Дін – бірліктің рухани тірегі
- Толығырақ
- Жарияланды 26.06.2020 10:51
- Автор: Super User
- Категория: Иман
- Қаралды: 1318
26.06.2020ж
Қазіргі заман әрі уақыт талабы мемлекет, дін, ұлт туралы түсінік-танымдарға жаңаша көзқараспен қарауды талап етуде. Оларға заманауи жаңа талаптар қою, нарық кезеңіне жаһандық үдерістерге сай іс-әрекеттерді күту − бүгінгі күннің елеулі мәселесі.
Қай мемлекет болмасын әрбір елде мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету екені айдан анық. Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, ол -мемлекеттің рухани тірегі.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстан зайырлы мемлекет құра отырып, азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз етіп келеді.
Қазақстанда 18 конфессия өкілдері бейбіт өмір сүріп, елдің саяси тұрақтылығына, экономикасы мен мәдени дамуына жұмыла үлес қосып келеді.
Елімізде жүргізіліп отырған салиқалы саясаттың нәтижесінде Қазақстан күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың киелі мекені екенін паш етті. Сондай-ақ, дін еліміздегі бірліктің рухани тірегі болып, халықтың ынтымағы мен тыныштығы үшін қызмет ететін өзінің негізгі міндетін мінсіз атқарғанының нәтижесінде еліміз осындай биіктерге қол жеткізгені анық.
Бұған қоса қазақ халқының діліне терең бойлаған мұсылманшылық құндылықтар - оның көзқарасы мен рухани ұстанымының негізгі өзегі. Негізі, адамзаттың бір-біріне өшпенділікпен қарау арқылы діттеген мақсаттарына жете алмайтыны айдан анық. Керісінше мейірім, рақымшылық, кешірімшілдік, қарапайымдылық,ұстамдылық, сабырлық секілді т.б. мұсылманшылық құндылықтарды жастар арасында дұрыс жеткізу арқылы қоғамдағы діни келісім мен бірлікті, татулықты одан әрі нығайту бек мүмкін. Мұхаммед пайғамбар да өз өсиетінде адам баласына бір-ақ рет берілетін өмірді рухани құндылықтарды байытуға арнау қажеттігін ескерткен. Алла Елшісі қоштасу құтбасында: «Мен орталарыңнан кеткеннен кейін бұрыңғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-жанжалға қайта оралмаңдар», – деген. Адам баласы адам баласына бұл өмірде қонақ. Сондықтан өзара араздасып емес, сыйласып өткен әлдеқайда қайырлы. Сондықтан, рухани жетілу әркімнің өн бойынан көрініс табуы тиіс.
Діннің адамдарды біріктіру, қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты реттеу, саяси жағдайды тұрақтандыру сияқты әлеуметтік құбылыстардағы орны ерекше. Дін адамгершілік пен рухани құндылықтар арқылы адамдардың ұйысуына негіз болатын біріктірушілік қызмет атқарады. Ендеше, елдегі бірлік пен татулықты сақтау, одан әрі нығайту - ортақ парыз, абыройлы міндет!
Ең бастысы байлығымыз бен бақытымыз болған Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз қажет.
Ж.Қонысбаев,
дінтанушы.