Ихсан ілімі - Оқшаулану
- Толығырақ
- Жарияланды 15.10.2021 08:31
- Автор: Super User
- Категория: Иман
- Қаралды: 1478
15.10.2021ж
Мүміннің рухани кемелденуіне әсер ететін құлшылық түрлерінің бірі – адамдардан оқшауланып, Жаратушысымен жеке өзі ғана қалып, құлшылық етуі.
Бұны ихсан ілімінде «хилует» деп атайды. Хилует - нәпсіні дүниелік істерден тыйып, Алла Тағалаға берілуі және жақындау мақсатында адамдардан белгілі бір мерзімге оқшауланып, оңашада құлшылық етуі. Бұл «иғтикаф» ұғымымен мағыналас келеді. Тек айырмашылығы - иғтикаф мешітте жасалса, оқшаулану мешіттен тыс жерлерде де жасауға рұқсат етіледі.
Тәні сырқаттанған адам емханаға барып, белгілі бір уақыт ем алып келетіндігі сияқты, жан тәрбиесінде де белгілі бір уақыт адамдардан алыстап, Жаратушымен жалғыз қалып, құлшылық жасау - рухани дертімізге ем.
Бұл құлшылық жайында қасиетті Құран Кәрімде және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де келген. Мысалы, «Зәрият» сүресінің, 50- аятында:
«Аллаға қарай жүгіріңдер. Сөзсіз мен Оның тарапынан сендерге ашық ескертушімін (де)», - деп айтылған. Келесі «Саффат» сүресінің 99-аятында Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын): «Расында мен Раббым жаққа кетемін. Ол маған жол көрсетеді»,- деп айтқандағы баяндалған. «Мүззәмміл» сүресінің 8- аятында; «Раббыңның атын есіңе ал да, Оған жан-тәніңмен бет бұр»,- делінген.
Оқшаулану - бұрынғы иләһи діндерден қалған сүннет. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) оған уахи келерден алдын Тұр тауында қырық күн құлшылық жасап, оқшауланған. Ғимранның қызы Мәриямда оқшауланып құлшылық жасағандығы турасында Құранда баян етілген. Жақия пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) үш түн қатарынан иғтикаф жасаған. Пайғамбарымыз Мұхаммед те (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын ) уахи келуден алдын Хира үңгіріне барып, оқшауланған. Пайғамбарлық келгеннен кейін рамазан айының соңғы он күні иғтикаф жасайтын болған.
Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай деген: «Уахи-Алланың Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұйқыда жақсы түс көруден басталады және көрген түсі таң шапағындай анық келетін». Содан кейін оған оңаша қалу ұнамды болып қалады. Отбасын сағынғанға дейін жалғыз өзі Хира үңгірінде үздіксіз бірнеше күн (Аллаға) құлшылық жасайтын. Сол үшін өзімен бірге азық-түлік алып кететін. Сосын Хадишаға келіп, азық-ауқат қамдап алып, тағы да сол құлшылығы үшін Хира үнгірінде оған ақиқат келгенге дейін жалғасатын (имам Бұхари) .
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауатымен сәлемі болсын) былай деген:
«Жеті түрлі адамға Алла Тағала Ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді», делінген. Соның бірі: «Жалғыз қалғанда Алла Тағаланы еске алып, көзіне жас алған адам»,- деп баян етілген (имам Бұхари, Мүслим).
Біздің ата-бабаларымыздың да құлшылықтың бұл түрін атқарғандығы жайында тарихи деректер бар. Қожа Ахмед Яссауи бабамыз қазіргі кесенесінен оңтүстік шығысқа қарай арнайы жер төле мешітін салдырып,өмірінің соңын сол жерде құлшылық етумен өткізген. Халық сол мешітті «Қылует жер асты мешіті»,-деп атаған. Құнанбай бабамыз да қажылық парызын өтеп келген соң «дүние істеріне араласпаймын»,-деп оңаша үй тіктіріп, жалғыз отырып құлшылық жасағандығы тарихтан белгілі.
Ғұламалардың оқшаулануға қатысты пікірлері
Зұнұн Мысри: «Ықыласты жалғыздықтан артық арттыратын затты көрмеді. Себебі адам оқшауланған кезде, қасында Алла Тағаладан өзге ешкімді көрмейді. Алладан өзге ешкімнің қасында болмаған пенденің әрбір қозғалысының өзі Оның ризашылығы үшін болады. Оқшаулануды жақсы көрушінің жүрегі ықылыстың діңгегімен байланып, ол адам шыншылдықтың үлкен рүкінін ұстанған болады»- деген.
Яхия ибн Муаз (Алла оны рақымына алсын): «Оқшаулану үшін сабыр ету ықыластың белгісі», - деген.
Әл-Қасталани (Алла оны рақымына алсын) «Оңашалану –жүректі дүниенің күйбең тіршілігінен бір сәтке дәм алдырады, жүректе Алладан басқаға орын қалмайды, жүректен даналықтың шуақтары төгіліуіне себепші болады. Оңаша қалу дегеніміз- бәрінен, тіпті өзінен де бас тартып тек Алламен ғана болу. Міне, сонда ғана адам баласы Алланың кереметтеріне куә болып, Оны тани алады»,-деген.
Әбу Сулайман әл-Хатаби былай деген: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауатымен сәлемі болсын) оңаша қалудың сүйікті ісіне айналуы түсінікті жағдай. Өйткені оңаша қалған кезде жүрек дүниенің күйбең тіршілігінен бір сәтке болса босайды, ойлануға мүмкіндік пайда болады. Жүректе Аллаға деген құлшыныс арта түседі».
Имам әш - Шафиғи (Алла оны рақымына алсын): «Алла тағала жүрегімді білімге айқара ашсын деген адам ең алдымен көбірек оңаша қалсын. Аз тамақ ішуді, ақымақтармен сұхбаттас болмауды және әдепсіз әрі ынсапсыз ғалымдармен мүлдем араласпауды әдетке айналдырсын»,- деп айтқан.
Имам әл-Ғазали (Алла оны рақымына алсын) былай деген: «Адамдардан оқшауланып оңаша қалу дүниенің күйбең мен күйзелісінен арылтады және есту мен көру қабілетін дұрыс бағытқа өзгертеді. Көз бен құлақ жүрекке апаратын тікелей қақпа. Біздің сезім мүшелеріміз арқылы жүрегімізге түрлі мәліметтер орнығады. Жүректі тек Алланы еске алуға үйрету оған орнығатын бүкіл ақпараттардың сүзгісі қызметін атқарады. Жүрекке дұрыс білім мен ақпарат орныққан кезде ғана ол нұрланып, шуақтана бастайды».
Оқшаулану мерзімі
Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) сүннетіне орай оқшауланудың ең ұзақ уақыты - қырық күн. Пайғамбарымыздың Хира үңгірінде оқшаулануы бір ай болғандығына орай отыз күн оқшаулану кезеңінен тараған. Қасиетті рамазан айында соңғы он күнінде мешітте иғтикаф пен өткізу оңашаланудың ең қысқа мерзімін білдіреді. Оның мерзімі жайында жеті немесе үш күн деп айтатын ғалымдарда бар.
Оқшаулану шарттары
Оқшаулануда иғтикафтың шарттары бар. Айша анамыз (Алла оған ризы болсын) былай деген:
«Иғтикафтағы кісінің сүннеті- науқастың көңілін сұрап бармауы, жаназаға қатысуға шықпауы, әйелін ұстамауы, оған жақындаспауы, зәрулік үшін ғана болмаса басқа қажеттілік үшін шықпауы, сондай-ақ оразасыз иғтикаф болмайды әрі иғтикаф тек жамағат қатысатын мешітте ғана жасалады» (имам Әбу Дәуід, Байһақи).
Оқшаулануды ниет еткен адам құлшылықпен шұғылданатын уақытында отбасы, бала-шағасы қиналып қалмайтындай оларды азық- түлік, басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етуі қажет.
Бұл құлшылықта нәпсі тәрбиесінің негізі саналатын аз сөйлеу, көп зікір ету, аз ұйықтау, аз тамақтану сияқты істер толығымен жүзеге асырылады. Парыз амалдарынан бөлек тасбих және истиғфар дұғаларды, зікірлерді айту сынды т.б нәпіл амалдар атқарылады.
Оңашаланудың рухани тәрбиеге беретін мынандай пайдалары бар:
1. Адам баласы жалғыз болғандықтан орынсыз сөзден, ғайбат айтудан, өсек аяңнан, өтірік сөйлеуден және т.б тіл кесапаттарынан аман болады;
2. Жалғыз болғандықтан көз апатынан сақтанады;
3. Рия дертінен аман болады;
4. Мал-дүниеге деген сүйіспеншілігі азаяды;
5. Жаман адамдардың сұхбатынан алыстайды;
6. Адам бойындағы тақуалығы артады;
7. Құлшылықтың ләззатын сезінетін болады;
8. Адамның жаны мен тәні демалады;
9. Адамдармен араласу барысында пайда болатын көптеген қателіктерден аман болады;
10. Алла Тағаланың ұлылығы, жаратудағы шеберлігі жайында терең ойлап, ол оның ой өрісінің дамуына ықпал етеді.
Уа, Аллам! Өзіңді зікір етуімді, Өзіңе шүкір етуімді әрі Өзіңе көркем түрде құлшылық етуіме жәрдем ете гөр!
Панфилов аудандық
мешіт баспасөзі.