Күрмеуі қиын мәселе
- Толығырақ
- Жарияланды 18.10.2019 04:46
- Автор: Super User
- Категория: Иман
- Қаралды: 1683
1771072019;
Бүгінде дін тақырыбы барша әлемнің «күйіп» тұрған ортақ мәселесі. Ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда адамзат атаулының дінге деген көзқарасы қандай болуы керек?
Әсіресе, кешегі кеңес дәуірінде «Құдай жоқ, дін-апиын!» деген идеологияның тәрбиесін алған ұрпаққа енді кім жөн сілтейді? Жалпы күрмеуі қиын бұл мәселені шешуде әлемнің қай елін үлгі тұтамыз? Міне, осы секілді сұрақтарға бүгінгі күллі қоғам басын қатырғалы қай заман. Әсіресе, соңғы жылдары елімізде халықтың дінге деген ықыласы ерекше. Мұның бір ғана айғағы ретінде елімізде мешіттер мен оған келушілер санының күрт артқандығын айтуға болады. Мұның сыртында, сан түрлі діни ағымдардың жырын айтып тауысу тіпті мүмкін емес. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары құдай дегеннің барлығын құшақ жайып қарсы алып, артынша оларды «сектанттар» деп жерден алып, жерге салып жарыса жаздық кезінде.
Десек те, дін мәселесі қоғамда қашанда өткір әрі нәзік екендігін ұмытпағанымыз жөн. Оның үстіне, Қазақстан демократиялық, зайырлы мемлекет! Бұл туралы Ата Заңымызда тайға таңба басқандай етіп анық жазылған. Демек, тәуелсіз еліміздің дін турасындағы саясаты да осы демократиялық әрі зайырлылық қалыптан ауытқымауға тиіс. Бұл заман талабы ғана емес, елдігімізге де сын. Иә, адамзат бүгін түрлі діннің атын жамылып, әлемге әмірін жүргізуді көздейтін ұйымдардың атынан да, санынан да жаңыла бастады. Бұл мәселеде Қазақстан да қарап отырған жоқ. Дін істері агенттігі құрылып, «Дін туралы» заңымыз да пысықталды. Осының нәтижесінде бүгінгі таңда елімізде діни бірлестіктерді сүзгіден өткізіп, қайта тіркеу науқаны жүріп жатыр. Агенттіктің мәлімдеуінше, қайта тіркеу жоспарға сай жүргізілуде.
Мәселен, өткен жылдарда ел көлемінде 4,4 мың діни бірлестік анықталса, бұл халық саны 18 миллионға толмайтын ел үшін тым артық сияқты. Осынша діни ұйымдардың көптігі «сорымыз ба, әлде бағымыз ба?» деген сауал ойға келеді.
Жоғарыда аталған заңда діни бірлестіктерді тіркеу, қайта ұйымдастыру және тарату тетіктері көрсетілген. Бұл тіркеудің бір жақсы жағы, тіркеуден өткендердің жарғысында бірлестіктің қандай мақсат қоятыны, Конституцияны қаншалықты мойындайтыны жазылады.
Яғни, енді Заңымызға бағынбай, мемлекеттік рәміздерді сыйламайтындар, әсіресе, медицина саласында «қан тапсырмаймыз, вакцина қабылдамаймыз, баламызды мектепке бермейміз» деп байбалам салатындар тіркеу тізіміне ене алмайды. Ең бастысы, егер ертең осы жарғылар орындалмай жатса, олар заң бойынша жойылады немесе жауапқа тартылады.
Өкінішке орай, заң тұрмақ, тұтастай мемлекеттің өзін бұйым көрмейтін қайбір діннің атын жамылған «құдайшылдар» арамыздан табылады. Алайда, оларды әшкерелеу үшін нақты айғақ, біліктілік керек-ақ. «Кейде журналистердің өзі дін мен экстремизмді шатастырып алады. Негізгі, діннің экстремизмге еш қатысы жоқ. Дін -тек мораль, адамгершілік тұрғысындағы ұғым, ал экстремистер діннің терісін жамылып жүрген криминальдық элементтер немесе тағы басқа теріс пиғылды азаматтар. Сондықтан, қазір бізге халық арасында дінге деген дұрыс пікір қалыптастырып, олардың ақ-қараны ажыратуына көмектесуіміз керек.
Б.Бейсенқызы.