Орталыққа он жыл
- Толығырақ
- Жарияланды 26.01.2018 03:43
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1977
Қаңтар айының 20 күні ауданымыздағы Халыққа қызмет көрсету орталығы өзінің жұмыс істей бастағанына 10 жыл толуын салтанатты түрде атап өтті.Халыққа қызмет көрсету орталығы 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Алғашында Н. Головацкий атындағы ауылда өз жұмысын бастаған бұл орталық 2009 жылдан аудан орталығында жұмыс істеуде. Осы жылдар ішінде Панфилов аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы мол тәжірибе жинақтады.
Бүгінгі таңда ИИС, ЦОН бағдарламасы арқылы барлығы 332 мемлекеттік қызмет түрі және еgov.kz порталы арқылы 447 қызмет түрін алуға болады.
Аудан әкімімен келісіп бекітілген кесте бойынша орталықтан шалғайда жатқан елді мекендерге мобильді Халыққа қызмет көрсету машинасымен мамандар айына 2 рет шығып, құжаттар қабылдайды, кеңестер береді.
Өткен 2017 жылы egov.kz порталын оқыту жұмыстары жүргізіліп, 13 ауылдық, 1 қалалық округ мамандары сабақ алды. Электронды кілт жеке куәлікке немесе диск, флешкаға жазылады. Жарамдылық мерзімі 1 жыл. Осы бір жыл ішінде барлық округтерде қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін алуға болады.
2018 жылдан бастап жаңа пилотты жоба - «Баланың туылуы белсенді қызметін көрсету бойынша нұсқаулық», яғни СМС – хабарлама бойынша перзентхана арқылы қызмет көрсетілуде. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығы 2018 жылдың 7 ақпанынан бастап аудандық мектептердің информатика мұғалімдеріне Egov-порталын үйрету сабақтарын жүргізбек.
Бүгінгі таңда орталықта 48 адам екі ауысыммен үзіліссіз таңғы 9-00- ден кешкі 20-00-ге дейін жұмыс жасайды.
Онда әділет басқармасы, көшіқон департаменті, АХАТ бөлімдері де жұмыс істейді. Бөлім басшысы Қаныбек Жартыбаевтың, орынбасары Жанерке Бейбітхан мен бас маман Мұхит Карбаев сияқты білікті мамандардың арқасында аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы өз жұмысын мінсіз атқаруда.
Алматы облысы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ішінде ауданымыздағы орталықтың қызмет көрсету деңгейі жоғары бағаланып келеді.
Бұл күндері бөлімде құжаттарды қабылдау залы, кеңесшілер, өзіне - өзі қызмет көрсету секторы, құжаттандыру бөлімі, дайын құжаттарды беру және жинақтау секторлары бар. Білімді, инабатты, кішіпейіл қызметкерлер халыққа мінсіз қызмет көрсетуді мақсат етеді.
Халыққа қызмет көрсету орталығының 10 жылдығына байланысты бөлім басшысы Қ. Жартыбаев баяндама жасап, төрешілдік пен әкімшілдік, сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында жұмыс істей бастаған орталық бүгінгі таңда аудан тұрғындарына 150-ден астам қызмет түрін көрсететіндігін айтты. Соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріне де тоқталды.
Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ш.Құрбанов сөз алып, ондағы қызметкерлерге ізгі тілегін білдірді. Озаттарға аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті.
Өз кезегінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Досмайлов қызметкерлерді мерейлі мерекелерімен құттықтап, «Алғыс хаттарын» табыстады.
Шара барысында сөз алған аудандық Әділет басқармасының басшысы М. Сағымбеков ұжым басшысы Қ. Жартыбаевтың көп жылдық еңбегін жоғары бағалап, жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен бірге «Құттықтау хатын» салтанатты түрде табыстады.
Мерекелік шара барысында осы ұжымда жұмыс істеген А.Бағдәулет, Н. Көпбаев сынды азаматтар да сөз алып, жылы лебіздерін білдірді.
Жұмағазы Бейсебек.