ДАИШтың тұзағына шырмалып қалмаңыз

Ислам - мейірімділік және бейбітшілік діні. «Ислам» сөзінің өзі амандық, бейбіт өмір деген мағыналарды білдіреді. Ал енді осы дінді ұстанатын мұсылман момын адам. Мұсылман ең алдымен рухани  таза  адам, ол ешкімге  жаманшылық  ойламайды,

біреудің ала жібін аттамайды, мұқтажға жәрдем береді, жаны жақсылыққа жақын, парыздарын да бұлжытпай орындайды.

     Сондықтан да хадис шарифте: «Мұсылман тілімен де, қолымен де қауіпсіз адам» деп келеді. Міне,  дәстүрлі  исламды ұстанған мұсылманның   бейнесі-осы.

     Бүгінгі қой терісін жамылған қасқыр сияқты көптеген террористік ұйымдар да ислам атын жамылып, әлем жұртшылығын әбден әуре-сарсаңға салды. ДАИШ-осындай террористік ұйымдардың бірі.

     Киімдері қара, жүздері суық, шаштары өскен, сақалы қараусыз кеткен ДАИШ содырларын Пайғамбар салып кеткен  мұсылманның бейнесімен салыстыра алмайсыз. Қалайша адамзатты мейіріммен жаратқан Алланың дінін жамылып, жазықсыз адамдарды бейкүнә балаларды, нәзік әйелдерді, әлсіз қарияларды жайдан-жай өлтіруге болады. Алланың дінін ұстанған адам жан-жағына қорқыныш пен үрейді емес, қуаныш пен шаттық  сыйлауы керек емес пе?

     Бүгінде содырлардың Ирак пен Сирия жерінде бейкүнә балаларды ұрлап, қару пайдалануды үйрететін арнайы лагерьлерге жіберіп, тоғыз жасқа толған  соң оларды соғыс шептеріне жіберетіні белгілі. Бұған қоса бұл ұйым оларды жарақат алған әскерлері үшін жан-жақты донор ретінде де пайдаланады.  Мәселен,  ДАИШ 2015 жылдың қаңтар айында Ирактың Мосул қаласында теледидардан футбол көргендері үшін 13 баланы  өлтірді. Алаңға халықты жинап, футбол көрудің харам екенін айтып, кейін бейшара жасөспірімдерді ешқандай аяусыз пулеметпен қырып салған. Ал, ата-аналар балаларының өлі денелерін алып та кете алмаған. Өйткені, содырлар «сендер дұрыс тәрбие бермегенсіңдер» деп оларға да кінә тағып, айыптаулары мүмкін еді.

     АҚШ-тың Джорджия Университеті жүргізген зерттеу қорытындысына сүйенетін болсақ, онда мамандар бірнеше жыл қатарынан террористік ұйымның үгіт-насихаты мен өзге де  материалдарына, лаңкестікке тартылған  жас  балалардың белсенділігіне сараптау-талдау жұмыстарын жүргізген. Зерттеу қорытындысында сарапшылар қарулы қақтығыстарда 8-18 жас аралығындағы 89 бала қаза болғанын мәлім етті. Жасөспірімдердің көпшілігі, негізінен Ирак пен Сирия елдерінен. Олардың басым бөлігі бомба орнатылған көлікпен жанкештілікке барған. Қазір ДАИШ қатарында балалардың 60 пайызы -12-16 жастағылар.

     ДАИШ террористік ұйымдағы балалар мен жасөспірімдер саны 2014 жылғы дерекпен салыстырғанда үш есеге көбейген екен. Шынайы ислам дінінде  ойын баласын  өлтіру немесе соғыс мақсатында пайдалану, азаптау былай тұрсын, оны алдауға да болмайды. Бұған ислам қатты қарайды. Баланың өзі де, жаны да қымбат. Ертедегі дін ғалымдары мен тақуалары баладан бата сұрайтын болған. Оның дұғасын Алла тез қабыл алады деп өзі үшін дұға жасауын өтініш қылған. Өйткені бала бейкүнә. Бұған қоса Алла тағала балаларды осы дүниенің  гүлі мен сәні етіп  жаратқан.

     Құранда арнайы «Ниса», яғни «әйелдер» деп аталатын сүре бар. Осының өзі мұсылман қоғамындағы әйелдің орны мен маңызын білдіреді.  Пағамбар да (с.ғ.с) өзінің мәшһүр хадисінде: «Жәннат ананың аяғының астында» деп айтқан. Алайда, мұндай аят пен хадистер ДАИШ содырларына мүлдем қатысы жоқ деп ойлайсың. Олар мұндай тыйымдарды ұстанбайды, елемейді де. Өйткені, ДАИШ үшін әйелдерді өлтіру, ұрлау, күңдікке сату, көңіл көтеру, зорлықпен содырларға үйлендіру және т.б. қылмыс түрлері үйреншікті  нәрсе.

     Ислам атын жамылып, ақ көңілді жастарды алдап, арбап, оларды бейбіт халыққа қарсы қойып жүрген ДАИШ зұлмат емей  немене?

     ДАИШ-тың идеологиясы тұнып тұрған бүлік. Кішіні үлкенге, баланы әкесіне, қызды анасына, жастарды бір-біріне «мұсылман-кәпір» деп қарсы қояды. Ислам жазықсыз адамның өміріне қауіп  төндіруге, жеке мүлкіне қол салуға, ар-намысын таптауға рұқсат бермейді.

   Сондықтан, Сирияға барып ДАИШ-тың қатарында жиһад қыламын, шаһид боламын деуге ешбір негіз жоқ. Ол  жақтағы терроризмді Алланың  жолындағы соғыспен шатастыруға болмайды. ДАИШ-исламнан емес. Бұған қатысты ислам әлеміне танымал түрлі ғұламалар, пәтуалар  шықты.

   Жазықсыз халықты  қырып, кейін «Аллаһу акбар» дегеннен ешкім жәннатқа кіре алмайды. Ешкім де мұндай лаңға бой алдырып, өзіне де, исламға да абырой әпермейді. Керісінше,  ақ жаулықты анасының қарғысына  қалмақ! Мұны еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматы  білген дұрыс.

   Жастарымызды осындай қателіктен сақтап қалуға күш  салайық.

Б.Бейсенқызы

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

booked.net