Өңірдің экономикалық әлеуеті

Жер  жанаты  Жетісудың  оңтүстік шығыс бөлігінде орналасқан  ауданымыздың  экономикалық-өндірістік   қуатын  ұлғайтуда  өңірімізден орын тепкен  «Қорғас-шығыс қақпасы» Шекара Маңы Ынтымақтастығы Халықаралық Орталығы мен Қорғас кедендік бақылау бекетінің, сондай-ақ Қорғас-Жетіген темір жолы магистралының, Құрғақ порт пен келешегі кемел Нұркент қалашығының өркендеп қанат жаюының маңызы алабөтен. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүзеге асырылып жатқан мұндағы іргелі  іс-шаралардың  ертеңгі  қанат  жаяр  өрісі  көңіл  сүйсіндіреді.

 

             Экономикасының   негізгі тіні - ауыл шаруашылығы болып табылатын Жаркент өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар ауқымы да  аз  емес.  Көңіл    толғайтын         табыстармен  бірге  жаныңды жабырқататын кемшіліктер де табылады.

            Міне, осындай ауданымыздың экономикалық әлеуетін жан-жақты сараптауға арналған жиын қаңтардың 31-ші жұлдызы күні аудандық Мәдениет үйінде өтті. Аудан әкімінің бұл қорытынды есебіне  негізделген алқалы жиынды аудандық Мәслихат хатшысы Ерғали Шоқпаров ашып, жүргізіп отырды.

            Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, аудандық Мәслихаттың депутаттары, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының жауапты қызметкерлері,  аудандағы мекеме, кәсіпорын басшылары, Жаркент қаласының, ауылдық округтердің әкімдері, БАҚ пен жастардың өкілдері қатысқан жиында аудан әкімі Темірлан Бектасов ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының 2017 жылы атқарылған жұмыстары мен үстіміздегі жылға белгіленген межелері жөнінде есепті баяндама  жасады.

            Өңіріміздің өндірістік-экономикалық дамуын жан-жақты саралаған осы есепті баяндама бойынша Үшарал ауылдық «Қарасу» кооперативінің басшысы, ҚР Мемлекеттік  сыйлығының иегері Күлғайша  Бердіғұлова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рехимжан Тохтахунов, славян этномәдени орталығының төрайымы Галина Борисова, Көктал ауылдық округінің тұрғыны Сайлау Сұлтанқұлов, Жаркент  гуманитарлық-техникалық колледжінің  студенті Әлия Әшім  жарыссөзге шығып, өз ой-пікірлерін ортаға салды, олар сондай-ақ аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген бағаларын да берді. Есепті жиында жеке шаруа қожалығының жетекшісі Әзкен Кәріпжанов Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне берілетін субсидияны алу жолдары жөнінде, сондай-ақ «Бастау-бизнес» саласында өз білімдерін жетілдіру бойынша оқыған курстарының сертификатын қалай алу керектігі   жөніндегі  сауалын  қойды.

            Есепті жиында арнайы келген құрметті қонақ - Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мырза сөз сөйледі. Ол Елбасының биылғы  Жолдауындағы маңызды міндеттеріне тоқтала келе әлеуметтік-экономикалық әлеуеті зор ауданның ертеңгі болашағының зор  екендігін көптің назарына салып, қол жеткізген табыстармен бірге елеулі олқылықтардың да орын алып отырғандығын тілге тиек етті. Облыс әкімінің  орынбасары Ж.Омар денсаулық сақтау саласы бойынша кемшін тұстарға тоқталып, ана мен баланың  шетінеуі, қыз балалардың  тәрбиесі, білім саласындағы олқылықтарға, аудандағы қылмыстық істердің көбеюі мен олардың дер кезінде ашылмай жатқандығы жайында өкінішпен баяндады және лауазымды тұлғаларға осы жайлар бойынша талап, міндеттер жүктеді.

            Аудан әкімінің есепті  жиыны қаралған мәселе жөнінде тиісті шешім қабылдады.

Қ.Бейсебай.


Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4840538