Жүгері өсірудің ғылыми тиімділігі
- Толығырақ
- Жарияланды 03.09.2018 10:08
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 1803
Елімізде соңғы жылдары ауыл шаруашылығына көңіл бөлініп келеді. Суармалы жерлерді тиімді пайдалану, мол өнім алу үшін ғылым мен техника жетістіктерін пайдалану арқылы сапалы өнім өндіру керектігі бүгінгі күннің талабы болып отыр.
Тамыз айының 24-і күні «Ернар» шаруа қожалығының егіс алқабында өткен аймақтық семинардың маңызы өте зор болды.
Жүгері егістігінің басында өткен семинар-кеңесте көптеген ауыл шаруашылық «АгроТехСила» техникаларының көрмесі ұйымдастырылған. Онда жүгері оратын жаңа комбайндар мен жаңа тракторлар, жүгері тұқымын себетін сеялка, түрлі зиянкес жәндіктер мен арамшөпке улы химикат шашатын Италияның техникалары, топырақ өңдейтін агрегаттар және сауын аппараттары сияқты тағы басқа көптеген заманауи техникалар қатар-қатар тізіліп келушілерге көрсетілді.
«Ернар» шаруа қожалығы мен «Syngenta» және «Koppert» компаниялары бірігіп өткізген бұл шараға ауданымыздағы шаруа қожалығының басшылары, фермерлер, округ әкімдері мен ауыл шаруашылық мамандары, ғалымдар мен сала басшылары қатысты.
Семинарда аудан әкімі Темірлан Бектасов бастаған шаруа қожалығының басшылары ауыл шаруашылық техникаларының көрмесін аралап көріп, тиісті мәліметтерді алды. Онда техникаларды сипаттайтын көрнекілік құралдар келушілерге тегін таратылды. Сондай-ақ химиялық тыңайтқыштар мен жүгерінің түрлі зиянкестеріне пайдаланатын химикаттар туралы жазылған кітапшалар мен көрнекіліктер таратылып насихат жұмысы жүргізілді. Көрмеде техниканың қосалқы бөлшектері де сапалы екендігі айтылып, Украина, Италия сияқты елдердің озық техникалары көрсетілді.
Аймақтық семинарды аудан әкімі Темірлан Бектасов ашып, жүргізіп отырды.
Ауыл шаруашылық қызметкерлерінің аймақтық семинарында Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тұқым шаруашылығы бөлімінен А. Қасымов, «koppert» B.V. компаниясы директорының орынбасары Рик Вандер, Қазақстан Республикасы ғылыми зерттеу институтының бас директоры Серік Кененбаев, «Ернар» элиталық жүгері тұқымын өндіретін шаруа қожалығының басшысы Тасқын Жапарқұл, Қазақ ғылыми зерттеу институтынан Абай Сағитов және басқалар сөз алып, ғылыми тұрғыдағы пікірлерін практикамен ұштастырып айтты.
Семинарға облысымыздағы 5 ауданнан және шет елдерден де ауыл шаруашылық саласының өсімдікті қорғайтын мамандары қатысты. Онда үздік технологияны пайдаланудың жолдары мен биотехнологияның керектігі жүгеріні қорғау бағдарламасы жөнінде терең ойлар айтылды.
Дүниежүзіне танымал компаниялардың қатысуымен өткен семинарға Еңбекшіқазақ, Іле, Ұйғыр аудандарының диқандары қатысып, жаркенттік жүгерішілермен тәжірибе алмасты. Олар өсіп тұрған жүгерінің агротехникалық ережелерге сай күтіліп бапталғанын өз көздерімен көрді.
Жүгерінің өсу барысымен танысты.
Тасқын Жапарқұл басқаратын шаруа қожалығында жүгерінің элиталық будан сорттары өсіріледі. Оны талапқа сай өңдеу үшін шаруашылықта арнайы завод ашу көзделуде.
Семинарға қатысушылар гектар өнімділігін арттырып, сапалы жүгері тұқымын өндіру арқылы табыс биігінен көрінуді мақсат ететіндіктерін жасырмады. Тәжірибе алмасудың маңызы зор екенін түсінген шаруа қожалығының басшылары мен фермерлер өндірісті ғылыми тұрғыда жетілдіріп, жұмыс жүргізу керек деп шешті.
Ауданымыздың диқандары жүгері дақылын өсіруге қалыптасқанын егіс басындағы семинардан көріп-білген өзге аудандардан келушілер мен аталған компания қызметкерлері және осы салада қызмет етіп жүрген ғалымдар Жаркент крахмал-сірне заводында болып, оның жұмысымен танысты.
Семинар соңында алыс-жақыннан келіп шараға қатысушылар «Атлантик» мейрамханасында «Ернар» шаруа қожалығының жайған кең дастарқанынан дәм татып аттанды.
Жұмағазы Бейсебек.