Жат ағымдар жолдан адастырады

15.10.2021ж

Құрметті  жамағат!   Бүгін біздің тақырыбымыз жолдан адастыратын ағымдардың белгілеріне арналады. Қоғамда осы тақырыптарға қатысты көптеген сұрақтар қойылып жатады. Оларды қалай тануға болады? Ерекшеліктері қандай? Сыртынан білуге бола ма? дегендей.

 

                Әрине, қоғам арасында радикалды ағым өкілдеріне тән белгілі көріністер бар. Яғни сыртқы формасына қарап басқа ағым өкілдері ғой деп жатамыз. Бұл көбінесе сақал, балақ, қара киім сияқты белгілерге қатысты. Дегенмен, қазіргі кезде радикалды топтардың арасында әртүрлі түсінікке қарай бөлінетін бірнеше топтар қалыптасқандығын назарға алатын болсақ барлығын аталмыш белгілеріне қарап тануға болады деп айта алмаймыз. Қазақ халқында «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген тамаша қанатты көз бар ғой. Сондықтан, сыртқы көрінісі күмән тудырмағанымен іштей радикалды көзқарас идеологиясын жақтаушылар да бар. Міне сол үшін кез-келген радикалды ағымдарды олардың ұстанымдары, көзқарастары, оқитын кітаптары мен тыңдайтын лидерлеріне қарап таныған анағұрлым сенімді болмақ.

                Ислам дінінің тарихы көптеген жағымды және жағымсыз оқиғаларға куә. Сол жағымсыз оқиғалардың ең бастыларының бірі ислам діні бағытында құрылған діни-саяси ағымдардың пайда болуы десек қателік болмас. Олай болатыны қазіргі әлемдегі мұсылман бейнесіне және ислам елдерінің діни-саяси ахуалына үңілсек аталмыш фактордың қаншалықты маңызды екендігін көреміз. Осы ислам тарихында қалыптасқан түрлі діни-саяси ұстанымдардың бірі сәләфизм бағыты. Бұл бағыттың елімізде де барынша тарап, әртүрлі түсініспеушіліктерге негіз болып жатқандығын да жоққа шығаруға болмайды. Олай болса, сәләфизм бағытының  шынайы діни-саяси негіздерін айқындау, олардың бет-бейнесін білу, дәстүрлі діни ұстанымдағылар мен қарапайым халық үшін өте маңызды. Бұл азаматтардың діни сауатын көтеріп, діни бағытын айқындауда және еліміз үшін теріс көзқарастағы ағымға қарсы күресте өз ықпалын тигізері сөзсіз.

                Құрметті қауым!

                Сәләфизм немесе Уаххабизм түсінігінің қалыптасуында бірнеше діни ерекшеліктер бар. Олар, қалыптасқан сунниттік бағыттағы мектептердің ұстанымдарынан бөлек сенім мен ұстанымға негізделген. Мәселен, Сәләфизм дүниетанымына негіз болған діни көзқарастар мен қайшылықтар Алланың заты, тәухид (Құдайға серік қоспау), күпірлік, жиһад, бидғат (жаңашылдық) сияқты мәселелерді қамтиды.

                Алғаш рет Мысырда Жамаладдин Афгани мен шәкірті Мұхаммед Абдух тарапынан басталған «Исламды құтқару»(тазарту) қозғалысы, кейіннен Сәләфия деген топтың пайда болуына негіз болған. Соған ғасырлас пайда болған Сауд Арабиясында өмір сүрген  Мұхаммед бин Абдулуахаб басқарған Уаххабизм қозғалысы да кейіннен  сәләфизм болып аталған.  Бұл екі ағымның арасында негізінен үлкен айырмашылықтар болмаса да мынадай мәселеде бір-бірінен ерекшеленеді.

                1. Сенімде Уаххабилер Кәламдық мазхабтарды мойындамайды. Суннизмдегі екі үлкен кәләм ғалымы Әбу Мансур әл-Матуриди мен Әбул-Хасан әл-Ашғари Уаххабилердің пікірінше, таза исламдық сенімді кәләмдық дәлелдер қолдану және ақылды нақылдан (аят пен хадистен) жоғары қою арқылы бұзған. Әсіресе мүташабих аяттар мен хадистердің Алланың ұлылығына сай жорамалдауға қатаң қарсы болған Уаххабилер сопылыққа да қарсы шығады.

                Ал Афгани-Абдух бағыты болса сенім саласында кәләм ғалымдарының қолданған методына жалпы қарсы шықпайды; Философия, логика және кәләм сияқты ғылымдарды жоққа шығармайды, мүташабих аяттар мен хадистердің, Алланың жаратылғандарға ұқсастығы пікірі болмауы үшін жорамалдауға қарсы болмайды.

                2. Уаххабилер, фиқһтық мазхаб ретінде Ибн Тәймияға және шәкірті Ибн Қайюмның жолын ұстанады. Басқа мазхабтарды истихсан, истилах сияқты дәлелдерге орын бергені үшін бидғатшылықпен кінәлайды. Афгани-Абдух бағыты болса, жалпылама бір ғана мазхабты ұстануды жоққа шығарып, барлық фиқһ мәзхабтарын біріктіруге тырысады. Осындай аздаған ерекшеліктері бар аталмыш екі бағыт уақыт өте келе бір-біріне жақындап «Сәләфтік» деп аталған.

                Сәләфистердің ең танымал ерекшеліктерінің бірі мүтәшабих аяттар мен хадистердің тікелей мағынасын негізге алу түрінде көрініс табады. Бұл пікір бойынша,  Құранда және хадисте баяндалған «қол, жүз, келу, отыру, түсу, Ғарышқа шегіну, ашулану,  күлу» сияқты сипаттар, жаратылған мақлұқтар жайлы нені білдірсе, Алла жайында да соны білдіреді.  Алайда, Құранда орын алған көптеген аят, Алланың мұндай сипаттарын жаратылғандардың сипаттарына ұқсатудың дұрыс еместігін ортаға қояды.

                «Пайғамбарда (а.с.) сендер үшін тамаша үлгі бар» аяты мен «Менен кейін шыққан нәрселердің барлығы бидғат. Әрбір бидғат адасушылықтан басқа ештеңе емес» деген хадисін негізге алып, тура мағынасында түсінетін қазіргі сәләфилер пайғамбардың айтқандарынан басқаның барлығы бидғат деген жорамал жасап, барлық жаңашылдыққа қарсы шығады. Тіпті дәрет алғаннан кейін орамалға сүртінуді де кейде мәкрүһ санаса, кейде қаттырақ кетіп тиым салады. Аяттар мен хадистерде орамал туралы айтылмағандықтан қолдануға рұқсат етілмейтіндігін айтады.

                Қазіргі кезде бізден мың екі жүз, мың үш жүз жыл бұрын өмір сүрген хадис рауилерінің халін білудің бір ғана жолы бар. Ол осы хадис ғалымдарының осы мәселедегі көзқарастарын қазірге дейін жеткізген кітаптарға жүгіну. Олай болса, біздің қандай да бір хадистің сенімді болуы  болмауын бағалауымыз тек хадис ғалымдарының жеке үкімдеріне сүйенеді, бұл өз кезегінде «тақлид» саналады. Егер қандай да бір ғалымның көзқарасын, дәлелін білмей тұрып қабылдау болып саналатын еліктеу (тақлид) харам болса, бұл харамды сәләфилар да жасап отыр деуге болады.

                Сәләфилердің кейбір топтары діндегі қияс дәлелінің саналмайтындығын алға тартады, өйткені қияс «Алланың дінінде жеке көзқарас бойынша үкім шығару» болып саналған. Мәселен, қиясты жоққа шығарған захири бағытының өкілі Ибн Хазмның, Құран мен сүннетте доңыз етінің харам екендігі айтылған. Бірақ доңыз майының харам болуына қатысты Құранда да хадисте де ешбір үкім жоқ. Сондықтан доңыз майы харам емес деген қорытынды шығарғаны сияқты. Бұл діни қағидаларды тікелей түсінуден туындаған мәселелер. Егер, Құран мен хадистерде айтылған мәселелерді тікелей түсініп, оларды ислам дініндегі қағидалардың жиынтығы шеңберінде қарастырмаған жағдайда діни қателіктерді былай қойғанда сенім мәселесінде де үлкен қателіктерге жол берілетіндігін аңғару қиын емес.

                Құрметті  жамағат!

                Бұл ағымды ұстанушылар бастабында шииттік көзқарасқа қарсы шығып «сунна» бойынша қабірді зиярат ету көзқарасын қалыптастырып, шииттердің мешіттерін қиратып, мешіттерге мұнара салуға, намаздан кейін тасбих қолдануға тиым салған. Барлық нәрсенің исламның алғашқы ғасырындағыдай қарапайым болуын қалап, айналасындағыларға уағыздай бастайды. Қазірде Ибн Таймияның идеологиясының жақтастары мұсылман елдерінде қайтадан көбейе бастап, тек шииттік көзқараспен ғана емес дәстүрлі мазхабты ұстанушыларға да қарсылықтарын көрсете бастады. Тіпті олардың қатарынан басқа террорлық ағымдардың қатарын толықтырып жатқандар да бар деуге негіз бар. Олай болатыны аталмыш ағымның қатарына кірген адамдар діни мәселеде терең көзқарасқа ие болу, білімін жетілдіру, сыни ойлай білу, мұсылман әлемін біртұтас қарастыру    сияқты            талпыныстардан алыс, көбінесе, әсіресе елімізде таралып жатқан пікірлер тек кітапшалар, уағыз бейнебаяндар, ауыздан ауызға сияқты тәсілдермен таралғандықтан жүйелі білім алу үдерісінен алыс.

                Бұл түсініктер өз кезегінде еліміздегі діндарлар мен дін ұстанушылар арасында көзқарас қайшылығын ғана тудырып қоймай, ел арасындағы діни түсінікке, дінге деген көзқарасқа, тіпті исламға күдікпен қарауға иетермелеп отырғандығы аян. Сонымен қатар, діни тұрғыдан жүйелі білім алмаған, тек сыртқы көрінісіне жабысқан жастар арасында әртүрлі радикалды әрекеттерді көріністері арта түседі. Тіпті экстремистік немесе террористік ұйымдардың қатарын толықтырып жатқандар да солар болмақ.

                Құрметті жамағат!

                Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла Тағала сендердің түрлеріне және малдарыңа қарамайды, тек жүректерің мен амалдарыңа қарайды» (Мүслим хадистер жинағы) деп бұйырады. Олай болса имандылық мен тақуалықтың мекені саналатын жүрек тазалығы барлығынан да маңызды екендігін назардан шығармайық!

С.Шәріп,

Панфилов ауданының

 бас имамы.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4859391