ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМ: ДІН МЕН ДӘСТҮР ҰШТАСТЫҒЫ

22.03.2019ж

Аталған тақырып аясында наурыздың 18-і күні Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің мәжіліс залында аудандық дінтанушылар және діни бірлестік жетекшілерінің форумы болып өтті.

          Форум ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мен Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жоспарланған мақсатты жұмыстардың орындалуы мақсатында өтті.

          Форумды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Илипов ашып, аудан әкімінің арнайы құттықтауын жеткізді.

          Елді-мекендердегі халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында өткен форумға Астана, Алматы қалаларынан арнайы қонақтар да келіп, форумға қатысушыларға арнайы баяндамаларын оқыды. Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры, «Білім және жаңа инновациялық технологиялар орталығы» қоғамдық қорының директоры, тарих ғылымдарының докторы (Алматы қаласы) Жанат Сманқұлова алғашқы сөз кезегін алып, аталған форумның мәні мен маңыздылығына тоқталып, жиналған қауымды толыққанды ақпараттандырды. «Терроризмге қарсы комитет» Республикалық қоғамдық бірлестігінің оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты (Астана қаласы) Мирхат Мадияров бүгінгі қоғамда өршіп тұрған террористік әрекеттердің белең алу мәселелеріне тоқталып, қазіргі жас ұрпақ санасына өзіміздің төл мәдениетімізді, тарихымызды, дінімізді дұрыс дәріптеу керектігін, әрбір ата-ана мен жас ұрпаққа тәрбие нәрін сусындатар ұстаздар  осы артылған жауапкершілікті сезіне отырып бірге жұмыс жасау керектігін  атап өтті. Қазіргі таңдағы терроризм мен діни экстремизм  мәселелерінің алдын алу шараларына да тоқталды.

          Сондай-ақ, философия ғылымдарының докторы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениет университетінің профессоры (Алматы қаласы) Қайрат Затов, Яссауи университеті гуманитарлық ғылымдар факультетінің Ph докторы, теолог (Түркістан қаласы) Бауыржан Ботакараев, «Астана және Алматы епархиясы Пророк Илья қауымы» жергілікті православиялық діни бірлестігінің өкілі  (Жаркент қаласы) Велов Александр, аудандық мешіттің бас имамы Серік Шәріп сөз алып, тарих пен дін тоғыстығы туралы сөз етіп, барша қауымды діни сауатты болуға шақырды.

          Бұл форумға аудандық мекемелер мен бөлімдер, білім беру ұйымдарының басшылары, техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, білім беру ұйымдарының психологтары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар қауымдастығы, қоғамдық ұйымдар, аудан тұрғындары, діни қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

          Басқосу соңында форумға келген қатысушылар өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар ала алды.

          Аталған форум Көктал, Ақжазық, Пенжім, Алмалы, Шолақай, Тұрпан ауылдарында да өз жалғасын тауып, ақпараттық-түсіндіру тобымен келген өкілдердің қатысуымен өтті.

Ақмарал   ҚУАНТАЙҚЫЗЫ.

Күнтізбе

« Қараша 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 690325