«ДАИШ» – исламға төнген қауіп

19.07.2019ж

Араб тілінің сөздігінде «жүрілген жол» мағынасын білдіретін «мәзһаб» Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) адамдарға жеткізілген Ислам дінінің сенім және ғибадат жүйесінде кейбір мәселелерді дәлелдеп, одан үкім шығарып, оларды түсінуде ғалымдар бір-бірінен өзгеше көзқарастардың жиынтығын «мәзһаб» деп атаған.

                 Мұсылман мемлекеттерімен қоса ислам діні аз таралған елдерден әп-сәтте содырлардың пайда болып, Таяу Шығыста бір мезгілде бас түйістіруі осыны әйгілесе керек. Ал, сыбдырын білдірмей, үлкен ойынды ұйымдастыру үшін қараниет күштер адамдарды арбаудың ең озық технологияларын пайдаланды.        

                 Әбу Мұса әз-Заркауи тарапынан     2004 жылы Иракта «Таухид и-жиһад» деген атпен «Әл Кайданың» бір қанаты ретінде құрылған лаңкестік топқа   2011 жылы Әбу Бәкір әл-Бағдади жетекшілік жасағаннан бастап ұйымның атауы «Әд-Дәулат     әл-Исламия фил-Ирақ уәш-Шам» болып өзгертілді.

                 ДАИШ – негізінен Латакия жерінде ислам халифатын құруды көздейді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қазір лаңкестік ұйым Ирак пен Сирия үкіметінің әскери күштерімен және өздерін қоштамаған өзге де топтарға қарсы қанды қырғын соғыс жүргізуде. Әсілі, ДАИШ тарих сахнасына шыққан күннен сын садағына ілінді. Содырлық топтың сойқан іс-әрекеттері Сирия мен Ирак жеріне қарақұйын пәлекет алып келді. Ұйымның әрбір ісі көпшілік қауымға қорқыныш пен үрей салды. Былтырғы жылы 126 мұсылман ғұламасы ДАИШ-тың іс-әрекеті ислам құндылықтарымен ұйыспайтынын айтып жаһанға жар салды. Қазір ұйымның экстремистік пиғылда,        іс-қимылы террорлық сипатта екендігі әлемге аян. Алайда, ДАИШ өздерінің жасап жатқан қанды қырғынын ислам дінімен байланыстыруын доғарар емес.       

                Ең сорақысы, қанды-қасап қылмыстарын «Халифат» атымен жасауында. ДАИШ-тың өздерін «Ислам халифаты» деп жариялауы  дін негіздерімен мүлде сәйкеспейді. Қарақұйын пәлекетті ұйымдастырушы ДАИШ ұйымы кіл жанкештілерден тұратын жасақты құру үшін кез келген пендені еліктіретін не түрлі айла-амалға жүгінген. Олар бірінші кезекте ел ішіндегі әлеуметтік әлеуеті төмен, қаржы тапшылығы жан алқымнан алған жандарды ақшаға қызықтырумен «жиһадқа» азғырады. Кедейшілік өтіп кеткен әлеуметтік топтар қаржы қыспағынан шығу үшін амалсыздан жалдамалы әскер (легионер) ретінде айқайға сүрең (жиһад ұранына) қосады. Жоқ-жітікті ақшамен «жиһадқа» еліктірсе, керісінше,       бай-бағланды бар жиған дәулетін «жиһадқа» сарп етуге шақырып, жомарттық жасағаны үшін жәннатты сүйіншілейді.

                Лаң салуға үндеушілердің қоғамда орын алып жатқан әділетсіздікті жазғырып, өрескелдіктің орнын «жиһад» жасаумен ғана толтыруға болады деген насихаттары да өз жемісін берген. Айталық, ДАИШ-тың сапында әлеуметтік теңсіздік көрген содырлардың саны анағұрлым көп. Сондай-ақ, саяси көзқарасты ашық айтуға қысым жасайтын елдердің азаматтары қарсылық (протест) танытудың баламасы ретінде «жиһад» ұранын көтеруге дайын тұрады. Әсіресе, бас алпауыт елдердің езгісіндегі ұлт өкілдері қарсылық көрсетуді «жиһад» жасаумен алмастыруға бейім болып келеді.

                Қазір қоғамда отбасы құруда жолы болмаған және өмірден өз орнын таппай психологиялық күйзеліске ұшыраған азаматтардың саны өте көп. Олар ішкі күйіктің орнын басар баламалы жол іздейді. Өмірден қатты теперіш көрген жандар үшін таңсық бір істі жасау, өзін әбден меңдеп алған психологиялық дерттен оңай арылу секілді болып көрінеді.                               Арбаушы топ осындай өз-өзін кем сезінген бейбақ жандарды тұзаққа тез түсіреді. Әлбетте, ол үшін арбаушылар адамдармен арнайы жеке-жеке жұмыс жасайды.

                ДАИШ – мұсылман үмбетінің арасына арнайы салынған үлкен іріткі, исламға жағылған қара күйе. Сондықтан, «жиһад» деп сағым қуып кетіп жатқан жастар осы айтылғандардың бәрін ақыл елегінен өткізіп, салқынқандылықпен әрекет етуі, көрінгеннің қолжаулығына айналмайтын ақыл-парасатқа ие болуы қажет.

                Пайдаланған әдебиеттер:

1.             «ДАИШ исламға төңген қауіп», мақала авторы – Мұхан Исахан.

2.             «ДАИШ дүрбелеңі – жат жұрттың мүдделері», мақала авторы - Алау Әділбаев.

«Алматы облысының

Дін істері басқармасы» 

мемлекеттік мекемесі

 «Дін саласындағы мәселелерді

зерттеу орталығы»

коммуналдық  мемлекеттік мекемесі .

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4725463