АЭС БОЙЫНША ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ АЙДАРЛЫ АУЫЛЫНДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
- Толығырақ
- Жарияланды 02.10.2024 10:59
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 73
2024-10-02
Аудандық халықтық штаб мүшелері Айдарлы ауылында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауына байланысты бірнеше маңызды мәселе талқыланды, әсіресе атом электр станциясының ұтымды тұстары мен маңызы ерекше назарға алынды.
Кездесуде сөз сөйлеген штаб мүшесі Молот Солтанаев АЭС-тың Қазақстан экономикасы үшін қаншалықты маңызды екендігін түсіндірді. Оның айтуынша, әлемнің дамыған елдері атом электр станцияларынан тоқ көзін үздіксіз өндіріп, оны тиімді пайдаланып отыр. Қазіргі уақытта елімізде электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуда, ал болашақта зауыттар мен фабрикалардың көптеп ашылуымен энергетика саласындағы жағдай күрт нашарлауы мүмкін. Осы себепті АЭС-ты енгізу арқылы туындайтын проблемалардың алдын алу қажеттілігі туралы сөз қозғады.
Алмас Токсанбаев өз сөзінде қазіргі таңда климаттық және экологиялық өзгерістердің орын алуына байланысты жел мен күн арқылы алынатын энергия көздерінің тұрақсыздығына назар аударды.
«Күн және жел электр станциялары ауа райы жағдайына тәуелді және тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Сонымен бірге экологиялық стандарттарды нығайту көмір мен газ өндіруді дамытуға шектеулер тудырады. Бұл жағдай жаңа тұрақты және экологиялық таза энергия көзінің қажеттілігін тудырады. Атом электр станциясы бұл мәселенің бірден-бір шешімі болуы мүмкін. Атом электр станциясы 60 жылдан астам тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге қабілетті. АЭС құрылысы энергетика мен өнеркәсіп өндірісін әртараптандыруға ықпал етеді», - деді ол.
Штаб мүшесі Кусайын Илямов өз сөзінде, егер біз болашақ ұрпақтың жайлы өмір сүруін қаласақ, бұл мәселеге бей-жай қарамай, дұрыс шешім қабылдауымыз керек деп атап өтті. Ол әрбір азаматтың референдумда дауыс беру кезінде ойланып шешім қабылдау керектігін айтты, себебі бұл тек қазіргі емес, болашақ ұрпақтың да өміріне әсер етеді.
Ақпаратпен мұқият танысқан жергілікті тұрғындар АЭС салу мәселесін қолдайтындықтарын ашық білдіріп, штаб мүшелеріне ризашылықтарын білдірді. Кездесу барысында тұрғындар АЭС-тың еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті екенін түсініп, бұл бастаманы қолдауға дайын екендіктерін көрсетті.