Діни сауаттылық-тұрақтылық кепілі

Адамзат қоғамының тарихы  дінмен өте тығыз байланысты екендігі баршаңызға мәлім жағдай. Неге десеңіз қандай халық болмасын оның тұрмысы, шаруашылығы мен тәрбие беру саласы, өмір сүру қағидаттары белгілі бір дінге тікелей қатысты болады. Және сол елдердің әдебиеті, аңыздары мен мифтерінің баян далуы әрқашанда діни әрекеттердің ғажайып әсерлеріне толы, демек, дін – барша қоғамның рухани өмірінің маңызды бөлігі, негізгі тірегі десек қателеспейміз.

 

            Тағы бір тоқтала кететін жағдай діндердің әлемдік- христиан, ислам, буддизм және ұлттық – даосизм, синтоизм, иудаизм т. б. болып бөлінетіндігі. Алайда, біздің отанымыз Қазақстан – дүниедегі мұсылмандар, православтар, католиктер, буддистер т.с.с. көптеген дін өкілдерінің бейбітшілікте, татулықта, конфессияаралық келісімде өмір сүріп жатқан бірден – бір зайырлы мемлекет. Еліміздің жүрегі әсем қала Астанада – Бейбітшілік пен келісім сарайы, исламдық мешіттер, христиандық  храмдар мен синагогалардың күмбездері және де басқа дін өкілдерінің ғибадат үйлері орналасқан.

            Қазіргі таңда елімізде 130 ұлт пен 45 діни конфессияның өкілдері өзара бірлік пен татулықта ғұмыр кешуде. ҚР – ның Конституциясы әр адамға ар – ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді, сондай – ақ конфессиялық, этникалық басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез – келген түріне тыйым салады. Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара түсіністік пен әріптестік қатынастарын дамыту саласы 2011 жылдың 11 қазанындағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР – ның Заңында бекітілген. Сонымен қатар елімізде жаңа діни ағымдар да баршылық, олардың «дәстүрлі емес діни ағымдар» аталу себебі, кейінгі ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басында пайда болғандығы. Бұл діни ағымдардың ілімдері мемлекеттік немесе арнайы этностардың мәдениетімен, тарихымен ешқандай да байланыстылығы жоқ, бірақ арнайы тіркеуден өткен. Сондай – ақ, ҚР аумағындағы діни ахуал жайлы толық, сапалы және шынайы ақпараттар беру, деструктивті, діни экстремистік ағымдардың таралуына тосқауыл қоюмен қатар дін саласындағы мемлекеттік саясатты тұрғындарға ашық түсіндіру жұмыстарын жандандыру баршамызға ортақ іс. Біздің жастарымыз мемлекет игілігі үшін ар – намыс, борышына адал сондай – ақ, әдептілік құндылықтарын бойына сіңіріп өскен тұлға болып өсулері керек. Жас ұрпаққа білім берудегі басты мақсат – тұлға қалыптастырумен қатар, өнерге, спортқа, интеллектуалдық қасиеттерін де барынша дамыту болып табылады. Біздер тек осынау рухани және ұлттық құндылықтарымызды нығайтумен қатар діни сауаттылығымызды дамыта отырып, әрбір жанұя үшін қауіпсіз және бақытты болашақты құра алатынымызға кәміл сенемін.

Қ. Ибрайымжанов,

№6 орта мектептің тарих,

дінтану пәнінің мұғалімі.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

booked.net