Ынтымақ алды - Отансүйгіштікте
- Толығырақ
- Жарияланды 28.06.2019 08:50
- Автор: Super User
- Категория: Иман
- Қаралды: 1511
28.06.2019ж
Туған жер, туған елге деген сүйіспеншілік – адам табиғатына тән сезімдер. Адам баласының абыройы мен қадір-қасиеті Отанға, туған жеріне, еліне тікелей қатысты болып табылады.
Ислам сансыз көп ұлттар мен ұлыстарды түрі мен нәсіліне қарамай бір шаңырақ астына біріктірген бүкіләлемдік бауырмалдықты үйретеді. Сондықтан Құран кітабы адамзаттық өркениетті байыта отырып, әрбір ұлттың өз болмысын сақтауын, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасқанын құптайды.
Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісілік қасиеттерге үгіттейтін дін болса, Отан – сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Олардың мүдделері ел игілігі, сол үшін де олар әрқашан бірге болуы, бірге қол ұстаса, иықтаса қызмет етулері тиіс.
Құран Кәрім аяттары бойынша Отан үшін күрес дін үшін күреспен бірдей саналады. Өзгелердің Отанына көз тігіп, қол сұғу – зұлымдық, жер бетіндегі бұзғыншылық әрі үлкен күнә. Сондықтан, Алла Тағала пайғамбарлар арқылы ешкімді Отанынан айырмауға, елінен қумауға байланысты адамдардан уәде, жауапкершілік антын алған.
Мұхаммед пайғамбардың өмірінде де туған жер, отанға деген ыстық ықылас пен оның игілігін көксеудің өнегелі көріністері бар.
Ислам тек құлшылықтар діні ғана емес, ол қоғамды, Отанды қорғап, елді сүюге, адамзатқа адал болуға, айналаға пайда келтіруге тәрбиелейтін парасат діні. Сондықтан туған жердің тұғырын биік ету – адамдық әрі мұсылмандық борыш болып табылады.
Осындай кең өрісті дүниетанымның қалыптасуын қамтамасыз ету арқылы дін құндылықтары өз кезегінде гуманистік қоғамдық құбылыс ретінде ұлтаралық үдерістерді тұрақтандыруға, бейбітшілік пен адамзаттық келісімнің орнығуына әсер етеді.
Егер де, Сіз немесе сіздің туыстарыңыз деструктивті діни ағымның арбауына түскен болса, діни салаға байланысты сұрақтарыңыз туындаса, облыс бойынша тегін 8-800-080-28-95 сенім телефонына хабарласыңыз!
«Алматы облысының дін істері басқармасы» ММ
«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы».