Жетісу облысында құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған жаңа жоба жүзеге асырылады
- Толығырақ
- Жарияланды 11.07.2024 10:06
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 172
2024-07-11
Жетісу облысының тұрғындарын қоғамдық бақылау саласындағы құқықтық сауаттылықтарын арттыру үшін жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Басты мақсат - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және оларда қоғамдық бақылау саласында дағдыларды қалыптастыру бойынша оқыту іс шараларын өткізу. Бұл туралы Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен БАҚ өкілдерімен кездесуде Жетісу облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ерғазы Қошанбеков, жоба жетекшісі Бақыт Қалиева және « BasQaru» қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы айтып берді.
«Бұл жоба ҚР Қоғам бақылау туралы Заңын басшылыққа ала отырып, қоғамды ақпараттандыру үшін жасалып отыр. Оған 18 жастан бастап кез келген жастағы азаматтар қатыса алады. Бақ сынау үшін өңірдің 8 аудан, 2 қаласының тұрғандары өтінім бере алады. Жоба аясында 10 шағын грант беріледі. Әр гранттың құны – 300 000 теңге. Шағын грант аясында қоғамдық бақылауға байланысты әрбір аудан, қалада 2-3 іс-шара ұйымдастырылады. Қоғамдық бақылау топтары құрылады. Өзін-өзі басқару жүйесі жанданады. Кездесу семинарларына арнайы спикерлер тартылады және сұрақтарға жауап беріледі. Жоба соңында облыстық деңгейде қорытынды семинар ұйымдастырылады», - дейді спикерлер.
Нәтижесінде облыс бойынша кемінде 1000 тұрғын арасында қоғамдық бақылау саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыру күтілуде.
Одан бөлек, облыста мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға арналған әлеуметтік жоба жайлы да сөз болды. Оның аясында көрсетілетін қызметті алушыларға сауалнама жүргізіледі және қызметтердің сапасын бағалау үшін «құпия сатып алушы» әдістемесі бойынша Жетісу облысының мемлекеттік органдарына барады. Сондай-ақ, аудандардағы проблемалық қызметтер бойынша сұхбаттар ұйымдастырылмақ.