеттік қызметтен кейін өмірінің соңына дейін сол кездегі астанамыздағы «Алматы» қонақүйінің директоры болып жұмыс істеді. Ол «Жеңіс туы», «Дауыл: 1410 күн» атты екі кітап жазды. Екіншісі – деректі повесть. Алматыдағы «Жалын» баспасынан 1983 жылы жарық көрді. Фашизм жеңілісінің 30 жылдығына байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Он сегіз мың ғалам да жаратылыс заңымен өмір сүруде. Сондықтан ақиқат айтылмай қалмайды. Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа дейінгі 300 метр қашықтықты 7,5 сағат жүріп өткен. Межеге жеткен кезде «ту барынша жоғары желбіресін» деп Григорий Рақымжанды иығына салып көтеріпті. Бұл оқиғаны тіпті американдық «Нью-Йорк таймс» газеті де жазған.
1945 жылдың 1 мамырындағы санында басылым Гитлер режимінің құлағанын, Рейхстагқа лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатовтың ту тіккендігін жариялады. 1945 жылы 16 сәуірде Рақымжан Қошқарбаев бас болған шабуылдаушы взвод Одер өзенінің батыс жағалауындағы Гроенойндорф елдімекеніндегі жаудың бетін қайтарды. Өзеннен кеңес әскерін өткізбеген немістер тоқтаусыз оқ жаудырды. Қарша бораған оқтың астымен жорғалаған Қошқарбаев взводы немістердің тұрағының үстінен түсіп, бетпе-бет соғысқа кіріседі. Осы шайқаста 40 фашистің көзін жойып, үлкен калибрлі 3 пулеметті қолға түсірді. Соның нәтижесінде дағдарып қалған кеңес армиясының әскері ілгері жылжыды. 1945 жылдың 29 сәуірінде Шпре өзені маңында қанмайданда тағы да басқыншы жауға Рақымжан Қошқарбаев взводы тойтарыс берді.
Осылайша Одерден басталған шайқас Рейхстагқа дейін жалғасады. Осы аралықта Рақымжан Қошқарбаевтың взводы 200 фашистің көзін құртып, 184-ін қолға түсіреді. Майдан даласындағы жаудың 14 зеңбірегі мен 27 үлкен калибрлі пулеметі, одан басқа біраз қару мен мол оқ-дәрі жинап алынды. Осы ерлігі үшін Рақымжан Қошқарбаевтың взводына І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені табыс етілді. Соғыстың соңына дейін лейтенант Рақымжан Қошқарбаев 150-атқыштар дивизиясының 647-атқыштар полкі барлау взводының командирі болды. Шапшаң шабуылдаушы қазақ жігіті жетекшілік еткен взвод ерлігі майдан шебінде аңыздай тарады.
Осы ерлік үшін лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ бұл ерлікке тарту ретінде Қызыл Жұлдыз ордені ғана берілді. Кейін бұл ерлік ескерілмей қала берді.

30 сәуір, түс әлетінде...
Осы ерлігін Рақымжан Қошқарбаевтың өзі 1958 жылы 28 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде шыққан сұхбатында былайша баяндады: «28 сәуірде біздің полк Ішкі істер министрлігінің мекені – «Гимлердің үйін» алуға тапсырма алды. Бұл үй бүкіл кварталға көсіліп жатыр. Таң қылаң бере біздің артиллерия оқ нөсерін құйып берді. Әлемдегі бар планета осы маңға жанып түсіп жатқандай. Айнала ұлып, күңіреніп кетті. Біз де қарақұрым болып қаптап, жан-жақтан лап
қойдық. Ең алдыда – аға лейтенант, тәжік жігіті Атаевтың ротасы.
Осы ротаның соңынан өкшелеп біз де келе жатырмыз. Үлкен айқас, қыруар шығынмен үйдің ішіне кірдік. Жау төменнен қашып, жоғарыға қарай қусырылып барады. Әр этажда, әр бөлмеде – қырғын соғыс. Ұрыстың соншама қатты болғанын қараңыз, таң қылаң бере үйге кіргеннен кешкі сағат төрт кезінде төртінші этажға әрең іліктік.
– Батальон командирі, капитан Давыдов шақырады! – деді. Төртінші этаждан подвалға жүгіріп түстім. Терезесі Рейхстаг жаққа қараған бөлмеде тұр екен. Қасында – политрук Васильченко, тағы бір топ жігіт. Терезеден бәрі көрініп тұр. Лағынет ұрыстың өңеші өлімге әлі толмағандай. Қан иісі сынық терезеден кеп мұрныңа ұрады. Сәл толастайды да, оқ бұршағы ұлып, үдеп береді. Зеңбірек зіркілдейді, снаряд ышқынады. Осы бір қасірет музыкасының ойнағанына неше күн. Әлгі біз тұрған бөлменің терезесінен тап соның алдында тұрып, біреу бүркіп тұрғандай оқ құйылады. Бұрышқа қарай ығыса түсеміз.
– Лейтенант Қошқарбаев, саған жауынгерлік тапсырма, – деді Давыдов.
– Орындауға әзірмін. Қастарына шақырып, Васильченко екеуі ортаға алды да: – Көріп тұрсың ба, анау үйді? Рейхстаг деген – сол. Ендігі қалған жау ұясы.
– Көріп тұрмын.
– Қызыл жалау апарып тігу керек! Полктен әдейі лейтенант Сорокин басқарған барлаушылар взводын жіберіпті, – деді қасындағы жігіттерді нұсқап.
– Бұлар да сенімен бірге аттанады. Бүкіл батальон болып қолдаймыз.
– Құп, жолдас капитан!».
Рақымжан Қошқарбаевтың Жеңіс туын тіккен ерлігі үшін Кеңес Одағы Батыры атағын беруді сұрап, Мәскеудегі Қорғаныс министрлігіне Бауыржан Момышұлының өзі, одан бөлек қазақ зиялылары, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев, Кәкімжан Қазыбаевтар сұраныс жіберіп, қолқа салған. Қонаевтың өзі Брежневтің жеке қабылдауында болғанда осы ұсынысты алға тартқан. Бірақ барлық жағдайда бұл өтініш қанағаттандырылмаған. Жүрек жұтқан қос батырдың бірі – Григорий болатын. Еш ескерусіз қалған байғұс Г.Булатов та кейіннен құсалықпен өлген деседі.
Тіпті, Кеңес Одағы ыдыраған соң да Григорий Булатов пен алғаш рет Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаевқа «Ресей қаһарманы» атағын беру сұралған. Бұл атақты Ресей билігіне «Естелік шамы» («Свеча памяти») атты ресейлік қозғалыстың өкілдері жасаған. Өйткені, олар да тарихи әділеттілікті талап еткен. Алматы қаласында генерал Махмұт Телеғұсовтың жетекшілігімен Ардагерлер қауымдастығы ұйымдастырған Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған бірқатар мерекелік шара басталып кетті. Жастарды әскерипатриоттық тәрбиеге баулу, отансүйгіштікке ұмтылдыру – маңызды қадам. Ел қорғау – қасиетті парыз. Ерлік ешқашан ұмытылмайды.
А. МӘДИ

Күнтізбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4521410