«Жетісу облысы аграрлы аймақ болғандықтан, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 510 мың га құрады. 872 мың тонна дәнді дақылдар, 195 мың тонна майлы дақылдар,  266 мың тонна көкөніс-бақша дақылдары, 132 мың тонна картоп өндірілді. Өңірде қант саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді», – деді өңір басшысы. 

Биыл қант қызылшасының егіс алқабы 1,7 есеге ұлғайып, 13,7 мың гектарға жеткізілді, 635 мың тонна тәтті түбір жиналды. Нәтижесінде екі қант зауытында 94 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр, оның ішінде қант қызылшасынан – 64 мың тонна, қамыс құрағынан – 30 мың тонна. 

Облыста мал шаруашылығы да жақсы қарқынмен дамып келеді. Мал басының барлық түрлері мен ет, сүт өндірісінің өсімі қамтамасыз етілді. Төрт түліктің саны 2,5 млн басқа жетті.  

2024-2026 жылдары жалпы құны 33,2 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығына қатысты 31 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде 13 жоба осы жылы іске қосылды.  

Келесі жылы 5,3 мың гектар суармалы жер игеріліп, 37,1 мың га жер сумен қамтамасыз етіледі. 

«Облыс құрылған күннен бастап 43 жаңа өндіріс іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 9 өндіріс кеңейтілді, 1 мыңнан астам адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Күнбағыс майын өңдейтін «Агрокомплекс Жетісу Мажико» зауыты жұмысын қайта бастады және Талдықорғанда өнеркәсіптік аккумуляторлар өндіретін «Asma Industrial» заманауи зауыты іске қосылды», – деді спикер. 

Қазір облыста цемент, аккумулятор батареялары, керамика плиткаларын шығару жолға қойылып, құрама жем, күн панельдерінің өндірісі дамуда. Сонымен қатар Жетісуда баламалы энергетиканы дамытудың зор әлеуеті бар. Биыл 23 млрд теңгеге белгіленген қуаты 42 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 3 нысанының құрылысы аяқталды. 2028 жылға дейін 80 МВт болатын 6 жобаны жүзеге асыру жоспаланған.  

Тау-кен саасын дамыту шеңберінде құны 1,3 трлн теңгеге және 2 мыңнан астам жұмыс орнын құратын қуаттылығы жылына 860 мың тонна мыс концентратын құрайтын металлургиялық комбинат салу бойынша ірі жобаны іске асыру басталды. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Комбинат құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жылы аяқталады.