Рух тарихы-ұлт тарихы

02.08.2019ж

Ұлттық тарихты қайта зерделеу үдерісі бірінші кезекте рухани тарихымыздың даму жолын толыққанды түрде саралап, шынайы бағасын беруге, руханиятымыздың тарихи дәуірлердегі және қазіргі келбетін айқындап, лайықты деңгейде ұлықтауға зор мүмкіндік береді.

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев: «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» деген болса, осы әділетті баға бірінші кезекте біздің рухани тарихымызға қатысты айтылған деуге болады.
     Баршаға белгілі, ұлт тарихы ажырамас екі негізден құралады. Бірі – егемендік жолындағы ерлік күрестерден құралған азаматтық тарих, ал, екіншісі – ұлттың идеологиялық бағдарын орнықтыру жолында жасалған рухани тарих. Біздің азаматтық тарихымыз көптеген іргелі зерттеулерге арқау болды. жеткілікті түрде назар аударылмай келе жатқан үлкен бір бағыт – рухани тарихымыз дер едік. Отандық тарих ғылымында рухани тарихты рухани мәдениет арқылы сипаттау қалыптасқан. Бірақ біз бір нәрсені ұмытпауға тиіспіз: Мәдениет нәтижелерден құралады, ал тарих – үдерістің өзі. Ненің болғанын мәдени мұрадан танимыз, ал қалай болғанын тарих танытады. Бұл екеуі бір болмаған жерде толыққанды тарих болмайды. Сондықтан азаматтық тарихтың ажыамас бөлігі ретінде рухани тарихтың даму барысы да біз үшін кейінгі кезекте қалмауы тиіс.
      Рухани тарих – ұлт тәжірибесінде жинақталған рухани ілімдер, рухани құндылықтар, ұлттық және мемлекеттік идеологиялар тарихы. Азаматтық тарих оқиғалардың сыртқы қалыбынан құралса, рухани тарих оның ішкі мазмұнын, мәнін, болмысын құрайды. Басқаша айтқанда, рух тарихы дегеніміз – ұлт тарихы, себебі ұлттың негізгі өлшемі формалық емес, мазмұндық өлшем.
    «Рухани тарих» дегенде алдымен дін еске түседі. «Дін»  ұғымына қатысты мына жайтқа назар аударған жөн: дін тек сенім мәселесіне ғана емес, рухани құндылықтар, соның ішінде әсіресе мораль (ахлақ) мәселесіне де тікелей байланысты. Моральдың негізі ұстаным болса, ұстанымның тірегі – сенім. Бейнелей айтқанда, діннің жартысын сенім, жартысын ахлақ құндылықтары құрайды. Ата дініміз исламның ұлы тұлғасы Мұхаммед пайғамбар Алла мен адамдар арасындағы елшілік қызметіндегі ең басты міндетін: «Мен көркем мінез-құлықтарды жетілдіру үшін келгенмін» деп түсіндірген. Бұл хадис сенім мен мораль мәселесінің тікелей байланысты екендігінің айғағы. «Дін дегеніміз – насихат» деген Мұхаммед пайғамбардың хадисі де бар. Насихаттың мақсаты да сенімді уағыздай отырып, ахлақты түзету мен тәрбиелеуге саяды.
      Ислам діні қазақ даласына таралғаннан бастап, ғасырлар бойы халықтың өміршең рухани-моральдық құндылықтарымен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен кірігіп, дін мен дәстүр бірлігін құрады. Өз болмысында мораль мәселесіне баса мән беретін ислам діні рухани құндылықтарды пір тұтқан қазақ төлтума руханиятымен үндескенде, дін мен дәстүрдің асқақ адамгершілік ұстанымдарға негізделген қайталанбас бірегей сұхбаты қалыптасты.
Дін тарихын таразылау барысында осы ерекшеліктерді талдап, түсіндіріп, негіздеп беру қажет. Бұл мың жыл бойы халықтың өзімен бірге жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан алыстатып бара жатқан қазіргі теріс пиғылды ағымдар идеологиясына тосқауыл болар тарихи негізді қалыптастырады. Сол арқылы қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған арандатушы әрекеттерге ғылыми пайымды жауап берілмек.
Таразының бір жағында сенім, екінші жағында рухани құндылықтар тұрғанын біз естен шығармауға тиіспіз. Иман таразысы теңелуі үшін оның екі басы бірдей болуы қажет. Дәстүр дінсіз, дін дәстүрсіз өмір сүрмейді. Сондықтан да дін тарихы дегеніміз біз үшін –мәдениет тарихы, ұлт тарихы, рух тарихы.
     Егер де, Сіз немесе сіздің туыстарыңыз деструктивті діни ағымның арбауына түскен болса, діни салаға байланысты сұрақтарыңыз туындаса, облыс бойынша тегін 8-800-080-28-95
сенім телефонына хабарласыңыз!
«Алматы облысының дін істері басқармасы» ММ
«Дін саласындағы мәселелерді
зерттеу орталығы» КММ.

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4725457