Жақсының аты өлмейді
- Толығырақ
- Жарияланды 25.08.2018 04:36
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1779
Кеңес Одағы кезінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып он жылдан астам ауданды басқарған Беспаев Серғазы Құрмашұлы егер тірі болса 85 жасқа толар еді. Мінезі салмақты білгір маман, ұйымдастырушылық шеберлігі бар салиқалы басшы ретінде аға буындардың есінде сақталып келеді.
Әділдікті ту етіп, тура жолдан таймаған сабырлы азамат 18 тамыз күні дүниеге келген екен. Өткен сенбі күні Серғазы Беспаевтың 85 жасқа толған туған күніне орай қаладағы Мәдениет үйінің алдындағы Желтоқсан оқиғасының құрбандары Л.Асанова мен Е.Сыпатаевқа орнатылған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Онда Жмутский көшесінің аты өзгертіліп, Серғазы Беспаев атындағы көше болып аталуына байланысты мәдени іс-шара өтті.
Ауданның экономикасы мен мәдениетін дамытуға өзіндік үлес қосқан С.Беспаевтың өмірі мен еңбек жолын баяндаған аудан әкімі Темірлан Бектасов өңірімізге өзіндік еңбегі сіңген аяулы азаматтың есімін келер ұрпақтың есінде қалдыру үшін көше есімі беріліп отырғандығы жөнінде айтты. Сондай-ақ көше және үй тазалығына ерекше көңіл бөлген отбасылары мен жаңадан шаңырақ көтерген осы көшенің үлгілі тұрғындары марапатталып, естелік сыйлықтар алды.
Шара барысында Серғазы Құрмашұлының замандасы, Социалистік Еңбек Ері К.Айтжанова сөз алып, аяулы азаматтың ел үшін істеген елеулі еңбектері үшін оның атына көше берілуіне ризашылық білдіретінін айтты. Сондай-ақ С.Беспаев туралы Алматы облысының «Құрметті азаматы», облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Келемсейіт, қызметтес бауыры А.Шегіров, зейнеткер Ш.Нұғманов, күйеу баласы Т.Нұрмағанбетов, зейнеткерлер Р.Айсаев, Г.Молчанова мен М.Мафухаевтар сөз алып, С.Құрмашұлының әділ басшы болғанын, байсалды да білгір азамат екенін айтып, еске түсірді.
Шара барысында Серғазының ұлы Жанат сөз алып, барша жаркенттіктерге ризашылығын білдірді. Сахнаға шығып сөз сөйлеген азаматтардың бәрінің иығына шапан жапты. Ашық аспан астына жасалған сахна төрінде Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерінің және көптеген медальдардың иегері С.Беспаевтың портреті тұрды.
Бұл күні елеулі еңбегімен ел құрметіне бөленген аяулы азаматтың ескерткіш тақтасы ашылып, әжелер шашу шашты.
Шара барысында аудан көркемөнерпаздары ән айтып, би билеп көрермендердің көңілін шаттыққа бөледі.
Серғазы Құрмашұлы Беспаевтың ұрпақтары атынан сөз алған Жанат Серғазыұлы Жаркент халқына, аудандық, қалалық және облыстық әкімдіктерге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ алыс-жақыннан арнайы шақырылған азаматтар ұйымдастырылған кең дастарқан мәзірінен дәм татып, аттанды.
Жұмағазы Нұрақынұлы.