Зекет - дүние мүліктің берекесі

       17.05.2019ж

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына қарасты Зекет қорының құрылғанына да бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Қазір әр аймақта өкілдіктері жұмыс жасап жатыр. Биыл бесінші жылға қадам басқан ауданымыздың зекет қоры көңіл көншітерлік деңгейде болмай тұр.

    Қазақ мұсылман болу әсте-әсте деп бекер айтпаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) исламдағы бес парызды үмбеттеріне біртіндеп түсіндірген. Сондықтан иманымызды бекітіп, намазымызды түгендеп, оразамызды  ойдағыдай ұстана бастаған тұста зекет тақырыбын насихаттауды қолға алып жатқан жайымыз бар.

   «Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің»- деген ұлағатты сөз бар. Дінімізде зекет –көбею, өсу, тазару деген мағыналарды қамтиды. Яғни белгілі мөлшерге жететін байлыққа ие болған адам дәулетінің қырықтан бір бөлігін жылына бір рет қоғамдағы жандарға зекет ретінде беруге міндетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) зекет бермеген қауымдарды Алла тағала міндетті түрде жоқшылық пен аштыққа ұшыратады деп қатаң ескерткен.

   Зекет бес парыздың бірі болғандықтан өте мұқият қараған жөн. Зекетті есептеудің өзіндік талаптары, шариғи шарттары бар. Ал зекет қорында «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей осы іспен арнайы айналысып жүрген мамандар жұмыс істейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде зекетін бермегеннің намазы қабыл емес, кімде-кім мал дүниесінің зекетін бермейтін болса, өзінен жиырма фарсақ жердегі тұрғындардың қайсы бірі қайыр тілеп кетсе, немесе аштан өлсе, зекет бермеуші солар үшін жауапқа тартылады деген.Бір фарсақ шамамен алты-жеті шақырым. Сонда біз зекетімізді бермесек осыншама қашықтықтағы айналамызда өмір сүріп жатқан мұқтаждардың жағдайы үшін жауап береміз. Ендеше әрбір дәулетті кәсіпкер, қалталы азамат өзі табыс  тауып жатқан өлкенің кедей кепшігіне қарайласып тұруы мұсылмандық міндет дегім келеді.

   Зекет қоры негізінен бірнеше жобалар аясында жұмыс істеуді көздейді. Алла разы болсын, жасырын, жария зекет, садақаларын беріп жатқан жомарт жандар баршылық, дегенмен, әлі де жұрт болып жұмылып, зекет туралы насихатты жетілдіре беруіміз керек. Көпшілігі тіпті дүниесін есептемей, шамалап жүз, екі жүз мың теңге немесе белгілі бір көлемдегі қаражатты мұқтаждарға беріп, соны зекет деп есептейді. Садақасын,  жақын туған-туыстарына берген көмектерін зекетпен шатастырып жататын жәйттар да әлі күнге дейін кездеседі.

   Зекет нақты есептеліп және құранда көрсетілген сегіз топқа ғана беру керектігін білген жөн. Егер түсініксіз жәйттар болса, сайтта, әлеуметік желілерде, барлық байланыс жолдары көрсетілген, кез келген уақытта сұрап кеңес  алуға болады. Қолыңда бар дүниені шариғат көрсеткендей елмен бөліссең, берекең артады.  Алла тағала «Тиісті орынға бір нәрсе жұмсасаңдар, сонда Алла тағы еселеп береді» деп айтқан. (Сәбә 39 аят).

   Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде зекет беру ешқашан байлықты кемітпейді дейді. Сондықтан әр қайсысымыз бес парыздың бірі зекетті төлеп, оны насихаттауға өз үлесімізді қоса аламыз.

Қабди  Ақжүнісұлы,

 аудандық зекет

 қорының өкілі.

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4736136