САРЫ ҚЫМЫЗ САПЫРЫП...
- Толығырақ
- Жарияланды 10.08.2018 06:38
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 2045
Сан мың жылдардан бері қалыптасқан салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, ұлтымыздың өмір сүру тәжірибесі – бүгінге бейімдейтін, өткенге аманаттайтын құндылықтарымыз. Сол себепті де оны қастерлеп, өзіндік болмыстың бір белгісі ретінде басқаға паш ете аламыз. Сондай ұлттық ерекшеліктеріміздің бір сипаты – қымызмұрындық.
Қымызмұрындық – керемет ұлттық мереке. Ол бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Бие сауылып, оның сүті қоюланып ашытылғаннан кейін бірнеше күн өткен соң, сол қымызға ағайын-туған, құда-жекжат бірін-бірі қонаққа шақырып, алғашқы қымыздың дәмін таттырады. Яғни, алғашқы сауылған қымыз «көпке бұйырсын» деген ниетпен көпшілікке үлестірілген. «Балқымыз» деп аталатын қымыздың сол түрі сыйлы қонақ, қадірлі мейманға ұсынылған.
Жуырда Қоңырөлең жұртшылығы сондай ұлттық мерекенің басталуына куәгер болды. Қазақтың салт-дәстүрін насихаттау мақсатында және Елбасымыздың «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Дәстүр жалғасы – қымызмұрындық» атты үлкен мереке ұйымдастырылып, ескіріп бара жатқан дәстүріміздің қайта жандануына үлес қосты. Сондай-ақ, дәл осы айтулы мерекемен қатар, Қоңырөлең ауылының тумасы, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», Қоңырөлең ауылындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Еңбек даңқы» орденінің, ауыл шаруашылығы Министрлігінің, облыстық, аудандық әкімдіктердің Алғыс хаттарының, Құрмет грамоталарының және бірнеше мемлекеттік медальдардың иегері, Халыққа білім беру ісінің үздігі, ақын-шежіреші, есімі «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына енген Құрметті азамат, қажы Жұмабаев Дауысқожа Нұрбекұлының «Жылқы жыры» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.
Оның өлеңдері «Жыр өңірі –Жаркент» атты аудан ақындарының жыр жинағына енген. «Осындай ырысты ауыл – Қоңырөлең» жыр жинағының авторы. 1993 жылы ауылда алғашқылардың бірі болған «Еңбек» жеке шаруа қожалығын құрған ел ағасы.
Жылқы – малдың патшасы деседі. Аталған жыр жинақ халқымыз үшін киелі жылқы малына арналып отырғандықтан, ұлттық дәстүрімізді ұлықтайтын, халқымыздың рухани құндылықтарының жаңғыруына себепші болатын, қазақ халқының ата-баба жолымен келе жатқан дәстүрлі «Қымызмұрындық» мерекесімен қатар тойланды. Бір-бірімен үндескен айтулы екі іс-шараға жиналған қонақтарды «Қоңырөлең» әні мен әжелердің шашуы қарсы алып, жиылған барша қонаққа ән-жырдан шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Бұл мерекеге аудан әкімі Темірлан Бектасов бастаған қонақтармен қатар, БАҚ өкілдері де қатысты. Қымызмұрындық мерекесіне жиылған барша қонақтарға төрт түліктің төресі – жылқыны кәсіп еткен, бие байлап, саба толы қымыз сапырған, ұлттық сусынды дәріптеуге үлес қосып жүрген бірнеше ауыл азаматтарын атап өтті. Сонымен қатар, балдай қымызды дайындаушылар арасында сайыс ұйымдастырылды. Іс-шараға келген барша қауымға Кербұлақ ауданының «Құрметті азаматы» Өмірбек Жақыбекқажы атамыз батасын беріп, жайылған ақ дастарханнан және жайлаудан бапталып келген қымыздан дәм татқызумен өз жалғасын тапты. Қонақтарға ауыл тұрғындары дайындаған ұлттық қол өнерлері мен басқа бұйымдары да таныстырылды. Бұдан кейін қонақтар мәдениет үйіне шақырылып, Дауысқожа Нұрбекұлының «Жылқы жыры» кітабының тұсауы кесіліп, шашу шашылды.
Ауданымыздың әкімі Темірлан Амангелдіұлы құттықтау сөз сөйлеп, ақын ағамызға сый-сияпат тарту етті. Одан кейін ақын ағамызға өз құттықтау лебіздерін білдіру үшін сахна төріне ауданымыздың «Құрметті азаматы», ақын, жазушы Исламғали Үркімбайұлы, аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» Сатыбай Мырзахметов және қариялар, ауылдас әріптестері шақырылды. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алар кемеңгерін»,-деп ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай бұл шарада ақын ағамызға құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды.
Шара соңында қымызмұрындық мерекесінде бастау алған қымыз дайындаушылар сайысының қорытындысы шығарылды. Қоңырөлең ауылдық мешітінің мәзімі Шалабай Зейнелұлы, Қоңырөлең ауылдық мешітінің имамы Бауыржан Нұрахметұлы, қажы Жүніс Құманұлы, округтегі аналар кеңесінің төрайымы Шайзада Бұлтбекқызы, Бөрібай би ауылының тұрғыны Көбенбаев Жайлаубай атамыз әділқазылар мүшесі болған бұл сайыста бапталған қымыз иелерінің жүлделі орындарын аудан әкімі марапаттады.
Мереке соңы ауылдық мәдениет үйі қызметкерлері дайындаған концертке ұласты. Кеш соңында Дауысқожа Жұмабаев ағамыз келген қонақтарға қолтаңбасы қойылған кітаптарын тарту етті.
Бағдат БЕЙСЕНҚЫЗЫ.